Баққожа Мұқайдың шығармашылығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

0

Алқалы жиын қазақ авторларының шығармаларын талдау арқылы, халық арасында кітап оқуды кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған-ды.

Конференцияға қатысқан ғалымдар қарымды қаламгер, дарынды драматург, публицист Баққожа Мұқайдың шығармалары төңірегінде мазмұнды талдаулар жасап, жазушының ел әдебиетіне қосқан сүбелі еңбектері жайында баяндады.  

Профессор, ҚР ҰҒА академигі Уалихан Қалижанов конференцияның алғы сөзінде Баққожа Мұқайдың жазушылық шеберлігі, оның көркем сөздері, әдебиеттегі, ұлт руханиятындағы алатын орны ерекше екендігіне тоқталды. Жан-жақты азамат ретінде драматургияны меңгеріп, адамзаттың, қоғамның ауқымды мәселелерін қамтыған көркем шығармаларын өмірге әкелді. Қаржы тапшылығы жылдарында «Парасат» журналын жарыққа шығарып, тығырықтан шығарудағы қаламгердің еңбегі зор. Көркем туындылары тәжік, қырғыз, белорус, якут, татар, башқұрт, чех, орыс, өзбек, қарақалпақ, түркімен, корей тілдеріне аударылған Баққожа Мұқай шығармашылығында драматургияның алатын рөлі жоғары.

Бүгінде туғанына 70 жыл толған Баққожа Мұқай Алматы облысы Райымбек ауданында өмірге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдағаннан кейін еңбек жолын 1965 жылы  «Коммунизм нұры» газетінен бастап, «Советтік шекара» газетінде жалғастырды. Жазушының шығармашылық жолы «Білім және еңбек», «Жұлдыз» журналдарымен, Қазақстан Жазушылар одағымен тікелей байланысты.

Қаламгердің «Жалғыз жаяу», «Өмірзая» атты романдары мен «Жаңбыр жауып тұр», «Өмір арнасы», «Аққу сазы», «Мазасыз маусым», «Дүние кезек», «Тоят түні», «Жеті желі», «Алғашқы махаббат», «Ертегідей ертеңім», т.б. еңбектері оқырмандар, әдеби орта тарапынан жоғары бағасын алған.  Ал жазушының «Өмірзая» еңбегіне арнаған ондаған жылдары зая кеткен жоқ. Асқан шеберлікпен жазылған туындысы үшін қаламгер ҚР  Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Роман бүгінгі күнде де өзінің өміршеңдігін жоғалтқан жоқ. 

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының міндетін атқарушы Кенжехан Матыжанов «1960-шы жылдардағы әдебиет өкілдері жалпы қазақ прозасына, қазақ поэзиясына, қазақ әдебиетіне төңкеріс жасаған ұрпақ екенін жақсы білесіздер. Сол дәстүрді ары қарай жалғап әкеткен жаңа буынның алғашқы талантты өкілдерінің бірі осы Баққожа Мұқай болды. Бізде тарихи романдар көп, бірақ сол тарихи дүниенің өзін басқаша көзқараспен және өзгеше стильмен жазудың алғашқы үлгілерін көрсеткен де осы Баққожа еді. Ең соңғы шығармасы «Өмірзая» қазақ әдебиетіндегі тәуелсіздік пен Кеңестік дәуірдегі проза жанрындағы дәстүрді жалғастырған шығарма деп ойлаймын» деп атап өтті. Ал өз кезегінде ақын, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалиннің айтуынша, Баққожа Мұқай  прозада қалай сәтті еңбек етсе, драматургия жанрында да басыбайлы бүтін жақсы дүниелер берді. Қаламгердің пьесалары 1970 жылдары репертураға қалай кірсе әлі күнге дейін өзінің көркемдік сапасын әлсіретпей, көрерменнің сұранысына жауап беріп келеді. «Том-том романдардың дүниеге келуі, «Өмірзая» атты атақты романның Мемлекеттік сыйлыққа ие болуы, «Иірім»  прозалық дүниесінің оқырманның көңіліне барып қонуы және өзі туып-өскен өңірі туралы жазған «Жалғыз жаяу» дүниесінің бәрі көлемді. Мұның барлығы Баққожаның қазақ прозасына қалтқысыз қызмет еткені.

Шара аясында жазушының қаламгер жолдастары, әріптестері, белгілі жазушылары, БАҚ өкілдері қатысып, қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығы туралы естеліктерімен бөлісті.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ