«Бақылау жоқ»: Сапарбаев жиында кімге шүйлікті

    0
    43

    Өңірлер

    Қысқа сілтеме алу

    0 0 0

    Сапарбаев облыс бойынша 70 теологтың еңбек ететініне күмән келтірді. Оның сөзіне қарағанда, облыс көлемінде ғана емес, тіпті, республика бойынша осынша көп маман табылуы екіталай

    НҰР-СҰЛТАН, 11 наурыз – Sputnik. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев имамдармен кездесіп, өңірдегі діни ахуалды талқылады, деп хабарлады облыстық әкімдіктің ресми сайты.

    Аймақ басшысының айтуынша, облыста 350-ден астам діни бірлестік жұмыс істейді, олардың басым көпшілігі — мешіттер. Алайда имамдардың дайындығы көңіл көншітерлік емес. Себебі барлық имамдардың тек 20 проценті ғана жоғары оқу орнын тәмамдаған. Бұдан бөлек, насихат айту кезінде мемлекеттік тілді пайдалану мен шет елден келетін діни әдебиеттердің мазмұнына баса назар аударған жөн.

    Облыста дінге бет бұрған халықтың саны артып келеді. Олардың басым бөлігі – жастар. Осы орайда сан алуан діни ұйымдар мен ағымдардың жолын кескен маңызды. Облыстық дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаровтың айтуынша, бүгінде жұма намазына келетін адамдардың саны 37 мыңға өсті.

    Кездесу кезінде басқарма басшысының баяндамасы Сапарбаевтың көңілінен шықпады. Әкім оның сөзін бөліп, жиынның негізгі мәселесі мен мақсатын еске салды. Қазіргі жағдайды жақсарту үшін басқарма қандай шараларды атқарып жатқанын сұрады.

    Омаров мектептерде онлайн-дәрістердің өткізілетінін, сондай-ақ, теологтар мен журналистерден арнайы топтардың құрылғанын жеткізді. Қордай ауданында имамдар үшін қазақ тілін үйрету курстары ашылды. Алдағы уақытта ол жерде басқару бөлімін құру жоспарланып отыр.

    Тағы оқыңыз: «Сиқыр деген рас нәрсе» Имам мен психолог адамды дуалау туралы айтып берді

    Алайда Сапарбаев облыс бойынша 70 теологтың еңбек ететініне күмән келтірді. Оның сөзіне қарағанда, облыс көлемінде ғана емес, тіпті, республика бойынша осынша көп маманның табылуы екіталай.

    «Басқарма ауылдағы мешіт имамдарының не туралы уағыз айтатынын бақыламайды. Діни көшбасшылардың пікірі ескерілмейді. Мемлекеттік ақпараттық саясат аясындағы жұмыстар әлсіз жүргізіледі», — деді Сапарбаев.

    Бердібек Сапарбаев діни жоралғыларды өткізу кезінде ысырапшылдыққа жол бермей, қарапайымдылық пен қайырымдылық шараларына көңіл бөлуге шақырды. Сондай-ақ, имамдар мешіттерде айтылған әрбір сөз үшін жауапкершілікті сезініп,  қоғамдағы бейбітшілік пен тыныштықты сақтауға үлесін қосу қажеттігін баса айтты.



    sputniknews.kz