Бас прокуратура «заңсыз шерулер» жайлы түсініктеме берді

0

12 маусымда Қазақстан бас прокуратурасы тыйым салынған ұйымдар қызметі мен заңсыз акцияларға қатысқаны үшін қолданыстағы заңда жаза қарастырылғанын ескертті.

«Бас прокуратура елімізде заңсыз жария акцияларға жол берілмейтіндігі туралы бірнеше рет ескерткен болатын. Алайда, жекелеген адамдар заңды талаптарға бағынбай, полиция қызметкерлерін арандатып, оларға шабуыл жасады. Жүргіншілердің, әйелдер мен балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірді. Осыған байланысты, құқық қорғау органдары қоғамдық тыныштықты сақтауға және азаматтарды қорғауға бағытталған шаралар қабылдады. Бұл ретте арнайы құралдар қолданылған жоқ» деп мәлімдеді прокуратура.

Ресми ақпаратта «құқық бұзушылардың полицияға жеткізіліп, әкімшілік жауапқа тартылғаны» айтылған. Бұған қоса прокуратура елдің әкімшілік және қылмыстық заңдарында «заңсыз акциялар мен тыйым салынған ұйымдар» қызметіне қатысқандарды жауапқа тартатын баптар барын еске салған.

«Құқық қорғау органдары бұдан әрі де осындай бұзушылықтарға жол бермеу және олардың алдын алу үшін заңда көзделген шараларды қабылдайтын болады» дейді бас прокуратура.

12 маусымда Нұр-Сұлтанда Қазақстанның жаңадан сайланған президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың инаугурациясы өтеді. Ресми мәлімет бойынша, жексенбіде кезектен тыс өткен президент сайлауында «Нұр Отан» партиясының кандидаты әрі Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты дауыс беруге қатысқан азаматтардың 70 пайыздан көбі, яғни 6,5 млн сайлаушы қолдаған.

Сайлау болған 9 маусымда Алматы, Нұр-Сұлтан мен Шымкентте жүздеген адам сайлауға наразылық білдірген. Ресми дерек бойынша, Нұр-Сұлтан мен Алматыда кемінде 5700 адам ұсталған. Олардың арасында наразылық шарасынан ақпарат таратқан журналистер (оның екеуі — Азаттық тілшісі) де бар.

Azattyq