Барымызды бағалай алмай отырған өзіміз

0

Мемлекет және қоғам қайраткері, педагог-ғалым Шәмшә Беркімбаева Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына өз жылы лебізін білдірді.

«Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын оқи отырып, әлі күнге дейін ұлттық құндылықтарымызды бағалай алмай жүргенімізге тағы көз жеткізіп отырмын. Айдың-күннің аманында, рухани, мәдени байлығымызды басқалардан тамашалап отырғанымыз елдігімізге жараса ма? Бұған кінәні ұлттық құндылығымызды ұлықтап отырған өзге елден емес, барымызды бағалай алмаған өзімізден іздегеніміз жөн секілді», — деп сөз қозғады.

Осыған қоса Шәмшә Беркімбаева халқымыз ұлттық құндылығымызды одан әрі жаңа заманға сай дамытып, әлемге таныту қажеттігін алға тартты.

«Елбасының мақаласында айтылған жылқы, алма тақырыптары бәрі-бәрі өзіміздің төл құндылықтарымыз. Мысалы, Моңғолияда жылқыға арналған мұражай бар. Бізде неге сондай ғимарат ашпасқа?! Жылқы біздікі дейміз, алайда қырғыздар көкпар біздікі дейді, ал неміс қымыз біздікі дейді. Ұлттық құндылықтардың бастауы – отбасы. Қазақтың ұлттық дәстүрлері келешек ұрпақ үшін рухани азық болып қалу керек. Тағы бір айтарым, театрларымыз шет ел классиктерімен көптеп әуестеніп кеткен сыңайлы. Әрине, классиканың аты – классика, одан үйренеріміз де, үлгі етеріміз де аз болмаса керек. Алайда, ұлт театрының ең басты міндеті – өз халқына тек шетел шығармаларын жарнамалау емес қой?! Қайта өзіміздің ұлттық драматургиямызды, операмызды  дамытып, соны шет елге көбірек шығаруға талпыныс жасауымыз керек. Мәселен, Абай атындағы опера және балет театрының репертуарында бірде-бір отандық қойылымның жоқтығын байқадым. «Күй салтанаты» деген сарай салып, күйшілер мұражайын дүниеге келтірсек деген ұсыныс білдірер едім», — деп аяқтады спикер.

«Қамшы» сілтейді