«Бара қойсын дедік»: Роза Әлқожа ұлына бизнесменнің қызын беруден бас тартқанын айтты

0

Отандық әнші Роза Әлқожа тұңғышы Бейбарысқа кәсіпкер азаматтың қызын бермей қойғанын айтты. Әнші баласының бизнесменнің талабына сай келмегендіктен, қызды еркіне жібергенін Instagram парақшасында баяндап берді, деп жазады Kznews.kz тілшісі.

«Бір сіңіліммен кездессем, «сіз жайлы ел шулап жатыр ғой. Түсініктеме берсеңізші» дейді. Жақсы дедім. Мен негізі ұлыма да, қызыма да жар таңдауда асықпаңдар деп айтамын. Өйткені, үйлену — оңай, үй болу қиын. Екеуара үйлесім болмаса, ол сенімен көзқарасы бір болмаса неке түгілі, бизнесте одақ құру қиын», — деді әнші. Әншінің айтуынша, Роза Әлқожаны бір әйел «қыз көруге» шақырған. Таныстықтан кейін жастар бірін-бірі ұнатқанымен, бизнесмен әншінің ұлына қызын беруден бас тартқан. «Содан қыз бен бала бір-бірін ұнатып, кездесіп жүрсе әкесі тыйым салыпты. Бизнесмен болсын дейтін көрінеді. Біз өзі әннен басқаны білмейтін өнерлі әулетпіз ғой. Бара қойсын дедік. Бағдарламаға берген сұхбатты үзіп-жұлып беріп, мені сыртымнан тілдеп жатқандар көп екен. Мен бар болғаны «адамның басын емес, дүниесін қадірлейтіндер керек емес» дедім. Соны эфирде ашық айтпай-ақ қояйын деп «мен кінәлі бола салайыншы» деп қалып едім. Ақиқатын жазбасам — арға қиын. Ар жағын патша көңілдеріңіз білсін», — деді Роза Әлқожа. Естеріңізге сала кетейік, отандық әнші Роза Әлқожа тұңғыш ұлы Бейбарысты үйлендіру үшін қазақтың «Қыз көру» дәстүрін пайдаланып жүргенін айтқан болатын.