Балық шаруашылығында мәселе баршылық
Халық денсаулығына ең пайдалы өнім де балық. Алайда өңір экономикасын қалыптастырып, адамдардың тұрмыс сапасын арттыруда айрықша маңызға ие балық шаруашылығында шешімін таппаған мәселе көп. Жамбыл облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, бүгінде облыста 115 су айдыны бар. Бір өкініштісі, оның көпшілігі экономикалық әл-ауқатты арттыру бағытында жұмыс істемейді.
Әулиеата өңірінің балық шаруашылығымен аты шыққан жоқ. Тек облыстағы Билікөл, Теріс сияқты су айдындарынан балық аулап, оны кәдеге жарату ісі біршама жолға қойылған. Мәлімет бойынша, өңірде жыл сайын халық 3801 тонна балық өнімін тұтынады. Оның ішінде 2465 тонна балық сырттан жеткізіледі. Яғни, балық өнеркәсібін дамыту Жамбыл өңірі үшін өзекті мәселе.
Облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, өткен жылы өңірде 206 тонна балық ауланса, биыл 214 тонна балық ауланған. Сонымен қатар әрбір су айдыны үшін үш жылдық даму жоспары әзірленіпті. Басқарма басшысы осы кезеңде табиғатты пайдаланушылар жоспарланған балық өсіру және аулау жоспарын орындауға тиіс екенін де айтып өтті. «Су айдындарының әрбір гектарына 200 шабақтан жіберілуі керек. Балықты көбейту жұмыстары басқарманың және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған қызмет өкілдерінің қатысуымен жүргізіледі. Жаңа жылдан бастап балық шаруашылығына мониторинг жүргізіледі», дейді Н.Нұржігітов.
Нақты жоспар бойынша өндірілетін өнім көлемін алдағы уақытта ұлғайту міндеті тұр. Бұл мәселеге қаражат көздері де қарастырылған. Жамбыл өңірінде бұл мақсатқа жалпы көлемі 151 миллион теңге жұмсалады. Жоспарға сәйкес, ағымдағы жылы су қоймаларына 5 миллион, 2020 жылы 5,2 миллион, 2021 жылы 5,5 миллион шабақ жіберілмек. Нәтижесінде өңірде балық өндіру қарқыны 2020 жылы – 430, 2021 жылы – 688, ал 2022 жылы 1100 тоннаны құрайды деп жоспарлануда.
Алайда өңірлік балық шаруашылығын дамыту туралы жиында облыс әкімі Асқар Мырзахметов бұл мәселеге көңілі толмайтынын жеткізді. Әкім басқарма басшысына қазіргі жұмыспен күткен нәтижеге қол жеткізе алмайтынын қадап айтты. «Біз 115 су айдынынан тек 200 тонна балық аулаймыз. Осыдан кейін өз өнімдерімізбен өзімізді қалай жеткілікті қамтамасыз етеміз?» деді өңір басшысы.
Расында да Жамбыл өңіріндегі су айдындарындағы балық өнімдерінің тиісінше пайдаланылмай отырғанын көруге болады. Бұл бір суқоймадан бір тонна ғана балық ауланады деген сөз. Өңірде балық шаруашылығын дамыту мақсатында балық өсірушілердің санын көбейту де маңызды мәселе болып тұр. Қазір облыста 2 балық өсіруші ғана бар екен. Айталық Меркі ауданында үш гектар жерде 550 мың шабақ өсірілуде. Бірақ мұнда 6,5 миллион балық өсіруге болады. Сонымен қатар Жамбыл ауданындағы су айдынында балықты 5 миллионға дейін көбейтуге болса, бүгінде мұнда 2600 ғана шабақ бар. Балық шаруашылығын жолға қою мақсатында жуырда Жуалы ауданында тағы бір балық өсіру айдыны ашылмақ.
Балық өсірудің өзіне тән қиындықтары да бар. Мәселен, облыстағы 115 су айдынындағы балықтарды қамтамасыз ету үшін 800 тонна құрамажем қажет. Бұл ретте балық өсірушілер құрама-жемнің жетіспеушілігі балық санын арттыруға мүмкіндік бермей отырғанын айтады. Бірақ бұл мәселеде де мемлекет тарапынан тиісті қолдау бар. Мемлекет тарапынан құрамажем алу үшін 30 пайыз, ал жабдықтар мен техниканы сатып алуға 25 пайыздық субсидия беріледі. Мемлекеттің бұл қолдауы айтарлықтай демеу болмақ.
Жалпы, Жамбыл облысында балық шаруашылығы саласының әлі толық қалыптаспағанын жоғарыда айттық. Ендігі жерде облыстық әкімдік тарапынан балық өсірушілерге аталған шаруашылықты дамытуға күш салу керектігі айтылуда. Мұндағы мақсат табиғат байлығын өңір тұрғындарының кеңінен пайдалануына жол ашу және балық өнімдеріне сұранысты арттыру болып отыр. Шыны керек, бүгінде базарларда да, бірқатар сауда нүктелерінде де Сырдария, Шардара сияқты атақты су айдындарының өнімдері самсап тұрады.
Бұдан кейінгі тағы бір мәселе, балық шаруашылығын дамыту үшін өңірдегі су көздерінің әлеуетін толық пайдалану керек. Әкім де суқоймаларды жалға алушылар оны тұрақты пайдаланғанымен, қайтарымы жоқ екенін айтқан еді. Сондықтан да балық өсірушілер мемлекеттің қолдауы арқылы құрамажемнің көлемін ұлғайтып, балық сапасын арттырса ғана оған сұраныс жоғары болмақ. Бұдан кейін өңірдің балық шаруашылығындағы жаңа дәуірі басталатын болады.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/