«Банда» видеосынан кейін реформа талабы қайта күшейді

0

ҚҰТТЫҚТАУДАН ҚЫЗМЕТТЕН ҚУЫЛУҒА ДЕЙІН

Қараңғы әрі шулы жерде түсірілген әлгі видеода полиция формасындағы азамат әріптестерін Жаңа жылмен құттықтайды.

Ол «Қымбатты бауырлар, жаңа жылдарыңмен құттықтаймын! Жолдастығымыз жеті ұрпағымызға дейін күшейе берсін! Шөберелеріміз біздің таныстығымызды пайдаланғай. Антибиотиктің (Ресейдің «Бандитке толы Петербург» сериалындағы атақты криминал – ред.) сөзімен келісемін. Достығымыз риясыз болсын. «Братва» болған соң, қолымыздан келгенді жасадық. Былайша айтқанда, біз — бандамыз! Қазақстан дами берсін, отбасымыз аман болсын! Ура, жолдастар!» дейді.

Оның артында сап түзеп тұрған ондаған курсант видео соңында академия қызметкеріне қосыла «Ура!» деп айқайлайды.

Қаңтардың 1-інде тарап кеткен бұл видеоның 2018 жылы желтоқсанның 31-інде түсірілгені белгілі болды. Ішкі істер министрлігі өкілінің хабарлауынша, видеоны министрлікке қарайтын Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының бірінші курс басшысының орынбасары А. Тастайбеков түсірген. Алдымен қаңтардың 2-сінде қызметтік тексеру жүріп жатқанын айтқан министрлік қаңтардың 3-інде оның «мемлекеттік қызметке кір келтiрген тәртіптік теріс қылықтары» үшін қызметтен кеткенін хабарлады. Министрліктің мәлімдеуінше, академияның басшылығы да қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Әлеуметтік желіде бұл видео туралы бір күннің ішінде жүздеген жазба жарияланып, айна ұрыларының қолынан қаза тапқан олимпиада жүлдегері Денис Теннің өлімінен соң басталған Ішкі істер министрлігін реформалау талабы қайта күшейді.

«БҰЛ — ШЕКТЕН ШЫҒУ»

1997-2000 жылдары Қорғаныс министрінің идеологиялық және әлеуметтік-құқықтық жұмысы бойынша орынбасары болған генерал Әмірбек Тоғысов полицейдің «бандамыз» дейтін видеосын «шектен шығу» деп санайды. Оның сөзінше, заңды мүлтіксіз орындауды, азаматтардың құқығын қорғап, бандитизммен күресуді мақсат тұтуы тиіс болашақ офицерлерді дайындайтын маманның «нағыз қылмыскер сияқты сөйлеуі» — курсанттардың бандиттік түсінікпен тәрбиеленіп жатқанын көрсетеді.

— Кімді дайындап жатыр? Кім дайындап жатыр? Полицейлер қылмыс әлемімен жымдасып кетсе, қайда барамыз? Кімді қорғамақ? Жаппай талқы болуы керек. Қауіпсіздік кеңесі талқылауы керек. Бұл жүйедегі тәртіпсіздікті, заңсыздықты көрсетті. Түрмелерде, колонияларда не болып жатыр? Ең қорқыныштысы – осы, — дейді ол.

Тоғысов Қазақстанда Ішкі істер министрлігін реформалау «полиция формасын өзгертудің» айналысында қалып қойғанын айтады. Генералдың сөзінше, бұл – реформа емес.

— Әлеуметтік желіде күн сайын полицейдің заңды бұзғаны, билігін асыра пайдаланғаны, азаптағаны туралы шығады. Міне, [министрлік жұмысына берілер] баға – осы. «Құтқарғандарыңызға рақмет!», «Менің көзімше қылмыскерді тоқтатты» деп полицейге алғыс айтқан адамды көрдіңіз бе? Құқық қорғау қызметкерлерінің рейдерлікпен шұғылданғаны, ұрып-соғып, зорлағаны туралы жиі оқимыз, – дейді ол.

«Жауынгерлік бауырластық» ардагерлер одағының жетекшісі, запастағы полковник Сергей Пашевич «полицейлер салғырттығын басынан өткергенін» айтады.

— Екі жыл бұрын он төрт жастағы қызыма көшеде біреу шабуыл жасап, полицияға барғанбыз. Арыз жазамын дегенше екі сағат өтті. Тергеуші шу көтерген соң бір-ақ кірісті. «Ойдан шығарып тұрған жоқсың ба? Рас айтасың ба?» деп қызымның өзіне қысым жасады. Маған біршама уақыт күдіктілердің суретін жіберіп тұрды. Бірақ сол күйі тапқан жоқ, — дейді ол.

Пашевичтің сөзінше, Қазақстанда «органға тәртіп пен заңды қамтамасыз етуге емес, ақша табуға жұмысқа тұрады деген түсінік бар».

— Ақшаны кез келген жолмен табады. Полиция адамдарға көмектесіп, заң мен тәртіп сақталуын қамтамасыз етсе, адамдар солай айтар еді ғой. Ашылмаған қылмыс көп. Осыдан соң адамдар [сыннан] басқа не айтсын? – дейді ол.

«ПОЛИЦИЯ ЕМЕС, ҚОҒАМ ӨЗГЕРУІ КЕРЕК»

Ішкі істер министрлігін реформалау мәселесін үзбей көтеріп жүрген белсенділердің бірі – «ІІМ –дегі реформа үшін» («За реформу МВД») тобының өкілі Ирина Медникова «бандамыз» деген полицейдің видеосын көріп «абдырап қалғанын» айтады.

— Бірақ реформадан үмітімізді үзген жоқпыз, әрі қарай да әрекет ете береміз. Реформа Қасымовтың отставкаға кетуімен шектелмейді. Оның кетуі – жүйе реформаланады деген сөз емес. Ішкі істер министрлігінің құрамы толықтай ауысып, жаңа талаптарға сай келетіндер келуі керек. Бұл жағдай бір реттік оқиға ма, әлде барлық полицейлерге тән құбылыс па – белгісіз. Бізге полиция жүйесін іштей зерттеу керек. Қай жерлері шіріп жатқанын, қай жерлерін өзгертуге келетінін көру керек, — дейді ол.

Сарапшының ойынша, «Біз — бандамыз» видеосын түсірген қызметкерді жұмыстан шығару – қоғамды сабырға шақыру үшін жасалған амал.

— Шулы жағдайлардан кейін бір адамды жұмыстан шығару сияқты елеусіз шешімдерге үйреніп қалдық. Жұртқа «мәселе шешілді» дегендей хабар береді. Шындығында, олай емес. Бір адамды жұмыстан шығару – мұның жүйеге тарап кеткен жағдай емесін, [министрлік] мұндай әрекетті құптамайтынын көрсету үшін жасалған амал, — дейді ол.

Парламент мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Владислав Косарев «Реформа болып жатқан жоқ» деген белсенді сөзімен келіспейді.

— Әрине, реформа жасалып жатыр. Зер салып қарасаңыз, қоғам тұтастай реформаланып келеді. Жауапкершілік өсті, талап күшейді. Еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көшіп жатыр. Полицей жалақысының 10 пайызын қысқартып, оны жауапкершілікпен жұмыс істейтіндерге береді. Полицейлер қоғамнан бұрын өзгеріп кетеді деп күтудің қажеті жоқ. Қоғам өзі бірінші өзгеруі керек. Мейірімділіктің не екенін, зұлымдық не екенін анықтап алуы керек. Осыдан кейін полицейлер де өнімді еңбек ете бастайды, — дейді Косарев.

Қазақстандық полицейлер

Қазақстандық полицейлер

Қазақстан ішкі істер министрлігінің өкілі Алмас Садубаев Tengrinews.kz ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында ішкі істер органдарының жұмысын жақсарту үшін жол картасы қабылданғанын, барлық қызметкерлер кезектен тыс аттестациядан өтетінін айтқан.

«Бірінші кезекте полицейлерді дайындайтын бес академияның оқытушылары аттестациядан өтеді. Білікті оқытушылар құрамын жасақтау үшін өте қатаң бағалау жүйесі болады. Бұл жаңа бағыттағы полицейлерді дайындауға мүмкіндік береді. Қазақстан полициясына ребрендинг жасау үшін бізді көп жұмыс күтіп тұр. Азаматтар барлық жұмысымызды уақытында бағалайды» деді ол.

«БЕЙРЕСМИ ИДЕОЛОГИЯ»

Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылар – құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина мен саясаттанушы Айдос Сарым «бандамыз» деп видео түсірген полицей оқиғасы «тұтас жүйеде бандиттік түсінік барын көрсетті» дейді.

— Әрбір полиция бөлімшесінде осындай жағдай. Олар әділдікті қос қолында ұстап тұрғандай сезінеді. Бұл полицейлердің идеологиясына айналып кетті. Әлгі видеода офицер әрбір полицейдің не ойлайтынын айтты, — дейді Төреғожина.

Айдос Сарым.

Айдос Сарым.

Айдос Сарымның ойынша, «бұл видео Қазақстан полициясының түп-тамыры совет милициясынан еш айырылмағанын айқындап берген».

— Полициямыз сол сананы қабылдап алғаны, мемлекетшіл мұраттан, заңға қызмет ету, қорғау сияқты үлкен принциптерден ада екенін көрсетіп отыр. 1941-1945 жылдары болған соғыс кезінде совет әскерлерінің «Гитлер жасасын!» деп керісінше ұрандатуы сияқты ғой. Яғни, өзіне қарама-қайшы топтың идеологиясын мадақтау. «Бұл ара-тұра болатын жағдай шығар» деп ойлап ем, жоқ, командирден курсантқа, курсанттан болашақ лейтенантқа өтетін бейресми идеологиялық бағыт екен, — дейді ол.

Дегенмен саясаттанушы Ішкі істер министрлігінің реформасынан «үміт барын» айтады. Оның сөзінше, «Қазақстаннан да жемқор елдерде реформа болған».

— Шындап істейміз десе, істеуге болады. Мәселе – құлықтың болмауында. Бүгінгі саяси жүйенің өзі осындай полицейге тіреліп тұр. Кез келген авторитарлық режимнің дамуында кептеліс болады. Біреуін босатып жіберсең, екіншісі, сосын үшіншісі босап кетеді. «Елді басқара алмай қаламын ба?» деген қорқыныш пен үрей болады, — дейді саясаттанушы.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылы желтоқсанның 29-ы күні журналистермен кездесуде полицияның жаңа образын жасап, жалақыларын өсіріп, әлеуметтік пакет ұсыну керектігін айтқан.

Қазақстан полицейлері соңғы жылдары бірнеше рет дауға қалды. Былтыр күзде елде полиция қызметкерлерінің табельдік қарумен әріптестеріне оқ атқаны туралы екі оқиға (Алматыда және Батыс Қазақстан облысында) тіркелген. Жемқорлықпен күрес қызметі қазан айында жоғары шенді екі полицейдің ұсталғанын хабарлады. Ақмола облысында полицей автобекетке «бұзақылық шабуыл жасады» деген айыппен күдікке ілінді. Жанар-жағар май бекетіне шабуылдан соң ішкі істер министрлігі «қызметкердің заңға қайшы әрекеті үшін» кешірім сұрады. Алайда министр Қасымов бұл мәселелерге қатысты сұрақтарға жауап бермеді.

61 жастағы генерал-полковник Қалмұханбет Қасымов — Ішкі істер министрі қызметін ұзақ атқарып келе жатқан шенеунік. Бұған дейін бірде-бір ішкі істер министрі ол сияқты қызметте көп отырмаған.

Дереккөз: Азаттық