«Барлық журналисті ұстау мүмкін емес»
Өткен жексенбі күні Қазақстанда кезектен тыс өткен президент сайлауы кезінде жүздеген адам Алматы мен Нұр-Cұлтанда наразылық шарасына шыққан. Полиция жиналғандарды күшпен таратып, ресми мәлімет бойынша, 500-ге жуық азаматты ұстаған. Қамалғандардың ішінде Азаттық пен басқа да БАҚ өкілдері болған. Орталық сайлау комиссиясының дерегіне сәйкес, сайлауда «Нұр Отан» партиясы ұсынған кандидат әрі елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 70,96 пайыз дауыс жинап, жеңіске жеткен. Маусымның 10-ы күні сайлау қорытындысымен келіспеген азаматтар тағы наразылық танытып, бұл шара кезінде де полиция жиналғандарды жаппай ұстаған.
Франциялық AFP (Agence France-Presse) агенттігінің тілшісі Крис Риклтон Азаттыққа өзі байқаған «екі түрлі Қазақстан» туралы әңгімеледі.
Азаттық: Маусымның 9-ы күні басқа журналистермен бірге Алматы қаласындағы Астана алаңында жұмыс істедіңіз. Алаңда қандай оқиғаларға куә болдыңыз?
Крис Риклтон: Маусымның 9-ы күні сайлау учаскелерін аралаймын деген жоспарым болған. Бірақ Астана алаңында митинг басталған соң, сол жаққа бардым. Оқиға орнына келсем, полиция халықты жаппай ұстап жатыр екен. Ондаған адамды автобусқа салып жатқанын көрдім. 20-30 минуттың ішінде полиция көз алдымда 100-ден астам адамды ұстап әкетті. Журналистер қауіпсіздігі сақталған жоқ. Vlast.kz пен Азаттық тілшілері кәсіби міндеттерін атқарып жүргенде ұсталды. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстандағы жағдай күн өткен сайын ушығып барады. Сайлау күнгі оқиғалардан хабар таратқан журналист ретінде байқағаным, наразылық акциясына жиналғандар өздерін бейбіт ұстады. Олардың тарапынан деструктивті әрекеттер байқамадым.
Азаттық: Сағат 14.00 шамасында сіз Twitter парақшаңызға өзіңізді полиция бөлімшесіне алып кеткені туралы жаздыңыз. Полиция қолына қалай түскеніңізді айтып беріңізші?
Крис Риклтон: Наразылық кезінде полиция жағдайды бақылай алмай қалған сәт болды. Ұсталғандар қаша бастады. Автобустан босап шығып, қашуға ұмтылған бір азаматты полиция күштеп көлікке қайта отырғызуға тырысты. Осының бәрін видеоға түсіріп жүрдік. Сол кезде жасы 50 шамасындағы ерлі-зайыптылардың ұсталғанын, әйел адамның халі нашарлап, жерде отырғанын көрдім. Дереу жанына барып, сұхбат алуға тырыстым. Осы кезде жүгіріп жеткен полиция қызметкері мені ұстап алып кетті. Бірден журналист екенімді айтып, аккредитациямды көрсеттім. Олар аккредитациялық құжатымды тартып алды. Полицияға қарсыласып, босауға тырысқанымда, мені ұстаған офицердің тізесіне құлап, көзімнің астын көгертіп алдым. Ешкім ұрып-соқпады. Бірақ полиция өзін өте дөрекі ұстады.
Мені Түрксіб аудандық полиция бөлімшесіне жеткізді. Twitter-ге ұсталғаным жөнінде ақпарат жариялап, [Қазақстанның] сыртқы істер министрлігіндегі танысыма хабарластым. Көп ұзамай сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мәселені шешіп, мені босатып алды.
Азаттық: Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев «Полиция Крис Риклтонды неге ұстады?» деген тілші сұрағына «Журналистің үстінде оның кәсіби қызметін айқындайтын белгілер болмаған» деп жауап берді. Сіз бұған не дейсіз?
Крис Риклтон: «Пресса» деген жазуы бар кеудеше кимегенім рас. Өйткені таңертең үйден шығарда сайлау учаскелерін аралаймын деп ойладым. Бірақ ұсталған кезде полицияға аккредитациялық құжатымды көрсеттім. Онда сыртқы істер министрлігінің рұқсаты бар. Полицияның қандай да бір күмәні болса, тиісті органға хабарласып, анықтауы керек еді. Бірақ менің ойымша, олардың бұған уақыты болмады.
Азаттық: Сайлау күні наразылық шарасынан ақпарат таратқан журналистердің кәсіби құқықтары қайтіп бұзылды? Олардың жұмысына қандай кедергі жасалды?
Крис Риклтон: Кез келген үкімет журналистер қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ешкімнің өміріне қауіп төнбеуін қадағалау керек. Бұл шетелдік журналиске де, жергілікті журналиске де қатысты. Менің ойымша, полиция журналистер оқиға орнынан ақпарат таратпауы үшін оларды ұстап, бірнеше сағаттан кейін қайта босатады. Шынымды айтсам, бейбіт жиындар кезінде журналистерді неге ұстайтынын түсінбеймін. Өйткені биліктің бұл әрекетінде логика жоқ. Барлық журналисті ұстау мүмкін емес. Саяси режим осыны түсінуі керек. Бір журналисті бөлімшеге алып кеткенімен, суретке түсіріп, видео жариялайтын келесі бір тілші шығады. Бәрібір наразылық туралы ақпарат желіге түседі. Бұдан қашып құтыла алмайсың. Интернетті бұғаттау да – журналист жұмысына кедергі жасап, оның кәсіби құқығын бұзу. Мәселен, кеше Алматыда азаматтарды ұстау шарасы жүргенде, интернет істемей тұрды. Ал 21-ғасырда журналист жұмысын интернетсіз елестету мүмкін емес.
Азаттық: Соңғы кезде Қазақстандағы оқиғалар әлемдік қауымдастық назарына жиі ілініп жүр. Шетелдік БАҚ жарнамасына қыруар қаржы бөлінген EXPO тақырыбына қарағанда Қазақстанда мамыр айында өткен наразылықтарды көбірек жазды. Бұл Қазақстанның имиджіне қалай әсер етеді деп ойлайсыз?
Крис Риклтон: Қазақстандағы митингілер EXPO көрмесіне қарағанда әлем назарын көбірек аударғанымен келісемін. Қазір шетелдік журналист ретінде мен білетін екі Қазақстан бар. Сыртқы істер министрлігі әлемге таныстыратын бірінші Қазақстан – ешкіммен соғыспайтын, бейбіт бастамаларды қолдап, әлем елдері арасында диалог орнатуға талпынатын мемлекет. Ал екінші Қазақстанда ұлттық қауіпсіздік қызметі, ішкі істер министрлігі сияқты күш құрылымдары азаматтардың мүддесін қорғамайды. Бұл – тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл постсоветтік елдерде кездесетін ортақ мәселе. Сондықтан аталған мемлекеттер күш құрылымдарын реформалау керек.
Шетелдік БАҚ-қа Қазақстандағы наразылық шараларын бақылау қызық. Өйткені әдетте халықты жиналып үлгермей жатып, ұстап әкетеді. Яғни, оларды «наразылық білдіріп үлгермеген наразылар» деп атауға болады. Тек мамырдың 1-і және 9-ында болған наразылық кезінде полиция жиналғандарға біраз уақыт пікірін айтып, ұрандатуға мүмкіндік берді. Басқа елдерде де наразылық кезінде азаматтарды ұстау шарасы жүреді. Мәселен, жақында Францияда болған наразылық кезінде полиция осындай әрекетке барды. Бірақ ол кезде наразылық шарасына мыңдаған адам қатысты. Халық көп жиналған жерде қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мәселесі туатыны белгілі. Ал Қазақстанда ақ плакат ұстаған жалғыз адамды көшеден ұстап әкетіп, бұл әрекетті қоғамдық қауіпсіздікпен байланыстыру қызық көрінеді. Сондықтан да Оралдағы ақ плакат ұстаған белсенді туралы жаңалық шетелдік БАҚ-тың негізгі жаңалықтарының біріне айналды. Қазақстан өзін әлемге «EXPO өткізетін ел, диалог құрушы мемлекет» ретінде таныстырғысы келсе, онда жергілікті полиция ақ плакатпен көшеге шыққан адамды ұстамауы керек. Мемлекет мұндай материалдар «Нұр-Cұлтанда Сирия келіссөздері өтеді» деген жаңалыққа қарағанда көбірек оқылатынын түсінуі керек. Ал бұл – мүлде басқа имидж.
Азаттық: Соңғы оқиғалардан Қазақстанда барлық наразылықтың тұтқындаумен аяқталатынын көріп отырмыз. «Нұр-Cұлтанда ұсталғандарды апаратын бос орын табылмай, оларды көрші қалаларға әкетіп жатыр» деген ақпарат тарады. ІІМ ұсынған ресми деректің өзі сайлау күні Қазақстанда 500-ге жуық адамның ұсталғанын көрсетті. Мұндай жазалау шараларын қолдану мемлекетке қаншалықты тиімді?
Крис Риклтон: Менің ойымша, мұндай шаралар мемлекетке жақсы әсер етпейді. Билік қоғаммен диалог орнатпағандықтан осындай жазалау шараларына жүгінуге мәжбүр. Өйткені адамдарды ұстамаса, наразылық өршіп, оның ауқымы кеңейеді деп қауіптенеді. Менің ойымша, қазір Қазақстандағы жағдайдың екі түрлі даму сценариі бар. Оның біріншісіне сәйкес, билік режимді сақтау үшін азаматтарды қорқытып-үркітуді жалғастыра береді. Бірақ қазір бұл қорқыныштың күн өткен сайын жойылып бара жатқанын көріп отырмыз. Екінші сценарий бойынша, билік халықпен қарым-қатынасында бірқатар жеңілдіктерге баруы керек. Қазақстан бүгін-ертең демократиялық мемлекет болып кетпейтіні түсінікті. Бірақ билік үшін халықтың тағдырына немқұрайлы қарамайтынын көрсетудің жолы көп. Мәселен, шенеуніктер наразылардың алдына шығып, олардың талабын ашық талқыласа болады. Наразылар туралы айтқанда, ұсталғандардың арасында наразылық шарасына қатысы жоқ азаматтардың да бар екенін ұмытпаған жөн. Сол маңнан велосипедпен өтіп бара жатқаны үшін полиция ұстаған азаматтың мысалы осыны айқын көрсетеді. Полиция осындай әрекеті арқылы өзін халыққа жау етіп көрсетіп отыр. Ал бұл – өте қауіпті.