Бапкер өзі жаттықтырған Олимпиада чемпионын төрт жыл бойы зорлап келген

0

Жаттықтырушы азғындық әрекетін тек 2018 жылдың қаңтарында тоқтатқан

Оңтүстіккореялық шорт-трекші Сим Сок Хи бапкері Чо Чже Бомды өзін зорлады деп айыптады.

Чо Чже Бом өзі жаттықтырған Олимпиада чемпионы Сим Сок Хиді 17 жасынан бастап зорлап келген. Қыздың адвокатының айтуынша, бапкер азғындық әрекетін тек 2018 жылдың қаңтарында – Пхенчхандағы Олимпиаданың басталуына бір ай қалғанда ғана тоқтатқан, деп хабарлайды CNA.

21 жастағы Сим Сок Хи зорлық көргені туралы сот тыңдауында мәлімдеді. Бұған дейін Чо Чже Бом қарамағындағы спортшыны ұрып-соқты деп айыпталған екен.

«Бұл қорқынышты қылмыс. Біздің қоғам оны жазасыз қалдырмауы керек», — деді Олимпида чемпионының қорғаушысы журналистерге.

Сондай-ақ, адвокат Чо Чже Бомның азғындық әрекетті мемлекеттік жаттығу орталықтарында да жасағанын мәлімдеді. Заңгер спортты басқарудың қазіргі жүйесінде жас спортшылар жеткілікті деңгейде қорғалмағанын атап өтті.

Сим Сок Хи — екі дүркін Олимпиада чемпионы. Кореялық бойжеткен алғашқы алтынын Сочидегі Олимпиадада жеңіп алды. Ал екінші алтын төрт жылдан кейін Пхенчханда өткен ойындарда бұйырды.


Дереккөз: https://sputniknews.kz/