Барымташылар неге басынады?

0

Тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді

Мал шаруашылығы негізгі күнкөріс көздерінің бірі бол­ған­дықтан, қолындағы азын-аулақ қарасынан айырылу – ауыл­дағы ағайынға оңайға тиіп жат­қан жоқ. Мал ұрлығы қатар­дағы отбасыларды күнкөріс көзі­нен айырумен қатар, елде кәсіп­керліктің дамуына, тіпті мал ­ша­руашылығын дамытуға бағыт­талған мемлекеттік сая­сатты жүр­гізуге кәдімгідей кедергі кел­тіріп отыр.

Күні кеше Қауіпсіздік Ке­ңе­сінің отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жергілікті атқарушы органдар тарапынан тарифтерді төмендету үшін бөлінген субсидиялардың тиімсіз пайдаланылғаны анық­талғандығына байланысты: «Мұның екі түрлі себебі бар: Пре­зидент Жолдауына саналы түрде қарсы болу немесе жа­уап­сыздық пен өз рөлін түсінбеу салдарынан болатын салақтық. Мен екі себепті де қылмыс деп санаймын», деген болатын. 

Міне, мал ұрлығының да осы қылмыстардан еш кемі жоқ. Елбасы жыл сайынғы Жол­дауында халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән беретіні белгілі. Ал мына жағдай сол тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін фактордың бірі.  

Мәселен, Ақтөбе облы­сын­дағы «Әсем-наз» шаруа қожа­лығының төрағасы Қуаныш Әсімбетов 2015 жылы 500 бас, 2018 жылы 206 бас, барлығы 706 жылқысынан айырылып, осын­­ша жылқы әлі күнге дейін та­былмаған. Жоғал­ған малдан бүгінге дейін дерек те жоқ, жаза­ланған адам да жоқ. Мал иесі бұл оқиғаға қатысты құқық қор­­ғау саласының барлық тар­мағы­на шағымданғанын, алайда құзы­ретті органдар әрекетсіздік танытып отырғанын айтады.

Қазір мал иелері ұрылардың қияна­тынан, озбырлығынан шар­шаған­дық­тан қолдарына түс­кен баукеспелерді өз бет­те­рін­ше жазалауға кіріскен. Мұн­дай әрекеттер түсірілген бей­не­ма­териалдар интернетте же­тіп артылады. Мемлекет үшін ең қорқыныштысы да, қауіп­тісі де осы көріністер болуы тиіс. Ең жаманы, мал иеле­рі­нің күдіктілерді өз бетінше жаза­лаған заңсыз әрекеттерін қолдау­шылар көптеп табылады. Осы орайда құқық қорғаушылардан үмітін үзген мұн­дай адамдарды жұбатар сөз табу қиын.

Бұл жерде ішкі істер орган­дары қол қусырып отыр деуге болмас. Алайда, Бас проку­ра­ту­раның деректерін жоғарыда айттық. Жә­бірленушілерге келген зиян 3,5 миллиард теңгені құрайды және жартысы ғана қайтарылған(!).

Кешірім жасау да – негізгі себеп

Мал меншік болғандықтан, заңмен қорғалуы тиіс. Меншік құқығы – заңмен қорғалатын мүд­де. Алайда, елімізде жалпы қыл­мыстардың ішінде ұрлықтың үлесі көп жылдардан бері алпыс пайыздан төмендеген емес. Мұндай қылмыстардың ашылу көрсеткіші де мардымсыз екенін жоғарыда айтып өттік. 

Қолданыстағы заңдар бойынша мал ұрлығының 90 пайызы орта санаттағы қылмыстардың қатарына жатады. Соның салдарынан кінәлілер татуласу проце­дуралары арқылы жазадан сытылып кетіп жүр. Статистика бо­йын­ша ұрлық­қа қатысты іс­тердің 25 пайызы татула­су бо­йынша қысқартылуда. Істердің тек 14 па­йызы ғана сотқа жолданып отыр. Міне, ақ адал малы үшін күйініп, шы­рылдаған мал иелерінің «тиісті органдар ұрылармен сыбайлас» деп бебеу қағуына осындай босаңдықтар да себеп.  

Ұрылар тиісті жазасын алмай, осылай сытылып кете берсе, шаруаны ба­сынбағанда қайтсін?! Мұның соңы ауыр қылмыстарға ұласатыны күнделікті тір­шілікте көрініс табуда. Мұндай жағдай тек полиция мен сот органдарына ғана емес, тұтас мемлекетке сенімсіздік қалып­тас­тырады. 

Бұл арада жауапкершіліктің бір ұшы мал иелерінің өзіне де қатысты еке­нін айта кету керек. Қазір кез келген ауыл­дың сыртында қараусыз жүрген мал аз емес. Бақташыға ақша қимайтын сараң­дық, салғырттық, жалқаулық оңай олжа іздегендердің қолайына жағып тұр. Ұр­ланған малдың 60 пайызы жайылымдардан қолды болған. Тіпті бағусыз ма­лының жоғалғанын  бір-екі ай­дан соң біліп, полицияны әу­ре-сарсаңға салатындар да аз емес. Сонымен қатар жергілікті атқа­рушы органдар тарапынан да бақташылықты ұйымдастыруға, малды тізімге алып, сырға са­луға, құжаттандыруға қатысты сал­ғырттықтар да бар көрінеді. Ең бастысы, ұрланған малды кәдеге жаратуға мүмкіндік бар. Ұрылар ветеринарлық анықтама алудың көзін тапқан немесе олармен сыйбайлас болуы да мүмкін деседі. Ал ұрланған малды сатып алушыларға қатысты қолда­нылатын қылмыстық кодекстегі баптар тура­лы көпшілік хабарсыз. 

Елде мұнай мен басқа да ши­кізаттар ұрлығына қатысты жаза ауыр. Бірақ қора­сындағы бес-алты бас түлігімен отбасын­ асырап, бала-шағасын киін­діріп, оқы­тып-тоқытып отырған ауылдағы ағайын үшін сол малының құны қара алтыннан да жоғары.

Татуласу демекші, Сенат Төр­аға­сының орынбасары Бектас Бекназаров барлық құқық қорғау­шылардың қаперінде болуы тиіс мәселені айтты. 

– Ауылдың адамдары, әкім­дік­тер ұрлықты кәсіп қыл­ғандарды жақсы біледі. Бірақ олар неге жауапсыз? Неге шара қолданбайды? Ұрлықты кәсіп қылған адамды кешіре берудің дұрыстығын кім айтты? Біз қазір татуласу дегенге көндігіп алдық. Сол жәбірленушілер ұрылармен өз еріктерімен татуласып жатыр ма? Оларға қысым көрсетеді, арызыңды қайтып алмасаң үй-жайыңды өртеп кетемін деп қорқытады. Сондықтан қайта­ланған қылмыстарға жаза қатаң болуы тиіс, – дейді Б.Бекназаров. 

Малдың нақты есебі жоқ

Осы мәселеге байланысты жуырда Сенат депутаттарына түсінік берген Ішкі істер министрінің орынбасары Жанат Сүлейменовтің деректеріне қарағанда, 2015 жылдан бері мал ұрлығы екі есеге аза­йыпты. Арнайы ұйымдастырылған іс-шаралар нәтижесінде 600-дей ауыр, 7 мыңдай орташа ауыр дәрежелі қылмыстың беті ашыл­ған. 1 мыңдай қылмыстық топ ұсталып, 9 мыңдай адам жа­уапқа тартылған.  Өткен жы­лы мал ұрлығының алдын алу мақсатында 2018-2020 жылдарға арналған арнайы бағдарлама қабылданған. Соның нәтижесінде, биылғы тоғыз айда орта дәрежелі мал ұрлығы қылмысы 17,8 пайызға төмендеген. 

Ж.Сүлейменов мал ұрлығы­ның себептеріне қатысты өз тұжырымдарын айтты. Оның дәйектеріне қарағанда, елдегі малдың нақты саны жоқ – статистика органдары мен ауыл- шаруашылығы басқармаларының деректері сәйкес келе бермейді. Өйткені ашылған қылмыстар есепке алынбаған малдың көп екендігін көрсеткен. Ал арнайы чипі, ені, таңбасы, сырғасы, бір сөзбен айтқанда төлқұжаты жоқ малды иесі танып тұрса да, заттай айғаққа жатқызылмайды. Сонымен қатар далада қараусыз жүрген мал адам өліміне де себепкер болуда. Мәселен, 28 қа­зан күні Алматы – Талдықорған тас жолында жеңіл автокөлік жолдың ортасында тұрған бір топ жылқыға соқтығысқан. Осы жол апатының салдарынан көліктегі екі адам қаза тапты. Ал мал иелері табылмаған. Қа­зір полицияның өзі мал иесі мен ұрылардың татуласуынан зәбір көріп отырғанға ұқсайды. Өйткені қайталанған қылмыс көп. Мәселен, биыл мал ұрлығына қатысты ұсталғандардың 40 па­йызы бұрын осындай әрекеттері үшін істі болғандар екен.  

Ел болып күресетін мәселе

Прокурорлар жазаны қа­таңдату да тығырықтан шы­ға­тын жол емес деген пікірде. Өйткені есірткі сақтап, тасы­малдағаны үшін өмір бойы бас бос­тандығынан айыруға дейінгі жаза тағайындалғанымен, елде мұндай қылмыс азаймаған.

Енді көршілерге қарап кө­рейік. Қырғыз елінің қыл­мыс­­тық кодексінде мал ұрлығы бас­қа ұрлықтардан бөлек, же­ке баппен қарастырылады екен. Өзбекстанда қайталанған қыл­мыс үшін сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Алыстағы Ар­гентинада малды айдап кетсең – 6 жылға дейін, көлікпен әкетсең 8 жылға дейінгі мерзімге түрмеге қамаласың. 

Өз халқымыздың барымта­шыларға қолданған жазасы туралы білікті заңгер-ғалым,  заң ғылымдарының докторы, профессор Исидор Борчашвили бы­­лай дейді: «Дәс­түрлі қазақ құ­­қығында мал ұрлығына қа­тысты айыппұлдардан бастап өлім жазасына дейінгі шара қолданылған. 1824 жылы Тәуке ханның Жарғысы бойынша 1 жылқының құны 3 тоғыз немесе 27 жылқы болып белгіленген. Ал 1921 жыл­ғы 10 қарашадағы Қазақ орталық атқару комитетінің декреті бойынша мал ұр­лығы халық шаруашылығына қауіп ретінде қаралған. Декретте мал ұрлығына қаты­сы бар тұл­ғалар­дың барлығына өлім жаза­сы қарастырылған. Оған қоса ірі қара ұрлағандардың ісін әскери трибунал қараған». 

Құқық қорғау органдары өкілдерінің айтуынша, ұры-қары жалғыз-жарым әрекет етпейді, кез келген өңірде жең ұшынан жалғасқан ірілі-ұсақты топтар бар. Ол мынадай тізбектен тұрады: ұры – ауылдағы сыбайлас – жалған анықтама беруші – сатып алушы – базар­дағы сатушы. Қазір дабыл қағып, қи­қулатып осы тізбектің бір бөлігін үзге­німізбен, ертегідегі  жеті бас­ты аждаһадай ол құрылымның қал­пына келуіне көп уақыт қажет емес. Сондықтан құрғақ есеп пен жә­бірленушіні жұ­бату үшін тек ұрыны ұстау жет­кіліксіз. Мұндай кеселді тү­бірімен жұлғанда ғана көңіл орнына түседі.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз