Баспаналы болам деушілерге мүмкіндік көп
– Елбасының қазан айындағы Жолдауында айтылған жұмыссыздық, баспанамен қамту, әлеуметтік көмек, несие мәселесі қашанда өзекті. Баспанамен қамту үшін «Нұрлы жер», «7 – 20 – 25» мемлекеттік бағдарламалары қабылданды. Алғашқы жарна үшін тұрғын үй сертификаты беріле бастады. Десе де, ипотеканы қолжетімді етудің басқа қандай жолы бар? Себебі, тұрғын үй сертификаттары бюджеттік мекеме қызметкерлеріне ғана беріледі. Басқа салада да баспана алу үшін бастапқы жарна жинай алмай жүргендер көп қой?
– «Үйі жоқтың – күйі жоқ» дегендей, адамның басында баспанасы болмаса, тұрмысының берекесі кірмейді. Әлі күнге дейін әкімдікте баспана алу кезегінде тұрғандар тізімі аз емес, ол жерде берілетін пәтерлер әлеуметтік жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған. Бірақ әлеуметтік бағдарламалар да үздіксіз іске асырылып жатыр. Әрине, Елбасы Жолдауында айтылған халықты баспанамен қамтуға арналған бағдарламаларды тиімді пайдалануымыз керек. Қазіргі таңда тегін баспана жоқ және болмайды да. Себебі, нарық заңдылықтарына қарай бейімделіп, өмір сүруді үйрену – заман талабы. Баспаналы боламын деген азаматтарға елімізде мүмкіндіктер жоқ емес. Мысалы, «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде бірнеше бағыт бар. Соның ішінде мұғалімдерге, дәрігерлерге, жас отбасыларға «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы жүйелі түрде қаржы жинап, жеке баспанаға қол жеткізуге болады. «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша әкімдіктер Елбасы тапсырмасымен бастапқы жарнаның мөлшерін жеңілдету үшін қаржылай көмектесуде. Соңғы жылдары баспананы ұзақ мерзімге жалға алу тетіктері де қарастырылған. Мақтанған емес, басқа елдерде тап біздегідей тұрғын үй сатып алуға арналған бағдарламалар қабылдағандары шамалы, іссапарға барғанда көріп жүрміз. Сондықтан елімізде қандай бағдарламалар бар, қайсысына қатысу ыңғайлы екенін қарап, бар ақпаратқа қол жеткізіп талаптанса алынбайтын қамал жоқ.
2012 жылы Парламенттік тыңдау өткіздік. Сонда бізде «үй алсақ тек жекеменшікке алу керек» деген түсінік қалыптасқанына көз жеткіздік. Ауданы үлкен 2-3 бөлмелі пәтерлерді сатып алуға екінің бірінің қаржысы жетпесі анық. Сондықтан Үкіметке елдің бәрінің бірдей үй сатып ала алмайтынын ескеріп, баспананы жалға беру жолын және шаршы метрін шағындап, үнемдеп, екі-үш бөлмелі пәтерлер салуды ұсындық. Қазіргі кезде осының бәрі қолға алынып, іске асып жатыр. Мәселен, Еуропада халықтың 80 пайызы пәтер жалдап тұрады. Ал жастар мүлдем пәтерді алғысы келмейді, бір жерге тұрақты байланып қалғысы жоқ. Ол да дұрыс. Заманға сай, біздің де жастар солай бейімделе бастады. Елдің бәрін «жүз пайыз баспанамен қамтамасыз етеміз» деп ешкім міндеттеме ала алмайды. Оған мемлекеттің шамасы да жетпейді. Ал жекеменшік үй алатындарға, әрине, мүмкіндік беруіміз керек.
– Қанша мүмкіндік берсек те баспана бағасының қымбаттығы өзекті қалпында қалып отыр. Астана, Алматыда бір шаршы метрі кем дегенде – 180 мың теңге, өзге аймақтарда – 160 мың теңге. Осыдан он жыл бұрын баспана бағасын арзандату үшін құрылыс материалдарын өндіретін 20-ға жуық кәсіпорын салынды. Қажетті материалдардың 80 пайызы өзімізде өндіріледі деген дерек бар. Ендеше, мемлекеттік бағдарлама бойынша салынатын үйлердің бағасы неге қымбат?
– «Құрылыс материалдары өзімізде өндірілсе де, үй бағасы арзандамады» деген мәселеге келер болсақ, ол көп нәрсеге байланысты. Біріншіден, әлі де құрылыс материалдары қымбат. Әрине, құрылыс комбинаттары әр облыста салынды, олардың салынуына кезінде біз де атсалыстық. Бұрын цементке дейін Қытайдан әкелінетін, қазір цемент, кірпіш сияқты бірқатар құрылыс заттары өзімізде өндіріледі. Дегенмен әйнек, есік-терезе, сантехниканың керек-жарағы әлі де шетелден тасымалданатынын ұмытпайық. Сырттан әкелетіндіктен бағасы қымбат. Сондықтан үйдің құны да арзандамайды. Екіншіден, мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қаншама жеңілдік жасалып жатса да, жеке кәсіпкерлер ең бірінші кезекте өз пайдасын ойлайды. Олардың арасында халыққа жанашырлық танытатындары, өкінішке қарай, аз.
– Қазіргі күні 1,5 миллионнан астам адам несиесін уақытында төлей алмайды. Бұл мәселені реттеуші заңның, бірінші кезекте банктерге ыңғайлы етіп жазылғаны жиі талқыланды. Табысы күнкөрісінен артылмайтын халықты тығырықтан шығарудың жолы бар ма?
– Нарық заңы – қатал. Кредит аларда адам шама-шарқына қарауы керек. Он жыл бұрын банктер азаматтардың төлем қабілетіне қарамай жапатармағай несие берді. Қазір де ауылда тұрмыстық техниканы несиеге алады. Ал мен кір жуатын машинаны 2006 жылы Вице-министр болған кезімде ғана сатып алдым, нақты ақшаға. Өйткені несиеге тұрмыстық техника алып, қарызданғым келмеді. Үнемдеп қаржы жинауға дағдылануымыз керек. Жастармен жүздескенде «несие алмаңдар, 2-3 есе көп пайызбен төлейсіңдер» деп үнемі айтамын. Ауылда «қалада үлескерлерге пәтер де беріп жатыр, біздің теледидардың қарызын кешіре салса қайтеді» деген психология қалыптасқан. «Нұр Отанның» қоғамдық қабылдауына «кәсіп ашуға жеңілдетілген несие неге берілмейді?» деп келген азаматпен сөйлестім. Себебі, бұрынғы несиесін уақытында төлемеген. Мемлекет 3 миллион теңге несие берсе, 400 мың теңге қарызымды жаба саламын ғой» дейді. «Бір несиені екінші жаңа несиемен жабамын» деген көзқарас қалыптасты. Ол мүлдем дұрыс емес және ипотека, кредит алған кезде банк берген құжаттарға қол қоярдың алдында бәрін жақсылап оқып алып, түсініп, оны орындау қолыңнан келе ме, жоқ па, мың ойлану қажет. Атам қазақ айтқандай, «судың да сұрауы бар». Сондықтан ертеңгі күнімізге өзіміз жауапты екенімізді естен шығармау керек.
– Сізді әлеуметтік мәселелерді жиі көтеретін депутат ретінде білеміз. Үкіметке жолдаған депутаттық сауалдарыңыздың проблемаларды шешуге ықпал еткені бар ма?
– Біздің депутаттық сауалдарымыздың нәтижесінде, Үкімет сағатынан кейін берген ұсыныстарымыздан соң Үкімет, Ұлттық банк ипотекаға қатысты көп мәселені шешті. Қарызы бар адамдар ең бірінші кезекте банкке тиесілі пайызды емес, негізгі қарызды төлейтін болды. Төлеуді жеңілдеттік. Мемлекет ипотекасын төлей алмаған адамдардың несиесін қайта қаржыландырды. Жалғыз пәтерінен айырылуға шақ тұрғандардың бәріне баспанасы қайтарылды. Бұл жерде ескерер жайт: ипотеканы қайта қаржыландыруға жұмсалған қаржы – сіз бен біздің жұмыс істеп, салық төлеп, жинаған ақшамыз. Сондықтан бұл салық төлеушілердің де наразылығын тудырады. Бүкіл халық ипотекаға пәтер алған азаматтардың қарызын төлеуге міндетті емес. Ұзақ жылға ипотекаға пәтер алар кезде неге ойламаған? Сондықтан бұл мәселеге жан-жақты қарауымыз қажет. Қарақан басының қамын ғана ойламай, ертеңін, болашағын да ойлағаны жөн. Масылдыққа үйреніп кетпегеніміз орынды болар еді. Мемлекет, банк, азамат мынандай жағдайда бәріне бірдей жауапты болуы қажет.
– «Банктер және банктік қызмет туралы» заңда қайтыс болған адамның несиесі болса, «мұрагерлік несие» деп есептеліп, оны бала-шағасы төлеуге міндетті. Несие төлейтін мұрагерге арнайы жеңілдік қарастырылуы керек пе, қалай ойлайсыз?
– Бұл мәселені бөлек қарастыру керек. Оны банктермен келісе отырып шешкен абзал. Алған несиені төлеу – міндет. Бірақ өмірде қиындыққа душар болған мұрагерлер мәселесі жеке қарастырылғаны жөн дер едім.
– «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының мерзімі 2025 жылға дейін ұзартылды. Жыл сайын, кемінде, 30 млрд теңге бөліп, 22 мың жұмыс орнын ашуға тапсырма берілді. Сөйтсек те экономикадағы шағын кәсіпкерліктің үлесі көбейер емес. Бұған не кедергі немесе кәсіпкерлерге не жетіспейді?
– Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге барлық жағдай жасалып жатыр. Десе де, әр кәсіпкер несие алып, кәсіп ашатын болса, мүмкіндігіне қарағаны дұрыс. Жаңа істі бастамас бұрын жан-жақты ізденіп, бар тәжірибемен танысып, жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін қарастыру қажет. Оның бәріне қол жеткізуге бүгін мүмкіндік бар: интернет, кәсіпкерлікке оқыту орталықтары бар. Баяғыша «Жұрт еккен егінді мен де егемін» деген түсінік жарамайды. Кәсіптің көзін таппаған соң, шаруасы құлдырайды. Нарықтың талаптарына сай болғаны өзіне тиімді. Бүгінде алға жылжуға қадам жасамаса, көштің соңында қалып қояды. Жас-кәрі демей, жаңаны оқуға талаптанған дұрыс. Мысалы, жері бола тұра оны игере алмайтындар кәсіпті дамытудың тәсілін білмейді, үйренгісі келмейді. Қара базарда арба айдаса да, қалада жүргенді «мәртебе» санайды. Бірақ ауылға барып, егін егіп, мал баққанға намыстанады. Ауыл шаруашылығы институттарын қаншама түлек бітіреді. Былтыр берілген 20 мың гранттың саны биыл тағы көбейіп жатыр. Бітірген соң ауылға барғысы келмейді. Мамандарды барлық әлеуметтік жағдайын жасап, ауылға апарсаң да тұрақтамайды. Оның бір себебі, тәртіпке бағынып, жұмыс істегісі келмейді.
– Балалар құқын қорғау, бала еңбегін заңсыз пайдалану, құлдықта жүрген балалар мәселесі жиі айтылады. Сіздіңше, бүгінгі қоғамда балаларды кімнен және қалай қорғау керек?
– Қазіргі кезде балаларды жастайынан еңбекке баулу қалып барады. Еңбекке баулу қара жұмыс істету деген сөз емес. Қалада тұратын ата-аналар «Өзім ауылда өскенмін. Енді балам қиналмай қалалық болсын» деп баланы еңбекке тәрбиелемейді. Бір жағынан ата-анаға да, екіншіден, баланың өскен ортасына да байланысты. Көзқарастардың қайшылығы туындаған мәселе түбінде тәрбиеге келіп тіреледі. Кішкентайымыздан еңбек еттік. Еңбектің арқасында шыңдалдық. Сенімді ақтап, ұятқа қалдырмауға тырысатынбыз. Бүгінде кеше жоғары оқу орнын бітірген жас маман 150 мың теңгеге жұмыс істегісі келмей тұрады. Тегін білім алғанда мемлекеттің қаржысына оқыды емес пе? Соның қайтарымы да болу керек қой. Қазір Жапонияны жиі мысалға келтіреді. Балалар мектепке екінші киім алып барады. Мектеп асханасында өздеріне өздері қолғанат. Екі сабақтан соң, ыдыс-аяғын өзі жуады. Бірі сыныптастарының тамағын таратып береді. Енді бірі жуады. Үшіншісі сыныпты тазалайды. Содан соң мектеп формасын киіп, сабағын оқи береді. Қазір біз соны ертегі сияқты айтатын деңгейге жеттік. Біз бала кезде солай өстік. Жапондар үлгіні бізден алып отыр. Бүгінде бұрыннан келе жатқан еңбекке баулудың жүйесін үзіп алдық. «Бала құқығы бұзылды, бала еңбегін пайдаланды» дейтіндер балаға жұмыс істетпейді. Еңбектің қадірін де, құрметін де біле алмай қалдық. Бала өзінің шамасына қарай еңбек етуі тиіс. Еңбек тәрбиесін қайтармасақ, ертеңгі күні жұмыс істейтін адам таппай қаламыз. Үйде ме, шетелде ме, оқимын десе, барлық жағдай бар. Жастардың арасында екі-үш оқу орнын бітіргендер аз емес. Бірақ шеге қағатын адам жоқ. Үй жөндейтін маман жоқтың қасы. Еңбекқорлық қажет. Еңбек тәрбиесіне оралмасақ, ұтыламыз. Шетелге тым қатты еліктеп кеткендіктен көп нәрсемізді жоғалтып алдық. Рухани жаңғырудың түп төркінінде ата-бабамыздың өнегесі жатыр. Еңбектің де түрі көп. Қазіргі жастар барлық нәрсені ұршықша үйіреді. Бәрі қолынан келеді. Бірақ тәлім-тәрбие жағы ақсап жатыр. Соны жолға қою қажет. Ауылда болсын, қалада болсын «Үкімет өлтірмейді» деген түсініктен арылсақ екен.
– Жастармен жиі кездесесіз. Олардың ұсыныс-тілегі қоғамда қаншалықты ескеріліп отыр?
– Мемлекетте кішкентай адам болмайды. Жастарымыз «Менсіз де мәселені шешетін адам бар» деген салғырттықтан арылса деймін. «Мемлекеттің дамуына қандай үлес қосар едім?» деп ойласа, сонда ғана ел дамиды. Ауылды дамыту үшін әр азамат туған жеріне жаны ашып, дамытуы қажет. Ауылдың әлеуметтік тұрмысы, қалада пәтер жалдап жүргендерден тәуір. Жаңалық, жаңа шыққан заңдардан бұқаралық ақпарат құралдары арқылы алыс ауылдар да хабардар. Теледидар көрсетпейтін шалғай аймаққа газет жетеді. Одан қалса, барлық жаңалықты смартфоннан табуға болады. Жас та, кәрі де телефон қолдануды біледі. Талаптанған адам кедергіден қиындықсыз өтеді. Сылтауды қойып, іске кіріссе, алынбайтын қамал жоқ. Бәрі материалдық жағдайын жақсартқысы келеді. Бірақ ол үшін ниет пен әрекет қажет.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Майра ЖАНЫСБАЙ