Бас мүфти Қадір түнінде мешіттер жабық болатынын ескертті  

0

Мешіттер кешкі 20.00-ге дейін ашық болады. Сондықтан Қазақстан мұсылмандары қасиетті Қадір түнін үйде қарсы алады

НҰР-СҰЛТАН, 15 мамыр – Sputnik. Коронавирустың таралуына байланысты биыл қазақстандықтар Қадір түнін үйде қарсы алады. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Биыл Қадір түні мамыр айының 19-нан 20-на қараған түнге түсіп тұр.

«Бұл түнді үйде қарсы алу қажеттігін баса айтқым келеді. Мешіттер тек күндізгі уақытта таңғы сағат 07.00-ден кешкі 20.00-ге дейін ашық болады», — деді бас мүфти онлайн брифингте.

Наурызбай қажы Тағанұлы мешіттер түнде жабық болатынын ескертті.

Бұған дейін бас мүфти мешітке келетін жамағатқа қандай талаптар қойылатынын айтқан еді.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар карантин кезінде қалай ораза ұстап жүргенін айтып берді 

Адамдар маска және қолғап киюге міндетті. Сонымен қатар, оларға мешітте он бес минут ғана кіруге рұқсат етіледі.

Жамағат таңғы сағат жетіден кешкі сегізге дейін мешітке келіп, пітір садақа бере алады.



sputniknews.kz