Бас қаланың аты ауысқан күні Назарбаев Бас мешітке келді… Бұл туралы депутаттар не дейді?

0

Кеше Парламент отырысында Конституцияға енгізілетін өзгерістер қабылданды. Біріншісі, Президент мандаты қайта сайлану құқығынсыз 7 жылдық мерзімге шектеледі. Екінші, елорда атауы қайтадан Астана боп өзгереді деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі NEGE.KZ сілтеме жасап.

Сондай-ақ, Конституциялық сот судьяларының өкілеттігі 8 жылға ұзарып, қайта тағайындалу мүмкіндігінен айырылады. Аталған шешімдерді Сенат пен Мәжіліс депутаттарының барлығы қолдап дауыс берген. Бұл өзгерістерге қатысты қоғам пікірі сан-саққа бөлінді. Әсіресе, 3 жыл бұрын ел ордасына экс-президент есімін беруді қолдап, енді қайтадан бұрынғы атын сұрап, Астананы жөнді-жөнсіз өзгерткендеріне наразы.

NEGE тілшісі бүгінгі отырысқа қатысқан Сенат пен Мәжіліс депутаттарын сөзге тартқан еді.

Нұртөре Жүсіп, Сенат депутаты:

Ол кезде мен депутат болған жоқпын

– Парламент бүгін елорданың бұрынғы атауын қайтаруға түгелдей дауыс берді. Ешкім қарсы болған жоқ. Елорда атауын өзгертуге қатысты ел ішінде қолдайтын-қолдамайтын, әр алуан пікірдегі азаматтар табылады. Жұрттың бәрін бір ой, бір пікірде ұстау деген де қисынсыз ғой. Ал ескі атауды ауыстырған кезде мен депутат болған жоқпын. Өзім сөйлеген кезде де, жазған кезде де «Астананы» қолданып жүрдім. Ал «Нұр-Сұлтанға» енді құлағымыз үйреніп келе жатқан.

Жалпы, Астана атауы бренд ретінде әлемге жарнама жасау жағынан да, ономастикалық инфрақұрылымдарды жағынан да тиімді деп санаймын. Халықтың көпшілігі осы кезге дейін «Астана» деп айтып жүргені де рас қой.

Бүгін елорда атауын қайтарудан бөлек, Президенттің өкілеттілік мерзіміне шектеу қойып, тек бір рет сайлану құқығын қалдырдық. Енді елімізде президенттердің жүйелі түрде ауысып тұру процесі қалыптасады. Бұл ұсынылып отырған норма Орталық Азия елдері үшін жаңа тренд, өзгеріс пен жаңашылдықтың бастамасы сияқты. Референдумда қабылданған нормалардың мақсаты да осы саяси жүйенің тиімді тәсілдерін қалыптастырып, сол арқылы Президенттің билігіне шектеу қою болатын.

Сондай-ақ, Парламенттің өкілеттілігі кеңейіп, конституциялық сот институты қайта жасақталатын болды, саяси партияларды тіркеу тәртібі де жеңілдетіліп жатыр. Сот және сайлау жүйесін реформалау сияқты өзгерістердің барлығын президент өзінен бастап отыр.

«Конституциялық ережелер өзгертілмейді» деп жазылды ғой. Сондықтан да бұл қабылданған бір реттік, 7 жылдық мерзім нормасы өзгермеуі тиіс. Оны қаңтардың 1-інен бастап өзінің айрықша өкілеттілігі бойынша жұмыс істейтін конституциялық сот та өз бақылауына алады. Ал оның заң, құқықтық актілерге қайшы келетін кез келген әрекеттерді жоя алатындай құзіреті бар. Жалпы, қай елде болсын конституциялық сот Президент пен Парламенттен артық болады.

Жұлдыз Сүлейменова, Мәжіліс депутаты:

Мен де депутат емес едім…

– Халықтың арасында реформаларды талқылаған кезде «ескі атауды қайтарыңыздар» деген талап-тілектер менің өзіме де, өзге де депутаттарға айтылды. Маған да бірнеше рет «сіздер Нұр-Сұлтан атауын алған кезде бізбен санаспадыңыздар» деген сыңайдағы ішкі наразылығын білдірген адамдар болды. Дегенмен ол кезде мен Мәжіліс депутаты болған жоқпын.

Мен келген кезден бастап қойылған талап сол ескі атауды қайтару болды. Біз сол тілекті орындадық. Бұл дегеніміз – халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасының жүзеге асырылып жатқанының көрінісі.

Егер жаңа Қазақстан, әділетті Қазақстанға қадам басуға бекінсек, онда халықтың көкейінде жүрген талап-тілектері, мұң-мұқтажы осылай ескерілуі керек. Ал Президенттің 7 жылдық бір мерзімге сайлануы – елімізді демократиялық қадамдарға бастайтын жаңаша прогрессивті норма. Ол өзгермейді.

Осылайша билік басына басқа да білімді, білікті, лайықты азаматтардың келуіне мүмкіндік беретін заңнаманы қабылдап жатырмыз. Демек, Президент сайлауалды бағдарламалары мен халыққа берген уәдесін осы мерзім ішінде орындауға тырысып, екінші мәрте сайлануды ойламайтын болады. Негізінде бұл әлемдік тәжірибеде де бар. Мысалы, Мексикада, Израиль, Арменияда және Францияда да қазір осы мәселе талқыланып жатыр.

Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты:

Бұл – бұрын соңды болмаған саяси инновация

– Астана атауына байланысты сол 2019 жылы қабылданған шешімге халық арасында бүгінгі күнге дейін әртүрлі пікірлер айтылып жүрді. Қаңтар оқиғасынан кейін бұл мәселе одан ары көтеріліп бастады. Сондықтан да елорданың бұрынғы атын қайтару халықтың қалауынан туындады. Ал біз оның орындалуына атсалыстық.

Жалпы, бүгінгі қабылданған шешімдер – ел ертеңі үшін өте маңызды шешімдер. Бұл – мынау жасалып жатқан саяси реформаның үлкен жалғасы. Ең бастысы, бұдан былай Қазақстанда «бір Президент – біз мерзім» деген консепция іске асады.

Болашақта, алдағы жиырма жылда біз кемінде жаңа үш президентті көретін боламыз. Бұл Посткеңестік және басқа көптеген мемлекеттер үшін бұрын-соңды болмаған саяси инновация боп саналады. Сол себепті, бұл шешімді өте орынды қабылданған, әсіресе біз сияқты жастар үшін аса маңызды бастама деп есептеймін.

P.S. Депутаттар бас қаланың атын ауыстырған күні экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Астананың Бас мешітіне келіп, тәу етті. Қабағы түнеріңкі көрінді. Экс-президент Құдайдан не тіледі екен, ә?