«Барам да, келем деп ойладым»: 8 қабаттан құлай жаздаған қыздың анасы көптің көкейіндегі сұраққа жауап берді

0

Сегізінші қабаттан құлай жаздаған 3 жасар қыздың анасы алғаш рет көптің көкейіндегі сұрақтарға жауап берді. Ол 11 мамыр күні қайда болғанын айтып, баласын құтқарып қалған жігіттерге алғыс білдірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Еуразия бірінші арнасына берген сұхбатынан белгілі болғандай, әйел қызын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Келіншек қызының қатардан қалмауы үшін екі жұмыста істейтінін жеткізген.

«11 мамыр — мен үшін өмірімде естен кетпес күн болды. Балам балабақшаға бармайды, өзіммен бірге жұмысқа алып жүрем. Балабақшаға берейін десем, қазір бәрі қымбат. 70 мыңнан төмен емес. Дотациямен берейін десем, менің баламның кезегі келгенше мектепке баратын уақыты болады», — дейді қыздың анасы.

Осылайша бүлдіршін таңның атысынан күннің батысына дейін анасының қасында жүреді екен. Сол күні анасы алыс жолдан келгендіктен, қызының ұйқысын қимай оны інісіне қалдырып кеткенін айтады. Бірақ оны да жұмысқа шақырып бала үйде бірнеше минут бойы жалғыз қалған. «Балам 1-2 сағат болса да ұйықтасын деп, ұйқысын қимай, сол күні бірінші рет үйге тастап кеткенмін. Жұмысым жақын болған соң, барам да келем деп ойладым», — дейді ол.

Ол қызының сегізінші қабатта салбырап тұрғанын далада шулаған адамдардан білген. «Далада қанша адам, полиция шулап жатты. Не болды деп сұрап едім, сегізінші қабатта бір қыз тұр деді. Мен өз қызымды өліп қалды деп ойладым. Одан кейін не болғаны есімде жоқ», — деп еске алады ол. Әйел қызын қолына алған соң ғана есін жиған. Белгілі болғандай, 3 жасар қыз оянып кетіп, анасын іздеген.

«Мені іздеген ғой, мама деп. Кеткен кезде терезелерді жауып кеткенмін, тіпті оянып қалса терезеге шықпасын деп сақтанып, орындықтарды да балконға кіргізіп кеткенмін», — дейді ол. Анасының айтуынша, қызы аяғының астына жұмсақ ойыншықтары мен жастығын қойып терезеге шыққан.

Осы орайда келіншек қызын құтқарып қалған жігітке алғысын айтты. «Кешегі кісіге де көп рахмет! Алладан қайтсын! Ондай нәрсеге екінің бірі бара бермейді», — деді ол.

Болған оқиғадан кейін келіншек қызының жанынан бір сәт алыстамағанын, бұл жағдай өзіне өмір бойына сабақ болғанын айтады. Еске сала кетейік, кішкентай қызды биіктен құлаудан құтқарған қос жігіт те елеусіз қалған жоқ. Оларға бас қаладан жаңа пәтер берілді.