БАҚ:11 қыркүйектегі шабуылға күдікті билікпен келісім жасауға дайын

0

2001 жылы 11 қыркүйекте Нью-Йоркте жасалған терактіні ұйымдастырған деген күдікпен ұсталғандардың бірі Халид Шейх Мохаммед, егер АҚШ билігі өзіне өлім жазасын беруді талап етпесе, онда шабуылға Сауд Арабиясының қатысы барын растауға дайын. Бұл туралы 29 шілдеде Wall Street Journal (WSJ) басылымы хабарлады.

Басылым мәліметінше, айыпталушы шабуылдан қаза болғандардың туыстарының ұжымдық шағымын қарап жатқан Манхэттен федералдық сотына Гуантанамо түрмесінен хат жолдаған. Шағым берушілер Сауд Арабиясын 11 қыркүйектегі шабуылды ұйымдастырған «Әл-Қаида» террорлық тобын қаржыландырды деп айыптайды. Шағым иелерінің қорғаушылары сот процесі аясында осы іс бойынша қамалған бес адамның үшеуінен куәлік алуды талап еткен.

Сауд Арабиясы үкіметінің адвокаты Майкл Келлог қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты деп хабарлайды WSJ.

2001 жылғы 11 қыркүйекте төрт жолаушы ұшағын басып алған терроршылар Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда үйі ғимараты мен Пентагон ғимаратына шабуылдаған. Терактілер салдарынан 80 елдің үш мыңға жуық азаматы қаза болған. Олардың арасында Пенсильвания штатына құлаған ұшақтағы жолаушылар да бар.

Өзін «Әл-Қаида» тобы әскери кеңесінің басшысы деп атаған Халид Шейх Мохаммед 2003 жылы ұсталған.

Azattyq