Бас онколог қай облыстардың тұрғындары қатерлі ісікке жиі шалдығатынын айтты  

0

Диляра Қайдарованың айтуынша, қатерлі ісіктің ең көп тараған түрі – өкпе обыры. Ол ең алдымен темекі тартудан пайда болады. Алайда көмірдің түтіні де өкпе обырына әкелуі мүмкін

АЛМАТЫ. 4 ақпан – Sputnik. Елімізде Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан облысы және Алматы қаласында онкологиялық ауруға шалдыққандардың саны өзге өңірлермен салыстырғанда әлдеқайда көп. Бұл жайында Алматыда Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күніне орай өткен конференция барысында Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің бас онкологы, ҚазОжРҒЗИ басқарма төрайымы Диляра Қайдарова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

4 ақпан – Дүниежүзілік обырға қарсы күресі күні. Осыған орай Халықаралық обырға қарсы одақтың бастамасымен Қазақстанда #IamAndIWill ұранымен кең ауқымды ақпараттық-ағартушылық акция өтіп жатыр. Акцияның мақсаты – халыққа онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте анықтау туралы мәліметтерді жеткізу, тұрғындардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру, қолжетімді скринингтік тексерулер туралы ақпарат беру.

«Қазір Қазақстанда онкоскринингтің 3 түрінен тегін өтуге болады: 40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер сүт безі обырына, 50 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер колоректалды обырға тексеріле алады. Сондай-ақ, 30 жастан 7 0 жасқа деейінгі әйелдерге арналған жатыр мойны обырына скрининг жасалады. Аталған үш скрининг емханаларда тегін жүргізіледі», — деді бас онколог.

Қайдарованың айтуынша, Қазақстанда онкологиялық ауруға шалдыққандар саны жыл сайын артып келеді. 2019 жылы елімізде 36 345 адам қатерлі ісікке шалдыққан.

Оқи отырыңыз: Қатерлі ісікке шалдықтыратын тағам аталды

«Елімізде онкологиялық аурулардың ерте диагностикасы да жақсарып келеді. 36 345 науқастың 27%-ы 0-1 сатыдағы науқастар. Бұл – халық  бұл аурудан қорықпай, алдын ала тексеруден өтуге келеді деген сөз.  Ал диспансерлік онкологиялық есепте 186 мыңнан аса адам тұр. Ал өткен жылы тіркелгендер саны – 181 мың. Жыл сайын науқастардың саны да, 5 жыл және одан да көп өмірін ұзартқан науқастардың саны да артуда. Орта есеппен әрбір екінші науқас ауруға шалдыққанына қарамастан, ем алу арқылы 5 жылдан аса өмір сүреді», — деді Д. Қайдарова.

Қазақстанда қатерлі ісіктің ең көп тараған түрі – өкпе обыры. Бас онкологтың айтуынша, аурдың кең таралуына тұрғындардың газбен қамтылмай, қыста от жағуының да әсері бар. Өкпе обыры ең алдымен темекі тартудан пайда болады. Алайда темекі тартпайтын әйелдердің бұл аурға шалдығуы экологиялық жағдайға да байланысты. Көмір жағу арқылы шыққан түтін де өкпе обырына әкелуі мүмкін.

«Өкінішке қарай, әлемде ең көп таралған өкпе обыры. Елімізде өкпе обырына шалдыққандар науқастардың арасында ең көп көз жұмады. Екінші орында  асқазан обыры, үшінші орында сүт безі обыры тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысымен өкпе обырына скрининг жүргізіле бастады. Павлодар, Қостанай, Өскемен қалаларында өкпе обыры көп таралғандықтан сол жақтың тұрғындарына тексеру жүргізіп жатырмыз», — деді онколог.

Елімізде өтіп жатқан акциядан өнер адамдары да тыс қалмады. Олар институт пациенттеріне арнап арнайы іс-шара ұйымдастырды. Ішінде әнші Меруерт Түсіпбаева да бар.



sputniknews.kz