Банкир Тәтішевтің өліміне қатысты сотталған Мұратхан Тоқмәди мерзімінен бұрын босап шығатын болды
Сотталған кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдидің шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініші қабылданды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақпарат сотта расталды.
«Қонаев қалалық сотының 2024 жылы 26 шілдедегі қаулысымен Мұратхан Тоқмәдидің мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтініші қанағаттандырылды», – деп хабарлайды Алматы облыстық соты.
Кейін КТК телеарнасына берген сұхбатында Тоқмәди Тәтішевті өлтіргенін мойындады. Ол “Тұран Әлем банкінің” (кейін БТА банк) бұрынғы басшысын өлтіруге Мұхтар Әблязов тапсырыс бергенін мәлімдеді. 2018 жылдың наурыз айында Тоқмәди он жарым жылға бас бостандығынан айырылды.
Банкир Ержан Тәтішев 2004 жылы 19 желтоқсанда Отар стансасы маңында аң аулап жүріп қайтыс болды. Toyota Land Cruiser көлігімен далада жыртқыш аңдарды қуған. Аңды қуып жеткен ол 12 калибрлі мылтықты қасында отырған Мұратхан Тоқмәдиге берген.
Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, сол сәтте жол талғамайтын көлік соқпақтан өтіп, мылтық өздігінен атылған. Оқ банкирдің тікелей басына тиген. Тәтішев басының оң жақ бөлігінен оқ жарақатын алған. Оқ сол жақ көзден өтіп кеткен. Олар мұны сол кезде «жазатайым» оқиға деп атаған.