«Бәріне Борат кінәлі»: Алтынсыз Токио олимпиадасы туралы мамандар не дейді?
Сонымен әлем халқы көз тіккен Токио олимпиадасы да аяқталды. Өкініштісі сол, Тәуелсіз қазақ елі атынан үкілеп апарған 97 спортшымыздың ешқайсысы да жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Әнұранымыздың ойнатылып, Көк туымыздың желбіреу бақыты бұйырмады. Бар болғаны сегіз қола медальды қанағат тұтты. Осылайша, Токио жарыстары ел есінде Алаш баласын алтынсыз қалдырған алғашқы олимпиада ретінде қалып отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
Расын айту керек, Токио олимпиадасында спортшыларымыздың қоладан өзге медаль ала алмауы жұрт арасында үлкен дүрбелең тудырып, ұятты жағдай ретінде бағаланып жатыр. Әсіресе, үлкен үміт күткен боксшылардың орта жолдан баудай түсіп, жарыстан шығып қалуын жұрт кешіре алар емес. Өйткені, Қазақстан 1996 жылдан бері қатысқан олимпиада ойындарында бокстан алтынсыз қайтқан емес. «Жартылай финалға тек екі спортшы шықты. Бұл – өте ұят. Тарихымыздағы ең нашар көрсеткіш. Бұл отандық спортқа түбегейлі өзгеріс керек екенін көрсетіп отыр», — дейді сарапшылар.
Өзгеріс демекші, кеше Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та Токио олимпиадасына көңілі толмайтынын, Ұлттық құраманың бұл көрсеткіші Қазақстанның спорттағы әлеуетіне және мемлекет тарапынан спортты дамытуға бөлініп отырған мол қаражатқа сәйкес келмейтінін атап өтті. «Ұлттық құрамның Олимпиададағы көрсеткіші спорт секілді аса маңызды салада шұғыл әрі тиімді реформалар жүргізу қажет екенін көрсетті. Бұқаралық және балалар спортын дамытуға көңіл бөліп, сол арқылы әлемдік аренада үлкен табыстарға қол жеткізуге ұмтылу қажет», — деді Президент.
Сол секілді көптеген сарапшылар еліміздегі спорт федерациясының басшылығында спорттан еш хабары жоқ шенеуніктердің отырғанын әрі осы салаға қыруар қаржы бөлінгенімен, бапкерлер мен атлеттерге мардымсыз жалақы төленетінін айтып жатыр. Осының салдарынан тәжірибелі жаттықтырушылар үлкен спорттан коммерциялық ұйымдарға ауысып, я болмаса шете елге кетіп жатыр. «Жағдай осылай жалғаса берсе, Қазақстанда чемпион қалмауы мүмкін», — дейді сарапшылар.
Ұлттық спортты олигархтар билеп отыр
Қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан Ұлттық спортты олигархаттың қолынан қайтарып алып, нағыз кәсіби, отаншыл спортшылар мен бапкерлерге беру керек екенін айтады. Оның ойынша, спорт саласымен — Олимпиада ойындары өмірінің мәніне айналған адамдар айналысуы тиіс. Ұлттық спортты олигархаттың қолынан қайтарып алып, нағыз кәсіби, отаншыл спортшылар мен бапкерлерге беру керек!
«Мен өзімізді көршілерімізбен салыстырмаймын. Қырғыз, өзбек, түркімен бауырларымыз үшін шын қуаныштымын. Өйткені, олар әділ жеңді. Ал біз ойсырай ұтылдық. Біз өз-өзімізді салыстыруымыз керек. Рас, біз әлемнің ең үздік деген отыздығына 3-4 алтын жүлдемен сенімді түрде еніп жүрген едік. Ал бұл жолы 97 спортшының тек сегізі ғана медальға қол жеткізді. Сөйтіп, мүмкін болған 93 орыннан 83-ші орынды алдық. Бұл ұлттық деңгейдегі қорлау. Асырып не кемітіп айтқандық емес…
Бұрын КСРО құрамында 10 спортшы болса, соның алтауы Қазақстаннан еді. Біз Қазақстан-Куба болып, жекелеген жарыстар өткізетін едік. Ал енді қазір, бапкерлер Қазақстаннан кетіп, өзге елдер үшін Олимпиада чемпиондарын даярлап жатыр. Бұл нағыз масқара!», — деп атап өткен ол өзінің facebook парақшасында.
Жігіттер әбден шаршаған
Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері Тұрсынғали Еділов жаттықтырушылар құрамына дұрыс көңіл бөлінбей отырғанын айтады:
«Жаттықтырушылар құрамы. Жоспарды құратын солар ғой. Бас бапкер стратег болуы керек, кімнің қай жерде өнер көрсетуін, қай жерге бармау керегін, қай кезде іріктеуді қоя тұру керек, осыны шешуі керек. Жеке жаттықтырушылар шәкірттері не істеу керегін сезінуі керек – әрбір іріктеуді, жаттығуды талқылап, айтуы керек. …Қалай десек те, егер шаршап тұрсаң ештеңе істей алмайсың, жылдамдығың, ойлау жылдамдығың және тактикаң жоғалады», — дейді ол.
Қазақ боксы кризиске ұшырап отыр
«Қазақстанда бокс осы олимпиадада кризиске ұшырады. Оған басты бір себеп – дүниежүзіне келген пандемия. Біздің жігіттеріміз жарыстарға дер кезінде шыға алмай, үйінде қамауда болды. Соның бәрі оларға кері әсерін тигізді. Қазір мен бәріне кәсіби көзқараспен қарап отырмын. Боксшы Сәкен Бибосынов шыққан кезде біраз қателіктер жіберіп жатты. Сол қателігінің кесірінен шешуі кезеңдерде 3:2 есебімен британиядық боксшыдан жеңілді», – дейді Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов.
Спорттағы қаржы әділ бөлінбейді
Спорт шолушысы Айдос Рымқұлдың айтуынша, Токио олимпиадасындағы нәтиже Қазақстан спортында «ұзақ жылдар бойы жүргізілген жүйесіз саясаттың кесірі.
«Қазақстанда басымдық бокс, күрес, ауыр атлетикаға берілді. Осы үш спорт сәтсіздікке ұшырап еді, бүкіл олимпиадада алтынсыз қалды. Бізде жүзу, жеңіл атлетика, командалық спорт түрі дамымаған. Жүзуде бір ғана спортшының 5-6 алтын алуға мүмкіндігі бар. Күрес, бокс, ауыр атлетикаға көп қаржы керек емес. Сондықтан басшылар тез-тез нәтиже береді деп, осы спорт түрлеріне ақша құяды. Жүзу, жеңіл атлетика, гимнастика сынды медаль көп сарапқа салынатын спорт түрлеріне қажырлы еңбек керек. Аймақта спортты басқаратын басшылар қызметте уақытша отырады. Ешқайсының келесі жылы қайда отыратыны белгісіз. Бәрі бұл қызметте трамплин сияқты отырады. Содан кейін дамуға жүйелі түрде көңіл бөлмейді», — дейді ол.
Спортқа «дұғада болайық» дейтіндер кіргелі, спортшылар рухсыз болып қалды
Белгілі заңгер Айгүл Орынбек спорт саласын діни фанатизм жаулап алғанын айтады.
Оның айтуынша, спорт жайлы мұрнына исі бармайтын адамдар, спорт саласын басқарып отыр.
«Ауыл аймақта намысты жастар жоқ емес, бар. Олардың дарынын, намысын оятып жетелейтін чемпиондар мен бапкерлерді басшылық қызметке алып келмейді. Себебі әкімдерге спортты дамытатын емес, спорттан пайда көретін адамдар ыңғайлы!», — дейді ол.
Заңгер сонымен қатар спортқа «дұғада болайық» дейтіндер кіргелі, спортшылар рухсыз болып қалғанын айтады.
Сақалдары салаңдап, дамбалдары далаңдап дұғада жүретіндердің арқасында медалсіз қалдық. Кезінде спортты сәләфизм жәйламай тұрып, ұлттық рух, намыс қандарында қайнап тұрғанда спортшыларымыз жүлдемен оралған еді.
«Қаңғып жүрген өзбектер» деп көршілерді менсінбейтін едік, сақалдыларды түбімен жойып, намысшылдық пен отансүйгіштіктің арқасында Олимпиада ойындарында алтындар алып, бізден озып отыр. Бұрын мұндай болған емес!», деп атап өткен ол апкерлерді спорт саласындағы шындықты жасармай айтып, әбден торлап алған жемқорлықпен күресуге шақырған.
«Бапкерлер, спортшылар айтсаңдаршы бар шындықты, қашанғы тығылып отырасыңдар?
Бұл елдің дамығаны тек белсенділерге керек пе?
Келіп бізге мұңдарыңды төгесіңдер, өздерің қашаңғы тығылып отырасыңдар?
Спорттағы сыбайластықты, жемқорлықты шындықты айтатын уақыт келді!
Балалардың тамағына, витаминіне, жарыстарына, жолдарына бөлінетін ақшаны бастықтар өздері жейді, сендер оны ата-аналардың өздеріне жүк қылып артатындарыңды;
Сәләфи ағымына яғни, “жамағатқа кірмегенсің, ортаға зекет бермегенсің”, деп шеттетілендеріңді; Шәкіртеріңмен қоса мұсылман емессіңдер , Алланың сүйген құлдары ғана олимпиадаға бару керек, олар ғана мадаққа лайық дейтіндерді;
Спорт федерация басшыларының туысқаны, руласы, яғни басшылардың артын жаламағандарың үшін чемпионат, жарыстарға бармай қалатындарыңды ашық айтсаңдаршы!
Намыстанбайсыңдар ма?», — деп атап өткен ол өзінің facebook парақшасында.
Бәріне «Борат» кінәлі…
Бір қызығы, Токио олимпиадасынан саяси астар тауып, спортшыларымыздың сәтсіздігіне жағымсыз имидждер әсер етті деп санайтындар табылып жатыр. Журналист Асылбек Байтанұлы Токио олимпиадасындағы сәтсіздікке ағылшын сайқымазағы Саша Барон Коэннің «Борат» фильмінің әсері бар екенін айтады.
«Токио-2020 — тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең нәтижесі төмен олимпиада ретінде тарихта қалды. Әлеуметтік желілерде бір ай бойы қызу талқылап, мұның себебін елімізді, соның ішінде спорт саласын жайлаған жемқорлықтан, рухсыз дінкештіктен, спорттық биомеханика, спорттық психологияның дамытылмауынан және де кейбір спорт түрлері бойынша егде жаттықтырушылардың жастарға жол бермеуі салдарынан тактикалық, техникалық тұрғыда өзгелер түгілі, бауырлас елдерден көш-құлаш қалып қоюымыздан, Жапония аралының климаттық ерекшелігінен т.б. іздеуде. Меніңше, бәрі де дұрыс. Әбден келісуге болады. Париж — қайта өрлеу олимпиадасы болсын. Менің көкейімде тағы бір себеп қылаң бергенін айтып өтпекпін…
Өз басым, қазақстандықтардың спорттық нәтижесіне кері әсерін тигізген себептің бірі ретінде ағылшын сайқымазағы Саша Барон Коэннің «Борат» фильмін де қосқан болар едім. Бокс, ауыр атлетика, күрес, каратэ, т.б. сайыс түрлері бойынша қазақстандық спортшыларға ашықтан-ашық қиянат жасалып жатты. Мұның бәрін «біздің спортшы жігерсіздік танытты», «өзгелер сатып алып қойған», т.б. деп жоруға болушы еді. Дегенмен, әлем жұрты көрген «Боратты» спорт төрешілері көрмеді дей аламыз ба? «, — деп атап өткен журналист.
Осылайша Токио олимпиадасы Қазақстан құрамасын алтынсыз, күміссіз қалдырған алғашқы олимпиада ретінде тарихта қалдырып отыр. Әрі елімізді Орталық Азия елдері ішінде де көш соңында қал дырып отыр. Бұған дейін еліміз аймақ бойынша бірінші орында болып келген еді.
Жазғы олимпиада ойындарындағы көрсеткішіміз былай болған еді:
Атланта Олимпиадасы — 24-орын ( 3 алтын, 4 күміс, 4 қола)
Сидней Олимпиадасы — 22-орын ( 3 алтын, 4 күміс)
Афина Олимпиадасы — 40-орын ( 1алтын, 4 күміс, 3 қола)
Бейжің Олимпиадасы — 29-орын ( 2 алтын, 4 күміс, 7 қола)
Лондон Олимпиадасы — 24-орын ( 3 алтын, 1 күміс, 6 қола)
Рио Олимпиадасы — 22-орын ( 3 алтын, 5 күміс, 10 қола)
Токио Олимпиадасы — 83-орын ( 8 қола)