Бангладеште 18 миллион адам жұмыс іздеп жүр
Бүгінде Бангладеште жастарды жұмыспен қамтуда күрделі мәселе айналған. 18 миллионға жуық адам белсенді түрде жұмыс іздеуге кірісті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің халықаралық шолушысы.
Сарапшының айтуынша, Бангладеште мемлекет меншігіндегі немесе субсидияланатын 47 университет, сонымен қатар 105 жеке университет және 2 халықаралық университет бар. Елдегі студент саны – 2,8 миллионға жуық. Бангладеш Ұлттық университетінде оқу ақысы жылына небәрі 9 доллар. Алайда шетелдіктер үшін бұл шамамен 1 мың доллар тұрады.
«Жалпы, Бангладеште 18 миллионға жуық адам жұмыс іздеп жүр. Жастардың 40 пайызға жуығы жұмыссыз. Бірақ студенттер үшін жұмыссыздықтың өзіндік ерекшеліктері бар. Қалыпты жағдайда, жоғары білім мықты кадрларды іріктеуде әлеуметтік саты болып саналады. Бірақ елдегі жүз елу жоғары оқу орнында 2,8 миллион студент болса, олардың барлығына лайықты жұмыс орны болмауы мүмкін. Оның үстіне мемлекетке жұмыс істейтіндердің 30 пайызы жекелеген әлеуметтік топ өкілдері үшін сақталған болса», — дейді халықаралық бақылаушы.
Еске салайық, Бангладештегі студенттердің жаппай наразылығы маусым айының соңында басталған еді. Бұл елді 2009 жылдан бері басқарып келген премьер-министр Шейх Хасинаның отставкаға кетуіне әкелді. Кейінірек Хасинаның Ұлыбританиядан баспана сұрағаны белгілі болды.
5 тамызда елде уақытша үкімет құрылып, парламент таратылды. Бір күннен кейін Нобель сыйлығының лауреаты, профессор Мұхаммед Юнус уақытша үкіметті оның бас кеңесшісі ретінде басқаруға келісті.