Басқа басылымдардан: Қазақстанда Жастар жылы ашылды

0

Kabar.kg: Жаңа буын — Қазақстанның ең орасан жетістігі

Қырғызстанның Kabar.kg жаңалықтар агенттігі бұл жаңалық туралы ақпарат таратты. «Мен көріп отырған қазақстандықтардың жаңа буыны — Қазақстанның ең орасан жетістігі, Мемлекет басшысы ретіндегі менің жұмысымның нәтижесі. Сіздермен кездесіп отырғаным үшін өте бақыттымын. Мен Қазақстанда Жастар жылының басталуымен құттықтаймын» деді Елбасы.

Агенттік Елбасының өз сөзінде жастар — бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторы екенін айтқанын жазған. «Біз әлемнің дамыған елу елінің қатарына ендік. Бірақ, бұл әлі де аз. Қазіргі таңда мемлекеттер арасында ғана емес, адамдар арасында бәсеке қыза түсті. Креативті буыны бар мемлекет жеңімпаз болып шығады. Мен бұл жігерді Сіздерден көріп отырмын» деді Елбасы.

Сондай-ақ агенттік Президенттің бүгінгі таңда өмірдің барлық саласы, білім де, жұмыс та, өзара қарым-қатынас та өзгеріп келе жатыр деген сөзіне тоқталған. Сондықтан «біздің мемлекет уақыт алға тартып отырған тегеуріндерге жауап бере алуы керек» деді Мемлекет басшысы.

Regnum.ru: Жастар — бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторы

Regnum ақпараттық агенттігі «Елбасы Қазақстанда Жастар жылын ашты» деген тақырыппен мақала жариялады. Онда Мемлекет басшысының қазақстандықтардың жаңа буыны — Қазақстанның ең орасан жетістігі екендігіне ерекше тоқталып, Жастар жылының басталуымен құттықтауын келтірген.

«Біздің көз алдымызда жаңа жаһандық өркениет келе жатыр. Цифрлық қоғамның, экономика мен білімнің дәуірі келді. Сол үшін біздің мемлекет уақыт алға тартып отырған тегеуріндерге жауап бере алуы керек», деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ Елбасы өз сөзінде сол себепті жастар — бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторы екенін атап өтті. «Еліміздің болашағы сіздердің білімдеріңіз бен патриоттық сезімдеріңізге тікелей байланысты» деді Н.Назарбаев.

Xinhua: Қазақ Республикасын елдің ресми атауы ретінде ұсынды

Xinhua агенттігі Қазақстан депутаттары Қазақ Республикасын елдің ресми қолдану туралы ұсынғанын хабарлады. Мақалада «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевтың Мәжілістің пленарлық отырысында Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдап, онда Қазақ Республикасы атауын қайта енгізу туралы ұсынысы жазылған. Сонымен қатар депутат тарихи деректерді де келтірген.

«2020 жылы мемлекеттілік тұрғысынан болашақ Тәуелсіз Қазақстанның іргетасына айналған, КСРО құрамындағы Қазақ Республикасының, нақтылап айтамын, Қазақ Республикасының құрылғанына 100 жыл толады. Қазақстан атауымен қатар ресми түрде қолданылуы үшін Қазақ Республикасы атауын қайта енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз» деп мәлімдеді депутат А.Перуашев.

Айта кетейік, мұндай бастаманы 5 жыл бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Мәңгілік Ел» тұжырымдамасын талқылау барысында өзі көтерген болатын.

 

Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/