Бас прокуратура Заманбек Нұрқаділовтің ісін қайта қараудан бас тартты

0
41
Фото nege.kz сайтынан алынды

Мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Қайрат Нұрқаділов Бас прокуратураға арыз жазып, әкесіне жасалған қастандыққа қатысты қылмыстық істі қайта қарауды сұраған болатын. Бас прокуратура жауап беріпті. Бұл туралы Қайрат Нұрқаділов nege.kz сайтына берген сұхбатында айтты, деп жазады kznews.kz сайты.

Бұған дейін Заманбек Нұрқаділовтің өліміне қатысты қылмыстық істі қайта қарау үшін прокуратура түскен арызды қарау уақытын 20 сәуірге дейін созған еді.

«Маған ресми түрде «істі қайта қарамаймыз» деген жауап келді. «Суицид жасаған, басқа деуге негіз жоқ» дейді.

Мен олармен кездестім деп айттым ғой. Барлығын түсіндірдім. Бас прокуратурадан келгендерге «істі қайта қараңдаршы, дұрыс шешім қабылдаңдаршы» деп айттым. Олар расымен де істі архивтен алды, қарады. Қарағаннан кейін уақыт керек екен. 7 үлкен томды қарап шығыпты. Соның нәтижесінде: «Іс сол кезде дұрыс тергелген, суицид болған», — деген пікір білдірді Қайрат Нұрқаділов.

«Қылмыстық істің қайта қаралмауына мүдделілер бар ма?» деген журналистің сұрағына «Ол жағын білмедім. Прокуратурада, тергеушілерінің арасында да тәжірибелі мамандар бар ғой. Бірақ істі неге қайта қарағылары келмегені маған жұмбақ» деп жауап берді.

«…Жоғарыда көрсетілген сот сараптамасы мен басқа да дәлелдер суицидке қатысты қорытындымен сай келеді. Кешенді сот психолого-психиатриялық сараптама (№918, 12.01.2006, өлген соң) да осыны көрсетеді. Осыған сай, сол кезеңде З.Нұрқаділовтің жүйке күйзелісінде болғаны суицидке апарған себептердің бірі болуы мүмкін.

Сондай-ақ Сіздің әкеңізді өзіне қол жұмсауға жеткізген деректі анықтау мүмкін емес. Өйткені қылмыстық құрам жоқ болғандықтан 16.11.2006 жылы іс жабылған.

Тергеу органының шешімін бұзуға негіз жоқ. Қылмыстық іс материалдарымен Алматы қалалық прокуратурасынан кез келген уақытта таныса аласыз», — деген жауап келген Қадағалаушы органнан.