бас санитар дәрігер коронавирусқа қатысты мәлімдеме жасады
Бас санитар дәрігер карантин аяқталғаннан кейін де дезинфекциялық шаралар жалғаса беретінін атап өтті
НҰР-СҰЛТАН, 29 сәуір – Sputnik. Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова COVID-19 вирусына үйрену керектігін жеткізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Қазір маңызды бір нәрсені түсінуіміз керек. Карантинді алып тастаса да, коронавирус ешқайда кетпейді, енді біз онымен бірге өмір сүретін боламыз. Бұл індет маусымдық аурулардың қатарына өтеді», — деді Есмағамбетова бүгінгі онлайн брифингте.
Осы орайда бас санитар дәрігер 2009 жылы шыққан құс тұмауын мысалға келтірді. Ол вирус тамыз айында шыққан. Бүгінде ауада тарап жүреді.
«Коронавирус та солай болады. Сондықтан біз оған үйренуіміз керек. Онымен бірге өмір сүруге үйренуіміз керек. Бұл дегеніміз, әрбір адам күнделікті өмірде сақтану шараларына ден қоюы қажет, ал бизнес нысандары үнемі санитарлық нормаларды орындауы тиіс», — деп атап көрсетті Есмағамбетова.
Оның айтуынша, карантин аяқталғаннан кейін дезинфекциялық шаралар жалғаса береді.
sputniknews.kz