Бақытжан Сағынтаев жас ғалымдармен Қазақстанда ғылымды дамыту келешегін талқылады
Әңгімелесу барысында Қазақстанда ғылымды дамытудың қазіргі жағдайы мен перспективалары туралы пікір алмастырылды. Ғылымды басқару жүйесін және докторантура бағдарламасын дамыту, жоғары білім беру мекемелерін заманауи жабдықтармен жарақтандыру, ғылыми дәреже беру жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды.
Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Кездесуді ашқан Бақытжан Сағынтаев жастарды кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналып жатқанын атап өтті. Ғылымды дамыту үшін ең жақсы жағдайлар жасалып жатыр, субсидиялар, жеңілдіктер беріліп, түрлі қолдау шаралары қабылдануда. Сонымен қатар, өз кезегінде, жастардан экономиканың барлық салаларында белсенді әрі тиімді қайтарымның болуы күтіледі. Жастар нақты бастамалар білдіріп, еңбек өнімділігін арттыру және жұмыс орындарының санын ұлғайтуға қатысты өз білгендерін ұсынуы тиіс. Мәселен, бұл — егін сапасын жақсартуға бағытталған ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми әзірлемелер.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында таяу келешекте іске асырылуы тиіс ғылымды басқару жүйесін жетілдіру туралы бірқатар тапсырма берді.
«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» және «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» жолдауларындағы ғылым мәселесіне қатысты негізгі тапсырмалар:
бес жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ЖІӨ 10%-на дейін жеткізу қажет;
металлургия, мұнай-газ химиясы, АӨК, био және ақпараттық технологиялар салаларын зерттеу ісінде басымдық беретін жоғары оқу орны ғылымын дамыту керек;
қолданбалы ғылыми-зерттеулерді ағылшын тіліне біртіндеп көшіруді жүзеге асыру талап етіледі;
Жоғары оқу орындары шетелдердің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және ТҰК бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруы қажет;
жеке сектордың барлық қолданбалы ғылыми-зерттеу әзірлемелерін бірлескен қаржыландыруы;
жас ғалымдарымызға ғылыми гранттар аясында квота бөліп, оларды қолдаудың жүйелі саясаты.
Мемлекет басшысының қазақстандық ғылымның нәтижелігін арттыру міндетін іске асыру мақсатында Үкімет Қазақстан жастарының бастамаларын қолдау бйоынша жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр. Негізгі мақсат — қаржы көздерін әртараптандыру, бюджет қаражаттары жеке қаржыландыруды тартудың тетігі болуы тиіс, соның ішінде қазақстандық ғалымдарды ірі халықаралық ғылыми жобаларға қосу арқылы іске асырылуы керек. Тең қаржыландыру жағдайында ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға гранттар бөлу басталды,жеке сектор тартылуда. 138 жоба аясында отандық ғылыми әзірлемедерді енгізуге мемлекеттік емес көздерден 3,2 млрд тг жуық қаражат тартылды. Бұған қоса, ғалымдар бизнес қауымдастықпен бірлесіп, Ғылым қоры мен Дүниежүзілік банк желісі бойынша бірқатар жобаларды іске асырып жатыр.
Сонымен қатар, кездесу аясында жас ғалымдар да сөз сөйледі, олар өзекті мәселелерді қозғап, саланы одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Almaty Management University Ғылыми зерттеулер орталығының директоры Данияр Сапарғалиев ғылыми дәреже беру жүйесін жетілдіру мәселесін көтерді. ҚР Энергетика министрлігінің Ядролық физика институтының астаналық бөлімшесінің директоры, Ұлттық энергетика және машина жасау жөніндегі ғылыми кеңестің төрағасы, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент М. Здоровец өз кезегінде ғылымды басқарудың қазіргі жүйесі және оны жаңғырту шаралары туралы айтып берді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Физикалық-химиялық зерттеулер және талдау орталығының басшысы, химия ғылымдарының кандидаты, профессор Б. Кеңесов ЖОО ғылымы және докторантура бағдарламасын дамыту, жоғары білім беру мекемелерін заманауы жабдықтармен жарақтандыру мәселелеріне көңіл бөлді. ҚазҰУ ғалымы, оқытушысы Е. Досжанов жас ғалымдарды әлеуметтік қолдау, соның ішінде жатақханалармен қамтамасыз ету мәселелерін қозғады. Ұлттық биотехнология орталығының зертханасының меңгерушісі, ғылыми жобаның жетекшісі, биология ғылымдарының кандидаты М. Жабағиннің баяндамасы пәнаралық ғылымдарды дамыту мәселесіне арналды. Бұдан өзге, геномдық зерттеулер мысалында саланы коммерцияландыру мәселелері қаралды.
«Назарбаев Университетінің» докторанты, Жас ғалымдар альянсының вице-төрағасы Б. Әбдікенов жиынға қатысушыларға жасанды зердені дамытудың маңызы, оның ішінде денсаулық сақтау (дербес медицина), білім беру, ауыл шаруашылығы (дербес ауыл шаруашылығы техникасы) салаларында қолданудың пайдасы туралы айты берді. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, п.ғ.к. Наргиз Балтабаева жас педагогтерге арналған курстар мен тренингтердің пайдасы туралы айтып, жас педагогтарды даярлаудың жаңа құралын енгізу туралы ұсынысын жеткізді.
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының дипломнан кейінгі білім орталығының оқытушысы Е. Ишкинин Қазақстанда жас ғалымдардың халықаралық зертханаларда тағлымдамадан өту тәжірибесін дамыту керектігін атап айтты. Солайша, шетелдік ғалымдардың тәжірибесінен үйрену арқылы ғылыми әлеуетті дамыту керек.
Ақпараттық және есептеу технологиялары институтының зертхана меңгерушісі Р. Мұсабаев ақпараттық және есептеу технологиялары ғылыми әлеуетті дамытудың базисі болып табылады. Өз кезегінде, Ә. Х. Марғұлан атындағы Археология институтының филиалының директорының орынбасары, т.ғ.к. Т. Мамыров Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының негізгі басымдықтарын іске асыру тақырыбында сөз қозғап, тарихи-мәдени мұраны одан әрі зерделеудің маңыздылығын атап өтті.
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми хатшысы М. Қозыбаев ғылыми институттар мен гранттық зерттеулерді перспективалы дамыту мәселесін көтеріп, жас ғалымдарды ынталандыру жүйесіне көңіл аудартты.
Кездесуді қорытындылаған ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев қатысушыларға ашық диалогы мен ұсыныстары үшін алғысын білдірді. Ғылымды дамыту мәселесінде Қазақстанда ғылыми қызметті жоспарлы әрі қарқынды дамыту үшін қандай бағыттарды одан әрі дамыту қажеттігін, қандай мәселелерге ерекше ден қою керектігін айқын ұғыну қажеттігі айтылды. Қазақстан өзін басқа мемлекеттердің арасында ұсына алатын бағытты дамыту керектігі мәлімделді.
ҚР БҒМ деректері бойынша, Қазақстанда 2017 жылы ғылыми зерттеулер мен әзірлемелермен 386 ұйым айналысқан, 22 081 адам тартылған, оның ішінде 17 205 зерттеуші маман бар. Олардың 7 733-і 35 жасқа дейінгі жас ғалымдар. 2018-2020 жылдарға арналған қаржыландыруға мақұлданған жобалар мен бағдарламалар арасында гранттық және бағдарламалық-мақсаттық қаржыландыру аясында 35 жасқа дейінгі жас ғалымдардың үлесі зерттеуге қатысатындардың жалпы санының 49,3%-на дейін артты. Бұл – 2015-2017 жылдарға арналған зерттеулерге қарағанда 1,4 есеге артық көрсеткіш.
Қазақстанның негізгі ғылыми орталығы — Алматы қаласы. Қалада ғылыми-зерттеу саласындағы қызметкерлер саны 8,8 мың адамды құрайды. Бұл — Қазақстанның барлық ғалымдарының 40%-ы. Ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердің 36,8%-ы аталмыш қалаға тиесілі. Зерттеулер мен әзірлемелерді жүзеге асыратын ұйымдар саны — 131.
Жұмыс сапары кезінде Премьер-Министр бірқатар инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарға барып, білім беру мен мамандарды даярлау сапасының артуы, сондай-ақ қаладағы көлік инфрақұрылымын, туризм индустриясын дамыту барысымен танысады.
Еске сала кетейік, ҚР Премьер-Министрі Мемлекет басшысының тапсырмасымен ел өңірлерін жұмыс сапарымен аралап жүр. Осыған дейін Бақытжан Сағынтаев Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Ақмола, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Шығыс Қазақстан, Алматы және Жамбыл облыстарында жұмыс сапарларымен болды.
Дереккөз: http://egemen.kz/