Башар Асад президент қызметінен және Сириядан кетті: Ресейлік СІМ ресми мәлімдеме жасады

0

Ресейдің сыртқы істер министрлігі Сирия президенті Башар Асадтың елден және президенттік қызметінен кеткенін мәлімдеді. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі BBC қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Мәліметтерге сенсек, Башар Асад билікті бейбіт түрде тапсыру туралы нұсқау бергені айтылды.

Ресей СІМ-нің деректеріне сәйкес бұл шешім Асадтың «қарулы қақтығысқа қатысушы бірнеше тараппен келіссөздердер кейін» қабылданған. Мәлімдемеде Ресейдің сириялық оппозицияның барлық тобымен байланыста екені де атап өтілді. Бұл ақпарат Ресейдің сыртқы істер ведомствосының Telegram-каналында жарияланған.

Алайда, мәлімдемеде Сирия президентінің нақты қайда екені көрсетілмеген. Оның қайда екені туралы сенімді деректер жоқ. Кейбір дереккөздер оның ұшағы апатқа ұшырауы мүмкін екенін немесе Асад басқа елден баспана сұраған болуы ықтимал екенін жоққа шығармайды.

Министрлік Сирия президенті Башар Асадтың елден және қызметінен кеткенін, сондай-ақ билікті бейбіт жолмен тапсыруды тапсырғанын мәлімдеді. Ресей өз әскерлерінің Сириядағы базаларында күшейтілген дайындық режимінде екенін, бірақ олардың қауіпсіздігіне мүлдем қауіп төнбейтінін айтты. Мәскеу билікті тапсыру жөніндегі келіссөздерге қатыспағанын мәлімдеді.

Айта кетейік, Ресей Башар Асадтың жақын одақтасы болып келеді. Азаматтық соғыс кезінде дәл Ресейдің әскери қолдауы оның режимін сақтап қалуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар Reuters агенттігі Дамаскідегі президент сарайынан кадрларды жариялады. Сарайда белгісіз адамдар кіріп-шығып, іштегі заттарды алып жатқанын көруге болады.

Дамаск тұрғындары президент Асадтың сарайы мен басқа да мемлекеттік ғимараттардың тоналып жатқанын айтады. Кейбір тұрғындар осы әрекеттерді қала шетінде тұратын адамдардың жасағанын жеткізді.

BBC тілшісі Барбара Плетт-Ашердің сөзінше, Дамасктің Малки ауданында, яғни Асад резиденциясы мен президенттік сарайға жақын жерде тұратындар өз үйлерін қорғауға көшкен.

Тұрғындар кейбір бұзақылардың мәдениет министрлігіне кіріп, ол жерден заттарды алып кетіп жатқанын байқаған. Осы ретте BBC басылымы президент Асадтың резиденциясының тоналғанын ресми растайды.

Сарай маңында жүздеген адам жиналып, сарайға кірген олар Асад режимінің құлауын қуанышпен қарсы алған. Сөйтіп олар кек алу үшін сарайды тонаған. Олар ғимаратқа кіріп, суретке түсіп, қолынан келгенін алып кетіп жатыр.