Бармаған жеріміз жоқ: Киіктерді қорғап қаза болған қорықшының жақындары істің дұрыс тергелмей жатқанына наразы — Қазақстан жаңалықтары
[ad_1]
Киіктерді қорғап жүріп құрбан болған қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің өлімі дұрыс тергелмей жатыр. Мұндай мәлімдемені марқұмның отбасының сенімді өкілі жасады. Туыстарының шындық іздеп бармаған жер, баспаған тауы қалмаған.
Оның сөзінше, іске қатысы болуы мүмкін деген біраз күдіктіден куәгер ретінде жауап алынып, кейін босатып жіберген. Ал, бұл мәселені жіті бақылауыма аламын деген министр, елімізде кез-келген істі тергеуге погондылар жетіспейді деп ақталды. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Соңғы кездері басы даудан арылмаған ведомствоның тізгінін ұстаған Ерлан Тұрғымбаев жұмысына білек сыбана кіріскен секілді. Бұл жәй ғана сәйкестік пе белгісіз, тұп-тура қызметке отырғанына бір ай толған күнді азаматтардың тілек-арызын тыңдауға арнады. Бас полицейдің қабылдауына кіргісі келгендердің қатары қалың. Соның бірі — киіктерді қорғау жолында мерт болған Ерлан Нұрғалиевтің туыстары. Олар қылмыстық істің жан-жақты зерделенбей жатқанына наразы.
«Шын мәнінде оқиға орнына жедел тергеу тобы бір тәулікке кешігіп келген. Не үшін? Неге күдіктілер қамауға алынбаған? Қазір қылмысқа қатысы бар адамдар өздеріне тиесілі бар мүлікті туыстарының атына аударып әлек. Біз ақиқатты іздеп бармаған жеріміз жоқ. Алайда, әлі күнге дейін шындық ашылмай отыр», — деді марқұмның отбасының сенімді өкілі Ғалымжан Тәуекелов.
Ақиқат іздеген марқұмның туыстары істі облыстан орталық аппаратқа берілгенін қалайды. Ал, еліміздің бас полицейі ол жерде бүкіл елге бар-жоғы 17 маман бар екенін алға тартты. Сонда да істі толыққанды зерттеу үшін арнайы 2 тергеуші алдыруға уәде берді.
Естеріңізге сала кетейін, ақбөкендерді қорғаумен айналысатын «Охотзоопром» мекемесінің қорықшысы Ерлан Нұрғалиев биыл 13 қаңтар күні браконьерлердің қолынан қаза тапқан болатын.Көп ұзамай полицейлер күдіктілерді Қызылордада ұстады. Бұл оқиға лезде қоғамның қызу пікірталасын туғызған болатын.
Министрге қойылған сауалдардың бірі — ойынқұмарлық жайлы болды. Барлық казино біткенді елді-мекендерден алыстатқанымен компьютер, букмекерлік кеңсеге әуестердің қатары артып барады. Қоғамдық ұйым өкілдерінің мәліметінше, күніне некесін бұзатын 5 жұптың, екеуі осы ойынға әуестік әсерінен ажырасады екен.
«Мені толғандыратыны ойынқұмар жандардың тағдыры. Менің ұлым да осы бәлеге жолықты. Өзімді мықты әйелмен деп санайтынмын. Бірақ, әлім келмеді. Барлық дүние-мүлкімді құмар ойынға сатып бітті. Автоматтар, компьютер бұл қоғамның дерті. Онымен бірге күресуіміз қажет. Осы мәселемен бүгін министрдің алдына келіп отырмын», — деді республикалық әйелдер кеңесінің төраймы Ханзада Балтаева.
«Аттаған жеріңде тұратын ойын автоматтарының ішінде қаншама еңбекпен тапқан ақша жатыр. Соның кесірінен көптеген отбасы ажырасуда. Осы кеселмен құқық қорғау органдары шара қолдану қажет. Ойынқұмарлықты тамырымен жою қажет», — дейді тұрғын Ботагөз Шынықұлова.
Халықтың полицейлердің жұмысына көңілдері аса толмайтыны осы кездесуде де анық байқалды. Ал министр болса, салада оңтайландыру жұмсытары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Осылайша, сайдың тасындай іріктелгендрі ғана қатарда қалмақ. Ал қысқартылғандардың ақшасы есебінен басқаларының жалақысы көтерілмек. Мәселен, патрульдік полицияның айлығы 65%-ға өсетін көрінеді.
«Бүгінгі мәселе бойынша өздеріңіз көрдіңіздер, ІІМ алғашқы халықты қабылдауы, 36 адам келіп жазылды. Біздің жалпы бағытымыз, полиция ашық болу керек. Полиция халыққа жақын болуы керек. Полиция осылай халықты қабылдап, бұдан кейін де біз бірнеше алаңқай дайындап жатырмыз», — дейді ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз.
Халыққа ашық, тілшілермен дос боламын деп ағынан жарылған Ерлан Тұрғымбаевқа бүгін тек қана Астана қаласынан емес еліміздің түкпір-түкпірінен 40-қа жуық сұрақ келіп түсті. Соның барлығын мұқият тыңдаған ол, проблеманы түсініп, шешуге тырысамын деп уәде берді.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
stan.kz