Барлық әлеуметтік міндеттеме уақытылы орындалады

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

3 0 0

Премьер-министрдің орынбасары әлеуметтік тұрақтылық пен ұлт денсаулығы мәселелері ел президентінің тұрақты бақылауында екенін хабарлады

НҰР-СҰЛТАН, 16 наурыз — Sputnik. Бүгінгі таңда жұмыс орындарын сақтау және қызметкерлерге еңбекақыны уақытылы төлеу өте маңызды. Бұл туралы еліміздің батыс өңірлерінде жұмыс сапарымен жүрген премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты.

Жұмыс сапары барысында Ералы Тоғжанов бес өңірде облыс әкімдері мен мұнай-газ секторы өкілдерінің қатысуымен мұнай және мұнай газ саласындағы қызмет көрсету компанияларының проблемалық мәселелері бойынша бірқатар кездесу өткізді, деп жазды primeminister.kz.

Кездесулерде әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың Қазақстан экономикасына әсері, сондай-ақ әлеуметтік-еңбек күн тәртібінің өзекті мәселелері талқыланды.

«Әлемдегі экономикалық жағдайды қиындататын ең үлкен мәселе – мұнай бағасының төмендеуі. Сонымен қатар, коронавирус  індеті экономикаға кері әсерін тигізді. ОПЕК+ мүшелерінің келіспеушілігі мұнай бағасының 30% төмендеуіне әкелді. Болашақта экономикалық дамудың сценарийі және бюджет параметрлерінің есебі мұнайдың бір баррелі  20-40 доллар деңгейінде есептелуі мүмкін», – деді Ералы Тоғжанов.

Сонымен бірге, премьер-министрдің орынбасары жиналысқа қатысушыларды әлеуметтік тұрақтылық пен ұлт денсаулығы мәселелері ел президентінің тұрақты бақылауында екенін және үкімет қазірдің өзінде қажетті шараларды қабылдап жатқанын айтты.

«Біріншіден, барлық әлеуметтік міндеттеме уақытылы орындалады. Екіншіден, еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және жұмыссыздықтың күрт өсуіне жол бермеу үшін елді мекендерді жөндеу және абаттандыру бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін арнайы жол картасы жасалып жатыр. Бұл ретте жұмыстан босатылатын жұмысшылар мен жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруға ерекше көңіл бөлінеді», – деп атап өтті ол.

Ералы Тоғжанов жергілікті билік органдары мен жұмыс берушілерді әр аймақта әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету шараларын күшейтуге шақырды.

«Өздеріңіз білесіздер, мұнай-газ саласы – ел экономикасының негізгі қозғаушы күші. Халықтың әл-ауқаты үшін ең бастысы – жұмыспен қамту. Сондықтан бүгінгі таңда жұмыс орындарын сақтау және қызметкерлерге еңбекақыны уақытылы төлеу өте маңызды», – деп түйіндеді Ералы Тоғжанов.



sputniknews.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз