«Басқа адамдар сотталуда»: Ұлынан айырылған отбасы кінәлілер жазасыз қала ма деп қорқады – Қазақстан жаңалықтары

0
58

Ұлдарынан айырылған отбасы әділдік іздеп шырылдап жүр. Он ай бұрын жаппай төбелесте көз жұмған Данияр Асқарбекұлының соты мамыр айынан бері сағызша созылып, жазалылар бостандықта тайраңдап жүр дейді. Әйтпесе, куәгерлер сөйлеп, судья алдына бүкіл дәлелдер жеткізіліпті.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап хабарлайды.

Адам қолынан қаза тапқан баласы үшін қайғырған отбасының шындық іздеп шырылдап жүргеніне тура он ай болған. Ұлдарын көкала қойдай сабап, пышақтап, азаптап өлтірген нағыз қылмыскерлер әлі бостандықта жүр дейді. Осыған дейін Алатау аудандық сот залында 9 рет отырыс өтсе де, іс бұрмаланып, кінәсіздер жазаға тартылуда деп күйінеді.

«Менің ұлымды өлтірген топ ағайынды тумалас бес ағайынды. Нұрғали Сағымбек, Қайнар Тоққожа, Берікбол, Дидар, Алинұр бірігіп жасаған. Сот алдында жауап беріп жатқандар бөтен адамдар. Әке-шешесі жоқ жетім баланы отырғызыпты. Ринат Мәнсүров екеуі отыр. Аян Асқарбайдың сотталуымен келіспеймін. Ол бұрынғы жауаптарынан бас тартты. Өлтірушілер басқа адамдар екенін айтты», – дейді марқұмның әкесі Асқарбек Дүйсенбек.

Еске сала кетсек, жаппай төбелес осы жылдың қаңтар айында болған. Дәмханада бір-бірімен тіресіп қалған жігіттер ертеңіне текетірес ұйымдастырып, отыз жігіт алты адамға жабылады. Сонда қаскөйлер Данияр Асқарбекұлына екі рет пышақ сұғып, күре тамырын кесіп жібереді.

Алайда сол ұрысты бастағандар мүлдем сотқа қатыспай, сыбайластары заң алдында жауап беруде екен. Куәгерлер қанша атын атап, түсін түстегенімен, судья сөздерін тыңдамайды деп ашынады. Оның үстіне, қылмыстық іс қозғалған баптардың өзі дұрыс емес, дейді адвокаты.

«Өлтіргендерге 106-бапты (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) таққан дұрыс емес, 99-баппен (Кісі өлтіру) айыптауы керек еді. Үшіншіден, өлтірген адамды бостандыққа жіберіп, өлтірмеген адамды түрмеге жабады. Бірақ, өкінішке орай, сот бұл ұсынысымды қабылдамады», – дейді адвокат Шынқуат Байжанов.

Бір жылға жуықтаған сотқа бүкіл сараптамалық құжаттар мен дәлелдер жеткізіліпті. Тіпті, мойнына кінәні алған жігіт те ағайындылардың қорқытқанын айтқан. Бірақ сол ағайынды топтың біреуі де сот залына келмей бостандықта жүр дейді. Енді қайғыдан қан жұтып, ұлының өлімі жауапсыз қалудан қорыққан әулет жоғары соттан көмек сұрайды.

stan.kz