Бас прокуратура 6 шілдеде заңсыз митингіге шыққандар «жазаланатынын» ескертті

0

Қазақстан Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев ел тұрғындарын 6 шілдеде митингіге қатыспауға шақырды. Оның үндеуі 4 шілдеде Бас прокуратура сайтында жарияланды.

Дембаевтың сөзінше, «әлеуметтік желілерде 6 шілдеде рұқсат етілмеген митингілерді ұйымдастыруға және қатысуға шақырған арандату жазбалар тарап жатыр».

Ол «бұл үгіт-насхиатты жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға әрі елдегі жағдайды тұрақсыздандыру әрекеті» деді. Дембаевтың сөзінше, 6 шілдеде полиция қандай да бір заңсыз іс-әрекет болса, жолын кеседі.

Бұл үндеу «экстремистік» деп танылып, Қазақстанда қызметіне тыйым салынған ҚДТ (Қазақстан демократиялық таңдауы қозғалысы — ред.) ұйымының жетекшісі, қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовтың әлеуметтік желі арқылы тұрғындарды 6 шілде Астана күні (мереке Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келеді) митингіге шақырып жатқан сәтте жарияланды. Бұған дейін де Әблязов бірнеше рет халықты митингіне шақырған және сол кезде де бас прокуратура осындай мәлімдеме тараитқан.

Соңғы рет Бас прокуратура қазақстандықтарға 9 маусым президент сайлауы қарсаңында митингіге шықпау туралы ескерту жасаған. Бірақ сол күні Алматыда, Нұр-Сұлтанда мыңнан астам адам билікке, сайлауға қарсы жаппай наразылыққа шыққан. Наразы халық сайлаудың әділдігіне күмән келтіріп, Астана атауын Нұр-сұлтан деп өзгертуге қарсы шыққан.

Тәуелсіз бақылаушылардың сайлау кезінде заң бұзылғанын айтқан шағымдарына Қазақстан билігі құлақ аспады. Сайлау нәтижесіне шағым түсірген тәуелсіз бақылаушылардың ондаған арызын Қазақстан соты қанағаттандырмаған.

ІІМ елде 9-12 маусым аралығында 4 мыңнан астам адам ұсталғанын хабарлаған. Адам құқығын қорғау ұйымдары наразылық кезінде полиция көшеде жай жүрген адамдарды да ұстап әкеткенін айтқан. Халықаралық ұйымдар сайлау күнгі полицияның әрекетін заңсыз деп сынады. Қазақстан орталық сайлау комиссиясы халықтың наразылығына қарамастан сайлау нәтижесін заңды деп тауып, 12 маусымда Тоқаев ант етіп, қызметіне кірісті. Халықаралық ұйымдар Қазақстандағы президент сайлауының әділ өткеніне жиі күмән келтіреді. Қазақстан билігі сайлау жайлы сын айтқан халықаралық ұйымдардың мәлімдемесіне ресми түрде жауап бермеген.

Azattyq