Бақытжан Сағынтаев әкімдерге аязға байланысты тапсырма берді
ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысында облыс әкімдеріне қазақстандықтарды жылумен қамту мәселесін тұрақты әрі қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Жалпы алғанда биыл жылыту маусымы елеулі технологиялық ақаусыз өтіп жатыр. Бұл мәселені барлық өңір әкімі қатаң тұрақты бақылауда ұстауы қажет. Солтүстіктің кейбір өңірінде қазір өте күшті аяз болып тұр, алда мереке күндері екенін ескеру керек, – деді Бақытжан Сағынтаев.
Үкімет басшысы жергілікті атқарушы органдарға жылу-энергия беру нысандарын қажетті отын көлемімен, қосалқы бөлшектермен, материалдармен қамтуды тапсырды.
Қосымша техникалық ресурстарды жұмылдырып, бұл күндері тиісті ұйымдар мен әрекет ету бригадаларының күні-түні кезекшілік атқаруын ұйымдастыру да қажет, – деді Бақытжан Сағынтаев.
Премьер-министр әкімдер мен Үкіметтің басқа да мүшелеріне жылумен қамтудағы жауапкершілікті ұмытпауды ескертті.
Халыққа керегі – осы. Біздің жай сөзіміздің қажеті жоқ. Оған керегі – нақты іс, үйдің жылы болғаны. Сондықтан бұл жерде жауапкершіліктің болуы міндетті, – деді Үкімет басшысы.
Еске салайық, бұған дейін 25 желтоқсаннан бастап еліміздің көп өңірінде күшті аяз болатыны хабарланған еді. Солтүстік, орталық, шығыс облыстарда түнгі 32-37 градусқа дейін төмендесе, кей жерлерде аяз 40 градусқа дейін күшейеді. Тіпті, Қазақстанның оңтүстік-шығысында да суық болады, кей жерлерде 25-30 градусқа дейін аяз болады. Қолайсыз ауа райына байланысты бірнеше өңірде мектептерде сабақ болмайды.
Дереккөз: Baribar.kz