Бәрін үкімет береді дейтін заман өткен

0

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әйелдер мерекесі (8 наурыз) қарсаңында бір топ қазақстандық әйелдермен кездесті. Ақордадағы кездесуде президент көп балалы отбасыларға көмек көрсету туралы айтты деп хабарлайды Қазақпарат.

«Көмекке мұқтаж аналар мен балаларға келесі айдан [жәрдемақы] бересіңдер деп кеше тапсырма бердім. Көмек пен қамқорлық әрдайым еселеніп, арта береді. Бірақ қазіргі нарық заманында қол жайып, үкіметтен көмек сұрауға бейімделмеуіміз керек» деген Назарбаев.

Ол «бәрін үкімет береді» деп совет кезіндегідей отыра беруге болмайтынын айтқан.

«Сол кезде бала туғаннан кейін тегін балабақшаға алады, содан кейін мектепке, оқуды бітірген соң жұмыс береді. Қазір ондай заман жоқ. Ол кезде мемлекет елдің тапқанын жинап алып, бәріне бөліп отыратын. Қазір әркім өз табысын өзі пайдаланатын кезде неше бала болатынын, оны қалай асырау керек екенін, оқуы бар, соның бәрін ойлану керек» деген президент.

Ақордадағы кездесуде Назарбаев ауыл халқының жағдайын жақсартуды көздейтін «Ауыл — ел бесігі» тәрізді жобалар болғанына қарамастан ауылдан қалаға көшіп келіп, уақытша баспанада тұрып жатқандар туралы да айтқан.

«Қалаға келіп жатыр, баспана жоқ, жұмыс жоқ. Қала іргесінде сандалып жүреді, ондай жерде неше түрлі болады. Саяжайды, сарайды жалдап тұрады. Әрине, оны жылытқысы келеді. Бірақ біздегідей аязда шұрық-тесік сарайды қалай жылытасың?» деген президенттің сөзін келтірген Tengrinews.​

Оқи отырыңыз: Көп балалы аналар наразылығы. Себебі тереңде ме?

Назарбаев әйелдермен кездесуде Қазақстанда ерлі-зайыптылардың ажырасуы жиілеп кеткеніне қынжылатынын айтқан. Оның сөзінше, елде некеге тұрғандардың 20 пайызы кейін ажырасып кетеді.

4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған еді.​ Осы оқиғадан кейін көп балалы аналар наразылығы күшейіп, Қазақстанда көп балалы отбасыларға мемлекет қамқорлығын күшейту туралы талаптар айтыла бастады.

27 апқанда өзі басқаратын билік партиясының съезінде Назарбаев алдағы үш жылда елде әлеуметтік бағдарламаларға 1,35 миллиард теңгеден астам (3,6 миллиард доллар) ақша бөлінетіні туралы мәлімдеген.

Азаттық