Барлығы қол ұстасып, жоғалған баланы іздеген: Қапшағайдағы видео желідегілердің жүрегін елжіретті

0

Қапшағай су қоймасында жоғалып кеткен баланы іздеу кезінде түсірілген видео қазақстандықтарды елең еткізді, деп хабарлайды Kznews.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, 26 маусым күні 8 жасар бала су қоймасының жағасында жоғалып кеткен.  Жағалауда демалып жатқан адамдар баланы іздеп, суды кешіп өткен.

Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, кейінірек бала Қапшағай су қоймасының жағалауынан аман-есен табылған.

«Құтқарушылар осылайша қоғамдық құтқарушыларға оқу жаттығуларын өткізді. Олар әкімдік тарапынан Қонаев қалалық жағажайында жұмыс істеуге жұмысқа алынады. Бұл іздеу әдісін қоғамдық құтқарушылар демалушылармен бірге құтқарушылар келгенге дейін баланы іздестіру жұмыстарын жүргізу кезінде қолданады», — деп хабарлады ТЖД.

«Қарасаң көзің қуанады», «Қандай тату, қайырымды халықпыз», «Бала жағажайдан аман табылды», «Жарайсыңдар жігіттер, жүректі елжіретіп жібердіңдер», — деп жазды желі қолданушылары.

Еске салайық, Қапшағай су қоймасында бір отбасының 4 адамы суға батып кеткені белгілі болды. Қайғылы оқиға Көк шығанақ аймағында, суға түсу үшін жабдықталмаған жерде болған.  Қаза тапқандар арасында 1990 жылы туған әйел, 1992 жылы туылған ер адам және екі бала бар.