Бас мүфти түрмеде жұмыс істейтін имамдарға тұрақты жалақы тағайындауды ұсынды
Қысқа сілтеме алу
Серікбай қажы Ораз имамдардың еңбегін бағалап, оларды әлеуметтік қолдауды күшейту қажеттігін атап өтті
НҰР-СҰЛТАН, 6 қазан – Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз түзету мекемелеріндегі имамдарға тұрақты жалақы тағайындауды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бас мүфти ҚМДБ деструктивті ағымдағы азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін атап өтті. Оның айтуынша, имамдар жүргізген жұмыстардың арқасында елімізде жыл сайын 500-ден астам азамат деструктивті ағымнан бас тартып, дәстүрлі дінге қайта оралады.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда имамдар қанша жалақы алатыны белгілі болды
«Оңалту жұмыстарына қатысты тағы бір тәсіл – тарихпен тәрбиелеу. Тарих дегеніміз – адамзаттың қоғамдық жады, өзін-өзін тануы, өткен өмірдің санада жаңғыруы. Ғұламалар «Адам рухын оятқың келсе, оның тарихын оят» дейді. Діни басқарма «Дін және тарихи тағылым» игі бастамасын одан ары жандандырып, жамағатты тарихтан алар сабақтармен сусындатып, салт пен тарихи санаға, әдет пен ғұрыпқа шекеден қарап, теріс көзқарасқа алданған діни ағымдар үшін арнайы жобаны қолға алды», — деді ол Қазақстан дінтанушыларының ХІ форумында.
Ондағы мақсат – тарихи әрі киелі жерлерге сапарлар ұйымдастырып, тарихи сананы жаңғырту. ҚМДБ төрағасы бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін бірнеше жобаны ұсынды.
«Біріншіден, «Тарих және діни сана» жобасын бірлесіп жүзеге асыруды ұсынамын. Тарихи нысандар мен орындарға жасалатын жоспарлы сапар жамағаттың танымын, көкжиегін кеңейтіп, интеллектуалдық деңгейін арттырады. Бұл ретте шет елдердің де тәжірибесін алуға болады», — деді бас мүфти.
Сондай-ақ ол түрмеде жұмыс істейтін имамдардың еңбегін бағалап, оларға тұрақты жалақы тағайындау қажеттігін айтты.
«Екіншіден, қоғамның ағартушы тобына жататын имамдардың тынымсыз қызметін ескеріп, оларға да әлеуметтік тұрғыдан қолдау жасалса деген ұсынысымыз бар. Әсіресе, еліміздегі 100-ге жуық түзеу мекемесінде жұмыс істейтін дін қызметкерлеріне тұрақты жалақы тағайындалса дейміз. Бұл дін қызметкеріне көрсетілген құрмет пен әділ баға болар еді», — деді Серікбай қажы Ораз.
Сонымен қатар бас мүфти қоғамдағы ақсақалдар институты жұмысын жандандыру керектігін айтты.
«Біз қарияның сөзіне қарсы шықпаған халықпыз. Бұл санаға сіңген салтымыз. «Қой» дейтін қожа бола білген қаншама қарияларымыз жат ағымға кеткен жастарға насихатын айтып, тәрбиесін түзеп келеді. Осы бағытта облыстық мешіт жанындағы Ақсақалдар алқасы мен аудан, ауылдардағы билер кеңесі үлкен құрал бола алады деп ойлаймын», — деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы.
sputniknews.kz