Баспана нарығында баға біртіндеп төмендейді – сарапшы

0

Қазақстан Риэлторлары бірлескен қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко еліміздің қайталама баспана нарығында баға біртіндеп төмендейтінін айтты.

«Биылғы жылжымайтын мүлік нарығын саралайтын болсақ, ай сайын бүкіл ел аумағында 21-22 мың мәлімет жасалады. Бұл ретте вирустың таралуына байланысты әлемдегі ахуал мәмілелерге өз әсерін тигізді. Биыл көктемде елімізде қатаң карантин шараларының енгізілуіне байланысты адамдар шектелген кеңістікте қалуға мәжбүр болды және нысанға барып көру, нотариус арқылы мәміле жасап, оны тіркеу мүмкіндігінен айырылды. Соның салдарынан елімізде мәмілелер саны 5 211-ге дейін қысқарды: мамырдағы бұл көрсеткіш – 17 210 мәміле», – деді Нина Лукьяненко.

Оның атап өтуінше, маусымда баспана сатып алу-сату мәмілесі күрт артып, 32 121-ге жетті. Ал шілдеде 26 688, тамызда 30 172, қыркүйекте 35 359 мәміле жасалды.

«Осы көрсеткіштен мәмілелер саны жылжымайтын мүлік мәмілелерінің орташа айлық стандартты мөлшерінен айтарлықтай жоғарылағанын байқауға болады. Дегенмен, карантин шаралары, қазіргі экономикалық ахуал салдарынан жекелеген әрбір отбасының қаржылық жағдайы жақсара түспегені белгілі. Тіпті халықтың төлем қабілеті төмендегені де сөзсіз. Бұл орайда мәмілелер санының күрт артуы оларды рәсімдеуге мүмкіндік болмаған кезде жинақталып қалған сұраныстың жүзеге асырылуы есебінен қалыптасқанын байқауға болады», – деді ол.

Нина Лукьяненко қазіргі уақытта баспана бағасының күрт өзгеріске ұшырауына ешқандай алғышарт жоқ екендігін айтады.

«Бірақ, қайталама баспанаға қатысты жалпы тенденция таяу жылдардың ішінде баяу төмендеуге бағыт алатын болады. Ал жаңадан салынған үйлердің құны доллар бағасына байланысты алдағы уақытта да өсе береді. Өйткені, құрылыс материалдарының негізгі үлесі шетелден валютаға сатып алынады», –деді Қазақстан Риэлторлары бірлескен қауымдастығы президентінің кеңесшісі.

turkystan.kz