Барар жеріне апармай, қолын тіліп тастаған: Алматыда «Яндекс» такси жүргізушісі жолаушыға шабуылдады

0

Алматылық әйел өзіне Яндекс такси жүргізушісінің шабуыл жасағанын мәлім етті. Айтуынша, такси жүргізушісі оны тиісті жеріне апарудан бас тартып, қолын пышақпен тіліп тастаған, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі.

Сондай-ақ, әйел бұл оқиғаның осыдан 3 апта бұрын болғанын және жүргізушінің әлі қолға түспегенін айтты.

«Сіздерге бұл адамның қоғамға қауіпті екенін айтқым келеді. Ол өзінің кінәсін мойындамады, шақыртумен полиция бөліміне де келмеді. Әлі қамауға да алынбады. Мен ақымақтықпен оған ақшамды алдын ала беріп қойыппын. Ол мені тиісті жерге алып бармады, ашуға бой алдырып, ұрып, қолымды пышақпен тілді. Өкінішке орай, қазір не істеу керегін білмей отырмын. Қоғамға қауіпті адамның түрін көрсеткім келеді», — дейді зиян шеккен жолаушы.

Алматы қаласы полиция департаменті өз кезегінде ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне тіркелгенін хабарлады. Барлық қажетті сараптама тағайындалды, оның нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады.

Яндекс өкілі де аталған жағдайға қатысты пікір білдірді.

“Қолдау қызметі тұтынушымен байланыста. Істің қаралуы аяқталғанға дейін көлік жүргізушіге жүруге тыйым салынады, бірақ жүйенің деректеріне сәйкес ол қызды қосымшада бағыттың соңғы нүктесі ретінде көрсетілген жерге дейін апарғанын ескереміз. Жолаушының айтуынша, көлікте ешкімде қару болмаған. Әлбетте, бұл оқиғаның мән-жайы мен кінәні құқық қорғау органдары анықтауға тиіс. Біз ынтымақтастық жасауға және қажет болған жағдайда тиісті ақпаратты беруге дайынбыз», — деді ол.