Бас санитар коронавирусқа қатысты жақсы жаңалықпен бөлісті
Қысқа сілтеме алу
Өткен демалыс күндері Хубэй провинциясында толығымен жазылып шыққан адамдардың саны қайтыс болғандардың санынан асып түсті
НҰР-СҰЛТАН, 3 ақпан– Sputnik. Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин коронавирусқа қатысты жағдайдың түзеліп келе жатқанын жеткізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Соңғы мәліметке сәйкес, әлем бойынша 17 459 адам жаңа коронавирусқа шалдыққан. Басым бөлігі – Қытай азаматтары. Осы уақытқа дейін 362 адам қайтыс болды. Ал толығымен жазылып шыққандардың саны 483 адамға жетті.
«Инфекция әлі күнге таралып жатыр. Өткен демалыс күндері Хубэй провинциясында, соның ішінде індеттің ошағы – Ухань қаласында толығымен жазылып шыққан адамдардың саны өлім көрсеткішінен асып түсті. Осы мәлімет көңілге сенім ұялатады», — деді Бекшин арнайы баспасөз мәслихатында.
Дүниежүзілік денсаулық ұйымының хабарлауынша, Қытай билігі аймақтағы эпидемияны тоқтатса, жағдай жақсарады. Дегенмен әрбір адамның жеке жауапкершілігі де маңызды. Әсіресе, шетелден келгендер өзін жайсыз сезінсе, бірден хабар беруі тиіс.
Оқи отырыңыз: Министр коронавирусқа байланысты қазақстандықтарға үндеу жолдады
«Егер сіз шетелден ұшып келіп, дене қызуының көтерілгенін сезсеңіз, бірден 1406 нөміріне қоңырау шалыңыз. Медициналық мекемелерді аралаудың қажеті жоқ. Себебі ондай пациенттерді қабылдаудың нақты тәртібі бар» ,- деп атап көрсетті Бекшин.
sputniknews.kz