Баспанаға ақшаны қалай жинау керек – экономистердің кеңесі
Қысқа сілтеме алу
Экономист Бауыржан Ысқақовтың пікірінше, қазақтар жалақысын бірден тойға, я болмаса басқа да пайдасыз шараларға шашып жібереді. Басты кемшілігіміз осы. Соның салдарынан бүгінде әрбір төртінші қазақстандық кредитке тәуелді
НҰР-СҰЛТАН, 23 ақпан – Sputnik. Қазақстанда баспаналы болудың бірнеше жолы бар. Алайда халықтың басым бөлігі көп жағдайда алғашқы жарнаны жинай алмай жатады. Sputnik Қазақстан тілшісі экономистерден ақша жинаудың әдіс-тәсілдері туралы сұрады.
Ақша жинауды үйрену керек
Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, бүгінде халық ипотекаға әбден сеніп алған. Баспана алудың басқа жолы жоқ деп санайды. Содан кредит алады, процент төлейді, біраз шығынға батады. Ал отбасылық бюджетті дұрыс жоспарласа, ол шығындардың біраз бөлігін қысқартуға болады.
«Бізге қаржы сауаттылығы жетіспейді. Ол дегеніміз – отбасылық бюджетті тиімді басқару. Мысалы, дамыған мемлекеттерде мектеп қабырғасынан бастап университетке дейін қаржының кем дегенде 15 процентін пассивті операцияларға салуды үйретеді, яғни 100 мың теңгенің 25 мың теңгесін депозитке немесе басқа да инфлиция жеп қоймайтын операцияларға салу қажет. Соған үйренуіміз керек», — деді Ысқақов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Маманның сөзіне қарағанда, қазақстандықтарда ондай әдет жоқ. Жалақыны бірден жұмсап тастайды. Әсіресе қазақтар ақшаны бірден тойға, я болмаса басқа да пайдасыз шараларға шашып жібереді. Содан баспанаға қажетті алғашқы жарна жиналмайды.
Оқи отырыңыз: «Нені дұрыс жасамай жүрсіз?» Ақша жинаудың қарапайым 15 тәсілі
«Ал ақша жиналмағасын үй алуға келгенде кредитке белшемізден батамыз. Ол отбасылық бюджеттің тұрақсыздығын көрсетеді. Сол себепті бізге ең алдымен қаржы сауаттылығын көтеру қажет. Мейлі, табысымыз 50 мың теңге болсын, соның 8-9 мың теңгесін алып қоюға үйренуіміз керек. Олай істемейміз. Негізгі кемшілігіміз осы. Соның салдарынан бүгінде әрбір төртінші қазақстандық кредитке тәуелді. Олардың әрбір үшіншісі, тіпті екіншісі қарызын қайтара алмай отыр. Соның арғы жағында қаржылық сауатсыздық жатыр», — деп атап көрсетті Ысқақов.
Қосымша қаржы көздерін іздеген дұрыс
Экономист жасырын инфляцияны ұмытпау қажеттігін де жеткізді. Қазақстанда жыл сайынғы жасырын және жасырын емес инфляцияның көлемі 7-8 процентті құрайды. Сондықтан ақшаны инфляциядан қорғайтын операцияларға салған дұрыс. Сонда ақша да жиналады, оның құны да арзандамайды. Мәселен, депозитті теңгемен ғана емес, шетелдік валютамен де ашуға болады.
«Сосын қосымша қаржы көздерін табуды үйренуіміз керек. Бір ғана жалақымен үй алу мүмкін емес. Сол себепті қосымша кәсіп меңгеріп, ақша тапқан дұрыс. Ал жалақыға қосымша ақша түссе, қаржы жинауға деген мүмкіндік те артады», — дейді Ысқақов.
Экономист Мақсат Халық та жалғыз жалақымен баспанаға ақша жинау мүмкін емес деп отыр. Себебі орташа жалақының көлемі әлдеқайда төмен.
«Қазір республика бойынша орташа жалақы 192 000 теңге болды дейді. Осы жылы 200 000 теңгеден асады деген жоспар бар. Бірақ орташа жалақы дегеніміз – біреудікі жоғары, біреудікі төмен, соның бәрін қосты да, адам санына бөле салды. Сөйтіп, орташа жалақыны шығарды. Ол енді нақты көрсеткіш емес. Бұл көбінесе шенділерге керек цифр, қай өңірде орташа жалақы төмен, демек сол өңірмен жұмыс жасау керек деген сөз. Ал халыққа нақты табыстың қанша болғаны маңызды», — деді Халық Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
«Уақыттың қалай өткенін білмей қаласыз»
Мақсат Халық қарапайым халықтың нақты жалақысы инфляция деңгейінен жоғары өссе, баспанаға ақшаны еркін жинауға болады деп санайды. Дегенмен қазірдің өзінде тиімді ұсыныстар бар.
«Енді дәл қазір қарапайым халық үшін баспанаға ақша жинаудың ең тиімді жолы ол – тұрғын үй жинақтары. Оған сәйкес, ақшаны үш жыл жинау керек. Одан кейін қалған 50 процентін ипотекаға алуға мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, «7-20-25″ бағдарламасы бар. Сосын 35 жасқа дейінгі азаматтарды жастар санатына қосып, олар үшін бөлек бағдарлама жасайын деп жатыр. Ол жерде ипотека 25 жылға беріледі, 5 процентпен, алқашқы жарнасы – 10 процент. Бұл бағдарлама Астана, Алматы мен Шымкент сияқты ірі қалаларда қолға алынбақшы», — дейді Халық.
Маманның сөзінше, ақшаны жинауға тырысу керек. Себебі уақыт тез өтеді. Есепшотқа тұрақты түрде ақша салса, алғашқы жарна да жылдам жиналады.
«Бүгін бастасаңыз, үш жылдың қалай өткенін білмей қаласыз. Сондықтан есепшотты бүгін ашып, әр ай сайын сала алмасаңыз да, ақша болып қалғанда салып тұрсаңыз, өзіңізге жақсы. Банк ақшаның жиналып жатқанын көреді. Ал табыс көп түскенде көбірек құюға болады. Сөйтіп, ипотеканы 5 процентпен алуға мүмкіндік туады. Меніңше, бұл – ең тиімді әдіс», — деп түйіндеді Халық.
sputniknews.kz