Бас прокуратура 16 желтоқсанда митингіге шыққандар «жазаланатынын» ескертті

0

Қазақстан бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев халыққа 16 желтоқсанда митингіге шықпау туралы ескерту жасады.

Дембаев өз мәлімдемесінде «бас прокуратураның түсіндіру жұмысына қарамастан жеке адамдар, соның ішінде шетелде жүргендер әлеуметтік желі арқылы алда келе жатқан мереке күні заңсыз митингіге шақырып жатыр. Бұл адамдар «Бейбіт митинг өткізу» заңын бұзып отыр. Олар заңға сай митинг өткізетіндерін айтып, он күн бұрын жергілікті органдарға өтініш берген жоқ» деп жазылған.

Бас прокуратура «16 желтоқсанда рұқсат етілмеген митингіге шыққандар әкімшілік жазаға тартылатынын, егер қоғамға, адамдардың құқығына, мемлекетке залал келтіріп жатса, қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын» ескерткен.

Қазақстан соты қызметіне тыйым салған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысы 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні жұртты билікке қарсы наразылыққа шақырған.

2018 жылы Қазақстан соты елдің бас прокуратурасының сұрауымен ҚДТ қозғалысын «экстремистік» деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған. 2009 жылдан бері шетелде тұрып жатқан экс-банкир, осы қозғалыстың жетекшісі Мұхтар Әблязов ҚДТ қозғалысын «экстремистік» деп таныған Қазақстан сотының шешімімен келіспейді. 2019 жылы наурызда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығының жағдайына қатысты қабылдаған резолюциясында ҚДТ-ны «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған.

Қазақстанда халық қандай да бір бейбіт шеру, митингіге шығатын болса, жергілікті әкімдіктен алдын ала рұқсат алуы тиіс. Билік рұқсат берілмеген митингінің бәрін «заңсыз» деп тауып, қатысушыларын ұстайды және жауапқа тартады. Халықаралық қауымдастық Қазақстан билігінен «Бейбіт митинг заңын» қайта қарап, халыққа өз ойын еркін айтуға кедергі келтірмеуді талап етіп келеді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев билік «Бейбіт митингіге шығу» заңы қаралатынын бірнеше рет айтқанымен, әзірге өзгеріс жоқ.

Azattyq