Баспана талап еткен наразы аналардың алдына үкімет өкілдері шықты

0
33

Нұр-Сұлтанда үкімет үйінің алдында наразылық білдіріп тұрған бір топ көп балалы және жалғызілікті анаға Қазақстан премьер-министрі орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев шықты.

Гүлшара Әбдіхалықова наразыларға «айғай-шумен ешнәрсе шешілмейді, сондықтан [мәселені] жеке-жеке қараймыз, заңсыз ешнәрсе болмайды» деді. Аналардың бірінің «ЭКСПО көрмесіне салынған үйлер қаңырап бос тұр, соны көп балалы аналарға не бермейсіздер?» деген сұрағына премьер-министр орынбасары «ол үйлердің барлығының қожайыны бар» деп жауап берді.

Гүлшара Әбдіхалықова кетіп қалған соң билік өкілдері үкімет үйі алдында тұрған наразы аналарды мәжіліс залына кіруге шақырды. Бұл ұсынысқа жиналғандардың жартысы келіскенімен, тағы бір бөлігі өздеріне премьер-министр Асқар Маминнің шығуын талап етіп тұр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев көп балалы аналар кәсіпкерлер көмегімен жүздеген пәтер алған деп хабарлады.

– «Қазақмыс» компаниясы 120 пәтер беріп жатыр, тағы бір компания 50, енді бір кәсіпкер 10 пәтерден беріп жатыр. Қазірдің өзінде, біздің болжам бойынша, кәсіпкерлер мен кәсіпорындар көмегімен 500-ден аса пәтер берілді. Әлі де бұл мәселе шешім табады, – деді министр Сапарбаев.

Нұр-Сұлтан әкімі Бақыт Сұлтановтың сөзінше, өткен айда ел астанасында 400-ге жуық отбасына пәтер берілген.

– Биыл тағы респбуликалық бюджеттен 600 көп балалы отбасыларға арнап пәтер салу үшін қосымша қаражат беріліп жатыр. Былтыр біз кезек бойынша 188 пәтер ғана берсек, биыл екі мыңдай пәтер берейін деп отырмыз, – деді қала әкімі.

Azattyq