«Бәрі сценарий бойынша жүріп жатыр»

0

«Нұр Отан» партиясы кезектен тыс съезінде өз лидері экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысын бірауыздан мақұлдап, Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ерте президент сайлауына саяси ұйым атынан кандидат етіп бекітті. Бұған дейін елді отыз жылға жуық басқарып келген Назарбаев биыл наурыздың 19-ы күні кенеттен мәлімдеме жасап, президент қызметінен кеткеннен кейін Тоқаев оның орнына уақытша президент болып отырған еді.

Сәуірдің 23-і күні Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс сайлауға билік партиясынан ұсынылған Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік тіл – қазақ тілі сынағынан сүрінбей өткенін хабарлады. Тіл комиссиясы төрағасы Мырзатай Жолдасбековтің сөзінше, Тоқаев «Абай Құнанбайұлының поэзиясы мен қара сөздері» деген тақырыпта шығарма жазып, Шерхан Мұртазаның «Мыңбұлақ» шығармасын таңдап, оқып берген. Бұған қоса «Қазіргі Қазақстанның геосаясаты» тақырыбында ойын қазақша жеткізген.

«БИЛІК СЫЗҒАН СЦЕНАРИЙ»

Бұған дейін сайлауға түсетіні туралы ешқандай мәлімдеме жасамаған Тоқаевтың Назарбаевтың ұсынысы бойынша билік партиясынан кандидат болып бекітілуін әлеуметтік желі қолданушылары түрліше бағалады. Кейбіреулер Тоқаевтың уақытша президент болып «тағайындалуы» мен «негізгі кандидатқа» айналғаны тәрізді биылғы президент сайлауында кімнің жеңіске жететіні де алдын ала кесіп-пішіп қойылған деп санайды.

Журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дуванов «биліктегі «Нұр Отан» партиясының бүгінгі съезінде оны (Тоқаевты айтады – ред.) бұл қызметке бұл қызметке Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясының жетекшісі Нұрсұлтан Назарбаев «тағайындады». Сондықтан елде адал сайлау, өзгерістер болады деп үміттенгендер оларын ұмытсын! Болмайды!» деп жазды Facebook парақшасында.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев болса «Бізге көптен бері уәде еткен меритократияның (латынша – «лайықтылар билігі») орнына геронтократияны (қарттар билігі) қалдырды. Соңғы саяси оқиғалардың қисыны көп нәрсені өзгертсем деген ниетке емес, барлығынан айырылып қаламын ба деген үрейге негізделген тәрізді. Елге [билік] мұрагерлері, оларды бақылаушылар мен қадағалаушылар емес, реформаторлар қажет екенін олар қалайша түсінбейді» деп таңданады.

Желі қолданушы Талант Әлібаев «Әзірге бәрі сценарий бойынша жүріп жатыр» деп санайды.

Болатхан Өнерханұлы «Осының бәрі көзбояушылық болып жүрмесін, биліктегілерге сенуден қалып барамыз, не істесе де өздері біліп істейді, халықтың пікірін қабылдаған болып, артынан елемей өз дегендерін жүргізеді, билікке шынайы сенетін күн қашан туар екен деші» деп қынжылыс білдірген.

«ПРЕЗИДЕНТ БОЛУҒА ЛАЙЫҚ АДАМ»

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан президенттігіне ұсынылуын құптағандар да ой-пікірлерімен бөліскен.

Желі қолданушысы Bauyrzhan Serikbayev бұған байланысты жұртты құттықтауды жөн санапты.

Экономист Мұхтар Тайжан «бізге жаңа президенттің есімін жариялады» деп жазыпты. Ол өзгелермен салыстырғанда Тоқаевтың ұсынылуы «ең жаман вариант емес» деп санайды. Тайжанның пікірінше, «білім деңгейі басқадай, олигархиялық және озбырлық менмендігі өзгеше басқа үміткерлер» де болған.

в



Azattyq