Бар ағаштың нар ағашы — Informburo.kz

0

Жеңімпаз болып оралған

Астананың ең ұзын даңғылының бірі – Мәңгілік ел. Мұндағы соны құрылыс, тың асфальт, жаңа бағдаршам көптің назарында тұрады. 2015 жылы көшенің бойында тұрған қарағаштарды түгел қопарды. Даңғылдың екі жағы басқаша боларын сол тұстағы әкімнің баяндамасынан білдік. Қарағаштың орнына питомниктен әкелінген шырша егілді. Бастапқыда көздің көркіне айналды. Енді қарағашты қырқып, түзеу керек. Шыршаны қырықпаса да, өзі де сымбатты.

Бірақ. Иә, келер көктемде «бірақ» сөзі қаланы көрікті және жасыл желекті етушілердің алдынан шықты. Шыршалар жаппай қурай бастады. Енді жұмысшылар қурағанын басқасымен ауыстыруға кірісті. Тамырында кемі бір бөшкелік топырағы бар, бойы екі метрлік ағашты қолмен көтеріп әкеле алмайды. Техника күшімен жаңалау науқаны жүрді.


Астанада 2018 жылғы көктемде Мәңгілік ел даңғылы бойында қураған шыршаларды құрту барысы

Астанада 2018 жылғы көктемде Мәңгілік ел даңғылы бойында қураған шыршаларды құрту барысы / Автордың жеке мұрағатынан


Сол екінші жылдың күзінде бұл ағаштарды жаппай жасыл тормен қаптап тастады. Мұнысы несі десек, тағы бір сұхбаттан көзіміз шалды. Қаланы көркейтушілер «еккен шыршамыз неге өле береді» деп ғалымдардан кеңес сұрапты. Әлде зерттеді ме, әлде бірден айта салды ма, біздің марғасқа мамандар «көктемде күннен қызу көп бөлінеді, ал жердің тоңы әлі қатып жатады, сондықтан бойына әлі нәр бармаған шыршаның бүрі қурап түседі» депті. Енді шыршаға көктемде күн нұрын түсірмеу үшін Мәңгілік ел даңғылы бойында тағы майдан қызды. Мыңдаған шыршаны жасыл тормен қаптауға күздің екі айы кетті. Қаншама техника, адам күші және мыңдаған қума-метр материал жұмсалды десеңізші.

Сонымен қыс бойы шыршалар қытайдан шыққан жасанды торға шырмалып тұрды. Көктем ортасынан ауып, топырақтың тоңы кеткен кезде тордан босанды. Бәрібір бүрі жаңармады. Ескісі түскен соң жаңа инелері шықпай қалды. Даңғыл бойы тағы қураған ағашқа толды.

Ақыры үш жылғы әуре-сарсаңнан соң 2018 жылғы көктемде даңғылдың бойына қайтадан қарағаш екті. Бұл кезде қалада әкім өзгерді. Иә, қарағаш аласталған тұста көшенің өзі Орынбор аталатын, қайта орлағанда мекен-жайлары Мәңгілік ел атанып тұрды.

Біз білетін Астанада қарағашқа қарсы қиянат – бұл ғана емес. ЭКСПО басталмас бұрын Рысқұлов көшесінің сол жақ бетіндегі қаз-қатар өсіп, жасыл қорғанға айналған жүздеген ағаш та құрбан болған. Себебі: шетелдік туристер үшін қарағаштың сәндік көркі жоқ. Оларды айырбастаған әлдебір экзотикалық ағаштар не жарытып көрік бермеді, не көлеңке болып, қалалықтарды аптаптан қорғамады. Тым құрыса бұтақтарына құстар ұя салмады. Сайып келгенде қарағашқа жетпейтіні хақ.

Әйтеуір, Хан шатыр кешені алдындағы қаз-қатар қарағаштар аман қалды. Бастарын киіз үй тәрізді дөңгелете қырыққан осы ағаштардың жапырағы алғашқы қарда түскен жоқ. Үсіген де жоқ. Ортасын паналаған көп торғайды 2018 жылғы 16 қазанда көріп келдік.

Айналып келгенде Астана үшін, күллі қазақ үшін, тіпті даланың аң мен құсы үшін одан артық ағаштың табылмасына біз кепілміз. Себебі мынада.

Бойы қасиетке толы

Қарағаш қазақ үшін қарағай мен еменнен, қайың мен теректен қымбат. Сондықтан атына «қара» сөзі қосылған. Қара шал! Қара домбыра! Қара өлең! Мұқағалида:

Жат жерде жүргенінде жазатайым,

Қанымен жазған екен ағатайым.

Қасиетіңнен қара өлең айналайын,

Қазақтың дәл өзіндей қарапайым, – деген өлең жолдары бар. Қарағаш та ағаш ішінде қазақтың өзіндей қарапайымы.

Ағаштың атындағы «қара» сөзі түсіне емес, қасиетіне бола таңдалғаны талассыз. Әйтпесе сыртқы қабығының бояуы қап-қара емес. Жазғы жапырағы да жасыл. Өзегі мен сүрегі тіпті, қызғылттау. Демек, «қара» атануы – осы даланың төл ағашы болғандықтан.

Басты қасиеті жер таңдамайды. Тұқымы құнары аз қызғылт, сұр топыраққа түссе де өсе береді. Желге ықпайды, шөлге төзімді. Қара нар сияқты айлап сусыз тұра береді. Жел дегеннен шығады, сұлу қайыңыңызды даланың желі мың бұрап тастайды. Сосын оны мақтап «биші қайыңдар» дейді тағы. Даланың желі тұрмақ дауылы қарағашты ие алған жоқ.

Өзінің мінезі қазақтан аусашы. Еркімен өскенінің бұтақтары айбақ-сайбақ, анау шыршадағыдай тәртіп болмайды. Бірақ, сол шырша, қарағайдың бірер бұтағын сындырсаңыз өспей қалуы мүмкін. Ал қарағаштың бұтағын, ұшын қалай кесіп тастасаңыз да өсе береді. Нағыз қайсарлық «тасты жарып шықты» дейтін қарағайда емес, қанша кесіп жатса да қайта көктей алатын қарағашта. Қазаққа тән мінез деуіміз содан. Мың рет шабылып, жүз рет қырқылған халқымыз әлі өсіп жатыр ғой.

Алда-жалда тұқымы тастың қуысына түссе бұл да қарағайдан кем емес, жартасты жарып шыға бермек. Қарағайға қатысты «қайсарлық» анығында кездейсоқ сәттілік қана. Себебі тас арасында ғасырлар бойы жиналған мүкке түскен тұқымның өсуіне еш кедергі жоқ. Нағыз мықтылық тоқал там мен қораның төбесіне, иесіз бетон қалқаның үстіне өсіп шыққан қарағашта. Оны талай көріп, таңдай қақтық. Кезінде Олжас Сүлейменов бұл туралы өлең де жазған.

Қарағаштың тағы қазаққа ұқсайтын жері – ол да көшпелі. Түсіндіріп айтсақ тұқымы желмен алысқа кете береді. Қарағай мен шыршаның бүршігі салбыраған бұтақтан бір метр әрі кете алмайды. Олардың табиғи өсіп-өнуі кәдімгі ақ тиіннің ашкөздігінің арқасында. Шиені, тұтты, тағы басқа жемісінде дәні бар ағаштарды құстар өз саңғырығымен алысқа таратады. Қарағаштың өсуіне ондай көлденең көмек жоқ. Есесіне тұқымы өте жеңіл. Сыртында дөңгелек қаптамасы бар. Піскен кезде сарғыш тартады. Теңгеге ұқсап уыс-уыс болып төгіледі. Жеңіл болғандықтан желмен ұшып жүздеген шақырымдарға жете алады. Сондықтан Атырау мен Тарбағатай, Алатау мен Тобыл арасындағы ең көп тараған ағаш – осы. Тұтасып, ұйысып өспей, бірінің жарда, бірінің ойпаңда, бірінің сайда, бірінің қырда тұратыны содан. Қазаққа ұқсатпай көріңіз.

Ауыр салмақ арқалаған

Өзегіне құрт түссе амал жоқ, әйтпесе қарағаш өздігінен шірімейді. Терек пен жөке, емен мен қарағай, тағы басқасы кесілген соң бірер жыл ылғалды жерде жатса өз-өзінен шіріп, үгітіліп қалады.

Венецияға барғанда су бетіне салынған үйлерге таң қалдық. Тұтас көшелер суда тұр. Ауласына тек қайық байлайтын ағаш қаққан. Біз жақта ондайды «атағаш» дейтін. Үйге келген кісілер атын соған байлайтын. Мұнда әр үйдің алдында «қайықағаш» қарауытады.

Сол Венецияңыздың «қайықағашы» тұрмақ, үйлерінің астын түгел қарағаш тіреп тұр дегенде таң қалдық. Әрі салмақ көтеріп, соған опырылып кетпей, әрі жүздеген жыл тұзды суда тұра беру – осы ағашқа тән. Әлбетте, Италияда оны «қарағаш» демейді. Өз тілдерінде атаулары бар. Орысшасы – «вязь», түптеп-түстеп келгенде біздің қасиетті қарағаш болып шықты.

Алматының жоғары жағында шағын су электр стансаларының торабы тұр. Соғыстан кейінгі жылдары салынған. Онда Қазақстанды Геннадий Борков деген басқарған. Аз уақытта көп іс тындырыпты. Өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу қайраткері екен. Басқасын айтпағанда қызметі ауысып, Мәскеуге кеткенде «қазақтар өздерін өздері басқаратын деңгейге жетті» деп орнына Шаяхметовті ұсынғаны неге тұрады! Борков Алматыда шағын су электр стансалары тізбегін салдырған. Осы СЭС-терден су ағаш құбырлармен шығады. Әлі барып көруге болады. Жетпіс жыл шірімей тұрған тақтайдың бәрі қарағаштан жасалған. Демек мысалды сонау Италиялдан табудың керегі жоқ. Өзімізде жетіп артылады. Мұны бір деңіз.

Екіншіден, ертеректе Қарағанды қаласында тілші болып, редакциялық тапсырманы орындау үшін төрт-бес рет шахтаға түстік. Кемінде мың метрлік жер астының қуыстарын тіреу ұстап тұрады. Арасы бір жарым метрлік темір діңгектердің арасын тақтаймен шегендейді. Сол тақтай қарағаштан жасалады. Басқасы қысымға шыдамайды. Ал қарағаш қаншама салмақ пен жер астының ылғалына мыңқ етпей шыдас береді.

Енді бәрібір Венецияға оралуға тура келмек. Төңірек тегіс су болған соң, онда тек кеме, қайықпен жүресің. Барлық кеменің каютасын қарағашпен әрлепті. Ылғалға шыдамды, қысымға төзімді болғаны үшін ғана емес. Қарағаш жақсы өңделеді. Ең сәнді, қымбат жиһаз жасауға таптырмайтын материал.

Осы мысалдардың бәрі қарағаштың адамға қызмет етуде басқа тектестерінен көш ілгері тұрғанын аңғартады. Айтпақшы, Қытайға барғанда білдік: қарағаштың тұқымы да азық екен. Түрлі жаңғақтың дәнін, тіпті өріктің дәнегін бала кезден жеп келеміз. Лондонда еменнің, Париждің көшесінде каштанның дәнін қуырып сатып тұрғандарды байқадық. Қарағаштың дәнін қалай жеуді көрмесек, көзге елестете алмас едік. Піспей тұрған көк кезінде көп етіп жинап алып, тамаққа қосқанды Қытайда көрдік. Бұл ел нені жемейді десеңізші?!

Құстардың қалың қорғаны

Ара-тұра Астана мен Алматының арасында пойызбен жүреміз. Астанадан Қарағандыға дейін, одан Отардан Алматыға дейін жолдың бойы жазда жасыл, қыста қарауытқан қарағашқа толы. Жапырағы түскен кезінде әрбіріндегі құстың ұясы көрінеді. Тіпті, екі-үш ұядан. Демек, даланың көркі ғана емес, құстардың ыстық мекені екені даусыз. Қалың жапырақ арасындағы ұя қауіпсіз. Сырт көзге білінбейді. Ал жапырақ түсіп, ұя көрініп қалған кезде еш қатер жоқ, балапандар әлдеқашан қанаттанып кеткен.

Қайың мен қарағаш қатар өсіп тұрса, құстар тек қарағашқа ұя салады. Қайыңнан құрқылтайдан басқа құстың ұясын кездестіре қоймадық. Неге? Міне осы тұстан қарағаштың және бір қасиеті байқалады. Ол қайың сияқты солқылдақ емес. Бірер жыл өскен соң жел тұрмақ дауылға майыспайды. Ұя салуға осындай берік ағаш керек. Құстардың ақымақ еместігін осыдан байқайсыз.

Өкінішке қарай, осыдан екі жыл бұрын Астанадағы Қабанбай көшесінің Назарбаев университеті жағындағы қаз-қатар қарағашты түп-тамырымен жұлып тастады. Бір айдай теңкиіп жатты. Сосын шөрке-шөрке етіп аралап, көзін құртты. Тамырымен қопарылған ағаштарды көргенде жүрегімізді суық қолымен суырып жатқандай күй кешетінбіз. Биік дарақтар құстың ұясына толы еді. Табиғатқа бір сәтте екі соққы берілген. Келер жылы ұя тұрмақ ағашты таппай қалған жыл құстарының алдында ұятты болғанбыз. Ақын Шөмішбай Сариевтың жақсы өлеңі бар:

Көсем қаз, жолды бастап түстің бе алға,

Бейбіт ел берекесін құштыңдар ма.

Жзылмаған жұптарың түгел ме еді

Ұяларың бұзылмай ұштыңдар ма?

Астанада құстың ұясы не, ұясы тұрған ағаштарды түгел қопарып тастағаны туралы Шөкең тағы бір өлең жазса, шіркін!

Сол қарағаш қаншама қиындықпен Астанаға қайтып келіпті. Ғалымдар ақыры Астана үшін қарағаш пен теректен артық ағаш жоқтығын пайымдапты. Қарағаш мыңдаған жыл табиғаттың желі мен шөлін жеңіп еді. Енді топырағын тартып алмақ болған атқамінерлерді мойындатса керек. Тағы да қазаққа ұқсас қасиеті шығар-ау?!

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Мнение автора может не совпадать с позицией редакции.


Дереккөз: https://informburo.kz