Бақытжан Сағынтаев Алматының тыныс-тіршілігімен танысты

0
100

Үкімет басшысы ең алдымен шаһардағы «Ғылым Ордасына» ат басын бұрып, жас ғалымдармен жүздесті. Кездесуді ашқан Бақытжан Сағынтаев жастарды кешенді қолдау бүгінде мемлекеттік саясаттың басымдығына айналып отырғанын атап өтті.Басқосуда Отандық ғылымды дамытудың тың тетіктері, оның өрістеуіне кері әсерін тигізетін кедергілерді тойтару сынды мәселелер жан-жақты зерделеніп, жас ғалымдардың бұл тұрғыдағы ашық ой-пікірлері тыңдалды. «Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Ғылымды дамыту үшін ең жақсы жағдайлар жасалып жатыр, субсидиялар, жеңілдіктер беріліп, түрлі қолдау шаралары қабылдануда. Сонымен қатар, өз кезегінде, жастардан экономиканың барлық салаларында белсенді әрі тиімді қайтарымның болуы күтіледі. Жастар нақты бастамалар білдіріп, еңбек өнімділігін арттыру және жұмыс орындарының санын ұлғайтуға қатысты өз білгендерін ұсынуы тиіс» деді Бақытжан Сағынтаев.

Бүгінде Мемлекет басшысының қазақстандық ғылымның нәтижелігін арттыру міндетін іске асыру мақсатында Үкімет ел жастарының бастамаларын қолдау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Негізгі мақсат — қаржы көздерін әртараптандыру. Бұл ретте бюджет қаражаттары жеке қаржыландыруды тартудың тетігі болуы тиіс, соның ішінде қазақстандық ғалымдарды ірі халықаралық ғылыми жобаларға қосу арқылы іске асырылуы керек. Тең қаржыландыру жағдайында ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға гранттар бөлу басталды, жеке сектор тартылуда. 138 жоба аясында отандық ғылыми әзірлемелерді енгізуге мемлекеттік емес көздерден 3,2 млрд тг жуық қаражат тартылған. Бұған қоса, ғалымдар бизнес қауымдастықпен бірлесіп, Ғылым қоры мен Дүниежүзілік банк желісі бойынша бірқатар жобаларды іске асыруда.

Басқасу барысында Отандық ғылымды дамытудың қазіргі жағдайы мен перспективалары туралы ой-пікірлер айтылды. Ғылымды басқару жүйесін және докторантура бағдарламасын дамыту, жоғары білім беру мекемелерін заманауи жабдықтармен жарақтандыру, ғылыми дәреже беру жүйесін жетілдіру сынды бірқатар мәселелер талқыланды. Жас ғалымдар өзекті мәселелерді қозғап, саланы одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Almaty Management University Ғылыми зерттеулер орталығының директоры Данияр Сапарғалиев ғылыми дәреже беру жүйесін жетілдіру жайын көтерсе, Энергетика министрлігінің Ядролық физика институтының астаналық бөлімшесінің директоры, Ұлттық энергетика және машина жасау жөніндегі ғылыми кеңестің төрағасы, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент М. Здоровец өз кезегінде ғылымды басқарудың қазіргі жүйесі және оны жаңғырту шаралары туралы айтып берді. Ал Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Физикалық-химиялық зерттеулер және талдау орталығының басшысы, химия ғылымдарының кандидаты, профессор Б. Кеңесов ЖОО ғылымы және докторантура бағдарламасын дамыту, жоғары білім беру мекемелерін заманауи жабдықтармен жарақтандыру мәселелеріне көңіл бөлді. Аталған университеттің аға оқытушысы Е. Досжанов жас ғалымдарды әлеуметтік қолдау, соның ішінде жатақханалармен қамтамасыз ету мәселелерін қозғады. Ұлттық биотехнология орталығының зертханасының меңгерушісі, ғылыми жобаның жетекшісі, биология ғылымдарының кандидаты М. Жабағиннің баяндамасы пәнаралық ғылымдарды дамыту мәселесіне арналды. Бұдан өзге, геномдық зерттеулер мысалында саланы коммерцияландыру мәселелері де сөз болды.

«Назарбаев Университетінің» докторанты, Жас ғалымдар альянсының вице-төрағасы Б. Әбдікенов жиынға қатысушыларға жасанды зердені дамытудың маңызы, оның ішінде денсаулық сақтау (дербес медицина), білім беру, ауыл шаруашылығы (дербес ауыл шаруашылығы техникасы) салаларында қолданудың пайдасы туралы айтып берді. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, п.ғ.к. Наргиз Балтабаева жас педагогтерге арналған курстар мен тренингтердің пайдасы туралы айтып, жас педагогтарды даярлаудың жаңа құралын енгізу туралы ұсынысын жеткізді.

Кездесуді қорытындылаған Бақытжан Сағынтаев қатысушыларға ашық диалогы мен ұсыныстары үшін алғысын білдірді. Ғылымды дамыту мәселесінде Қазақстанда ғылыми қызметті жоспарлы әрі қарқынды дамыту үшін қандай бағыттарды одан әрі дамыту қажеттігін, қандай мәселелерге ерекше ден қою керектігін айқын ұғыну қажеттігі айтылды. Үкімет басшысы жастардың мәселелерін өз ауыздарынан есту үшін олармен кездесу дәстүрге айналып келер жылы да жалғасын табатынын тілге тиек етті.

Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев қаладағы техникалық колледждердің білім сапасын тексеріп, студенттермен жүздесіп, олардың пікірлерін тыңдады. Оқытушылардың әлеуметтік жағдайымен танысты. Сәт сайын дамып жатқан инновациялық технологиялар мен сандық технологияны игеруде нені ескерген жөн, неден кеш қалмауымыз керектігі жөнінде пікір алмасты.

Еске сала кетейік, ҚР Премьер-Министрі Мемлекет басшысының тапсырмасымен ел өңірлерін жұмыс сапарымен аралауда. Осыған дейін Бақытжан Сағынтаев Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Ақмола, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Шығыс Қазақстан, Алматы және Жамбыл облыстарында жұмыс сапарларымен болды.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Дереккөз: http://egemen.kz/