Баспасөз жиынына қарсылар журналистерге шабуылдады

0

Шілденің 22-і күні Алматыдағы қазақстандық адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросындағы баспасөз жиынына қатысуға келген Азаттық пен өзге де бірқатар БАҚ журналистеріне бір топ белгісіз әйел шабуыл жасады.

Ғимарат дәлізінде Азаттықтың түсірілім тобына белгісіз бес әйел тарпа бас салды. Олар Азаттық операторы Тоқмолда Құсайыновқа шабуылдап, оның қолындағы видеокамераны сындырып, аккумуляторын суырып алды. Болған оқиғаны смартфонға түсіріп алмақ болған тілші Нұргүл Тапаеваға қол жұмсады.

Азаттық журналистеріне шабуыл (Алматы, 22 шілде 2019 жыл):

Азаттық журналистері адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросында таңертеңгі сағат 11-де «Мемлекет аналар және балалармен күресіп отыр» деген тақырыпта өтуі тиіс баспасөз жиынына барған болатын. Бұл жиынды ұйымдастырушылар елде тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы (Қазақстан билігі сынаушы, қазір шетелде тұратын қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған) қызметіне қатысы бар деген күдікпен тұтқындалған алматылық көп балалы ана Оксана Шевчук пен жалғызбасты аналар Гүлзипа Жәукерова мен Жазира Демеуованың үстінен қозғалған істердің мән-жайын айтпақшы болған еді.

«Жиын басталуға шамамен жиырма минуттай қалғанда кеңсеге қатулы кейіптегі жиырмаға жуық әйел келді. Олар шу шығарып, баспасөз жиынына келген журналистердің камерасын, ұялы телефондарын тартып алуға әрекет қылды. Жиынға келген өзге де адамдарға шабуыл жасады» деді бюро өкілі Сергей Дуванов.

Оның сөзінше, журналистерге шабуылдаған белгісіз әйелдердің кесірінен алдын ала жоспарланған баспасөз мәслихаты өтпей қалған. Әлгі адамдар бюроға келген журналистердің кейбіреуінің смартфонын тартып алып, кәсіби техникаларын бүлдірген. Зардап шеккендердің арасында ҚазТАГ агенттігі мен жергілікті билікке қарасты «Алматы» телеарнасы өкілдері де бар.

Белгісіз адамдар шабуылдап, сындырып тастаған Азаттық видеокамерасы. Алматы, 22 шілде 2019 жыл.

Белгісіз адамдар шабуылдап, сындырып тастаған Азаттық видеокамерасы. Алматы, 22 шілде 2019 жыл.

Ашулы әйелдер төрт баланың анасы, қазір қамауда отырған Оксана Шевчуктың анасы Екатерина Шевчук пен адвокаты Ғалым Нұрпейісов қатысады деп жоспарланған баспасөз мәслихатының өтпейтіні туралы ұйымдастырушылардың хабарландыру жасауына да мүмкіндік бермей қойды.

Медициналық жедел жәрдем көлігі оқиға орнынан бір адамды — Мұрат Пірмағамбетовті ауруханаға алып кетті. Ол өзін Алматының Қалқаман шағын ауданындағы №7 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізгені туралы кейінірек Азаттық тілшісіне телефон арқылы хабарлады. Пірмағамбетов өзін елдегі саяси оқиғаларды назарда ұстайтын қатардағы азаматпын деп таныстырады. Ол шілденің 22-і күні баспасөз мәслихаты өтетіні туралы хабарландыруды Facebook әлеуметтік желісінен көріп, жиын өтетін жерген келгенін айтады.

«Қолына тоғыз айлық сәбиді (Оксана Шевчуктың кенже баласы) көтеріп ұстаға Екатерина Николаевнаны (Оксана Шевчуктың анасы) бірнеше ашулы әйел қуып келе жатқанын көрдім. Мен оны ұрмақшы болып жүрген әлгі әйелдерден қорғау үшін қолымды созып, кеудемді тостым. Сол сәтті пайдаланып Екатерина Николаевна сытылып үлгерді, ал мені жерге жығып, телефонымды тартып алды да, ұрып-соға бастады» дейді Пірмағамбетов.

Журналистер шабуылға ұшырағаны туралы полицияға телефон шалғанымен, билік өкілдері оқиға болған жерге жарты сағаттан соң ғана жетті. Бұл уақытта шабуыл жасағандар ғимараттан шығып кеткен еді, полицейлер олардың тек біреуін ғана ұстады. Полиция қызметкерлері Азаттық, ҚазТАГ агенттігі тілшілерінің арыз-өтінішін қабылдап алды. Кезекші тергеуші полиция шабуылдың мән-жайын анықтап, бейнебақылау камералары жазбасымен танысады деп уәде етті.

Азаттық тілшілерінің кәсіби қызметіне кедергі келтіру оқиғалары бұған дейін де бірнеше рет болған. 6 шілдеде Нұр-Сұлтанда белгісіз біреу Азаттық тілшілері Өркен Жоямерген мен Ержан Әмірхановқа көзден жас ағызатын газ шашқан. Журналистер биыл наурызда Қазақстан президенті қызметінен кеткенімен, билікте ықпалын сақтап қалған Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен сәйкес келетін Астана күні наразылық білдіріп көшеге шыққан ​азаматтарды полицияның ұстағаны туралы хабар дайындап жүргенде шабуылға тап болған еді.

Оқиға болған жерде жүрген полиция өкілдері Азаттық журналистерінің кәсіби жұмысына жүздерін жасырып, қолшатыр ұстаған белгісіз адамдардың кедергі келтіргені туралы айтқан арыз-өтініштерін елеусіз қалдырған. 16 шілдеде Азаттық полицияның іс-әрекетіне шағым айтып, бас прокуратураға арыз жазды. Әзірге оған жауап келген жоқ.

Azattyq