Балқаш көлінің маңында алапат өрт болды – фото, видео

0

Министрлік ұсынған дерекке сүйенсек, өрт салдарынан балық қабылдау пункті мен балық өсіретін шаруашылықтарға зиян келген

Әлеуметтік желіде Балқаш көлінің маңында болған алапат өрттің суреттері мен видеосы кең тарауда. 

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарлауынша, Алматы облысындағы орман шаруашылығына тиесілі далалы аймақта екі өрт оқиғасы болған.

Оның біріншісі – 14 сәуірде Балқаш ауданының аумағында орын алған дала өрті қатты желдің әсерінен «Тау-Құм» орманшылығын шарпыған. 15 сәуірде «Қазәуеорманқорғау» мекемесінің ұшағымен әуеден бақылау жүргізіліп, желдің екпіні бәсеңдегендіктен, өрттің таралуы тоқтағаны анықталды.

«Қазіргі уақытта «Күрті орман шаруашылығы» мекемесі, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен «Қазәуеорманқорғау» кәсіпорны және Желтораңғы ауылдық округінен 42 адам мен арнайы техникалар оқиға орнында жұмыс істеуде. Өрт сөндіру жұмыстары кезінде адам шығыны мен жарақаттануы болған жоқ», – делінген хабарламада.

Ведомство өкілдері өрт аумағы мен келтірілген залал көлемі, тілсіз жау толық сөндірілген соң есептеліп, жарияланатынын атап өтті.

Ал екінші өрт оқиғасы 15 сәуірде сағат 12.00-де «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи қорығының Іле сағасы филиалының Наурызбай кардонынан батыс бағытта 10-15 шақырым жерде болған. Өрт ошағы сулы-батпақты аумақта өрши түскен. Тілсіз жауды сөндіруге қорықтың 2 көлігі мен 9 адам жіберілген.

Министрлік ақпараты бойынша, өрт салдарынан балық қабылдау пункті мен балық өсіретін шаруашылықтарға зиян келген. Сонымен қатар, шаруашылықтың бір қызметкері ауруханаға жатқызылған.