«Бәрібір ешкім жұмыс істемейді»: 31 желтоқсан Қазақстанда демалыс күні болып жариялансын ба? — Қазақстан жаңалықтары
Күнтізбенің соңғы күні, 31 желтоқсан, елімізде демалыс күні ретінде бекітілгенге қоғам белсенділері қалай қарайды? Демалыс ретінде бекіткен дұрыс па? Stan.kz тілшісі қоғам белсенділеріне хабарласып, пікірлерін тыңдап көрді.
31 желтоқсанды айтпағанда, Жаңа жыл алдындағы бір-екі апта қарбалысқа толы. Жеке адамнан бастап, ірі компания, мемлекеттік мекемелердің бір жылдық жұмыстарын қорытындылап, тәмамдайтын уақыт. Оның сыртында бір-біріне әріптес, серіктес болып келетін ұйымдар сыйлықтарын тапсырып, құттықтау шараларын бастап кетеді. Мереке қарсаңындағы 2-3 күнде тіпті барлық адамдардың жұмыс істеуге деген қабілеті төмендеп, жұмыс күнін көбіне бір-бірін құттықтаумен өткізеді. Дегенмен елімізде 31 желтоқсан жұмыс күні болып есептеледі. Бұл күнді де мерекелік күн ретінде жариялау ұсыныстары бұрыннан айтылып жүр. Stan.kz тілшісі еліміздің танымал азаматтарына хабарласып, пікірлерін тыңдап көрді.
Нұргелді Ораз, профессор:
«31 желтоқсанды тойлау дәстүрге айналып кеткен. Сондықтан оны тойламай кетуге болмайды. Өзіміздің Наурыз да, христиандардың мерекесі де — мемлекеттік деңгейде аталып өтетін мерекелер. Бірақ мынау — дұрыс, анау — бұрыс емес деп айтуға болмайды. Сондықтан тойлануы керек».
Дос Көшім саясаттанушы:
Мен 31 желтоқсанның мереке ретінде тойланғанына қарсымын. Жаңа жылды ешбір ел тойламайды. Мысалы, мен 31 күні Германияда, Францияда болдым. Олар тек қана 25 күні Рождествоны тойлайды.
Өз баcым жаңа жылды мүлдем алып тастар едім. Күнтізбенің басталғанын атап өту керек. Бірақ қазіргідей ең үлкен мейрам ретінде тойламау керек. Бізде жыл басы Наурызымыз бар. Қарап отырсаңыз, біз жаңа жылды екі рет тойлаймыз. Менің ойымша жаңа жылдан мүлдем бас тарту керек, бірақ бұған халық әлі дайын емес. Мен түбегейлі қарсымын.
Расул Жұмалы саясаттанушы:
Мен бұл ұсынысқа екі ұдайлы пікірдемін. Бұл мереке қазақ үшін соншалық атаулы мереке емес. Дүниежүзілік тенденцияға кіріп кеткендіктен, мерекені әлемнің түкпір-түкпірінде тойлайтындықтан, осы шеңберде тойлануы керек сияқты. Дүниежүзілік тенденцияда болуы үшін бұл мерекені салмақты түрде, беріліп кетпей тойлауымыз керек.
stan.kz