Балқаш кімдікі?

0

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, тағы да жер мәселесі әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Бірақ бұл жолы Солтүстіктегі аймақты қорғап емес, «Балқашты бермейміз» деп әлекпіз. Ешкім тартып алмақ та емес, тек желдей есіп жүрген қытайдың алып-қашпа әңгімелері шамымызға тиіп, шамадан тыс әбігерге түсіріп жатыр. 

Әңгіменің мән-жайы мынада: 

Қытайдың Байду сайты 2023 жылдың 29 шілдесінде Балқаш көліне байланысты жер дауы мәселесін көтерді. Осылай олар қазаққа тиесілі Балқашты сөзбен меншіктеп алуға асық.

Қасық қаны қалғанша күресіп, қолына қару алып, жауға қарсы тұрып, әрең дегенде шекараны белгілетіп, бейбітшілікке қол жеткізген де, тағы да осындай пікірлер. 

Ашындырады, ашуыңа тиеді, әрине. Халық арасында мынандай аңыз бар. Өз заманында Құдай барлық мемлекеттің басшыларын шақыртып, жер бөліп беріпті. Біздің қазекеңнің кешігіп жүретін әдеті бар емес пе? Бұл жолы да соңынан келіп, өз үлесін алуға ниеттеніпті. Сонда барлық жерді бөліп қойған Құдай қазақты «менде ештеңе қалмады» деп қайтармақшы болыпты. Ақыр соңы қиылып тұрып, қалағынын алмайынша кетпейтін қазақтың табандылығын көріп, Құдай «өзіме» деп тығып қойған, шөбі шүйгін, қазбасы мол, саф ауасы, емдік суы бар жерді берген екен. Осы бір аңыздың артында бір шындық бар-ау, сірә. Біздің жер бәріне керек, бәріне қызық. Бірақ көз тіккен көлденең аттыға өз жерін кім берсін? Тарих бар, тамыр бар, дін бар, ұлт бар, халық бар. Біз үшін осының бәрі қымбат. 

Бүгін де 85%-ы Қазақстанға, ал қалған 15%-ы Қытайға тиесілі Балқаш көлі 18,2 мың шақырым аумақты алып жатыр. Туризмнің ошағына айналған бұл көлде жылына төрт мыңға жуық адам демалады. Суының емдік қасиеті бар, 9 демалыс аймағы орналасқан Балқаштың атауы қытай басылымдарында өте жиі кездеседі. 

Оған дәлел, қытайдың Байду сайты 2023 жылдың 29 шілдесінде Балқаш көліне байланысты жер дауы мәселесін көтерді. Осылай олар қазаққа тиесілі Балқашты меншіктеп алуды көздеп отырған сияқты. Бұл, әрине, алдымен халықтың пікірі. Себебі Facebook әлеуметтік желісінде толассыз пікір жаңбырдай жауып жатыр. Қытай басылымындағы мақаланың мәтіні мынадай: 

«Балқаш көлі еліміздің ең үлкен тұзды көлі еді. Көлемі жағынан әлемнің 13-орынында тұр. Ескіде Ибо хай (Бұратана халықтарының шалқар көлі) атанып, батыс-солтүстіктегі біздің халықтар тірішілік еткен жер болған.  XIX ғасырдың ортасы мен соңында Патшалық Ресей күшпен тартып алған. 

Біріншіден XIX ғасырдың аяғында Ресей Балқаш көлін бақылауға алып, одан әрі ОА-дағы ықпалын кеңейтуге пайдаланды. 

Екіншіден, ол кезде Цин үкіметі батыс шекарасын басқару мен қорғау жағында күші жеткіліксіз болып, ақыры 1885 жылы қол қойылған қытай-орыс шарттарында Балқаш көлі мен оның төңірегіндегі аймақтар патшалық Ресейдің ықпал ету аймағына айналды», — деп жазылған сайтта. 

Осы өзгелерде бос уақыт болса, тарихтың сарғайған беттерін парақтап, жер түгендейтін не әдет? Өзіміз өзгенікіне қол салып, қонышымызға басып, қолтығымызға қысып әкетуге мүлде жоқ екенбіз. Біз өзіміздікін бермейміз, бөтеннен алмаймыз. 

Сонымен бұл мақаланың уақыты Қытай мен Қазақ арасындағы визасыз режимнің мәселесі шешілген уақытпен тұспа-тұс келеді. Себебі дәл осы уақытта Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си-Цзиньпин жиырмаға жуық құжатқа қол қойған еді. Тараптар уағдаласқан келісімнің 2-бабына сәйкес, екі ел азаматтары іскерлік мақсатпен, жұмыс бабымен, жеке іспен, емделуге немесе турист ретінде барған жағдайда визалық талаптар алынып тасталды. Жалпы осындай өзгерістер орын алып жатқанда қытайлық БАҚ-тар «Балқаш көлі біздің жер» деген тақырыпты трендке шығарып, жарыса жазды. 

Осы мәселеге байланысты Kznews.kz ақпарат агенттігінің тілшісі этнограф, мәдениетанушы Бердалы Оспанның пікірін білді. 

«Біріншіден, бұл Қытай үкіметінің тарапынан жарияланған ресми ақпарат емес. Бұл белгісіз адамдардың пікірі. Мұндай алып-қашпа әңгімелер кез келген мемлекетте болады. Шекаралас көрші Ресей мемлекеттерінің адамдары да жиі-жиі «Қазақстанның жері бізге тиесілі, қалаларды біз салып бергенбіз, көп нәрсені біз үйреттік» деген пікірлерді айтатын болып жүр. Олардың әрқайсысына мән беріп, өзекті мәселе етіп отыра алмаймыз.

Қазақта «ит үреді, керуен көшеді» деген жақсы сөз бар. Сондықтан ұстамдылық керек. Егер расымен мемлекет билігі осылай айтатын болса, онда әрине жауап беру қажет болады.

Ел арасында бір аңыз әңгіме бар. Бір кісі өзінен үлкен кісіге барып өте ауыр сөздер айтыпты. Қария үнсіз ғана тұра беріпті. Сонда куәгерлер «сіз неге жауап бермедіңіз?» десе, «Адамға сыйлық сыйлап, ол оны алмаса, сыйлық кімде қалады, ойландыңыз ба?» деген екен.

Қазақстан қазір бар күшін өсек-аяңмен күресуге емес, елдің дамуына бағыттау керек. Біз интернетте отырып алып, осындай дүниелерді тере берсек, майдаланып кетеміз. Бұл мәселеден СІМ-нің де хабары бар екеніне менің күмәнім жоқ. Мүмкін олардың өзіндік ұстанымдары бар шығар. Мәселен, жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге барған сапарында, көп мәселенің басын шалып қайтты. Біздің ЛНР, ДНР деген квазимемлекеттерді мойындамайтынызды, себебі біз әлемдік БҰҰ-ның шешімімен жүретінімізді жеткізді. Осындай ойларымен бөлісіп, Ресей азаматтарының арандатушы бейнежазбаларды, пікірлерді жиі жариялайтынына тоқталды. «Бірақ, шын мәнінде, бұл Ресейге кері әсерін тигізуде» деп нық айтты. Бұл біздің өркениеті биік ел екенімізді, айтақтағанға еріп кетпейтінімізді, өзіміздің даму бағытымыздың бар екенін және тура жолдан таймайтынымызды білдіреді.

Сол сияқты бір кездері Н.Ә.Назарбаев латын әліпбиіне көшуге шешім қабылдағанда, Ресейдің біраз азаматтары «қазақтар орыс әлемінен кетті» (Казахи уходят из русского мира) деген әңгімелерді айтқан еді. Біз бұл арандатушылыққа да мән бермедік. Сонда көп адам «неге біз оларға жауап бермейміз?» деп ойлады. Бірақ көп ұзамай Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақтың өз әлемі бар» деп, орынсыз пікірлердің салмақты жауабымен нүктесін қойды.

Егер біз әр айтылған алып-қашпа әңгімеге мән беріп, дүрліге берсек, бізді қорқақ халық ретінде қабылдайды. Біз де өз тарихымызды білеміз. Кезінде біздің бабаларымызға басқа елдер салық төлеп тұрған. Бірақ аумалы-төкпелі заманда бұрмаланып, көп нәрсе жоғалып кетті.

Мәселен, қазір Құрманғазы Ресейде жатыр, себебі ол да біздің жер болған. Алайда Алаш Арыстарының ерлігінің арқасында шекарамыз белгіленді, ол сол күйінде қалады. Қытайдың да билігі оны біледі. Ал сайт оны рейтингтін арттырып, беделін көбейту үшін жазғаны анық. Ондайлар бізде де бар. «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп жаза беру — үлкен қателік. Ондай саясат жақсылыққа әкелмейтіні хақ. Дәл қазіргі жағдайда билік ұстамды болуы керек. Кезінде хан Абылай қазақ елінің тағдырына алаңдап, Қытаймен де, Ресеймен де дұрыс саясат жүргізгені баршаға мәлім.

Біз енді ғана ес жиып, етек-жеңімізді жиып жатқан елміз. Өзіміздің экономикалық, мәдениет, саясат бойынша, технологияны дамыту, жастарға білім беру, әлеуметтік жағдай деңгейін арттыру сияқты түрлі бағытта көздеген мақсаттарымыз бар. Білім тек мектеп, ЖОО-да ғана берілмейді, оны билік басындағылардың іс-әрекетінен, мінез-құлқынан алуға болады. Осыны да ойлау керек. Біздің тарихымыз сонау сақ заманынан бастау алған. Біздің өз мүдде-мақсаттарымыз бар. Егер әлеуметтік желілерде осындай мәселелерге бірқатар зиялы қауым өкілдері жауап беріп жатса, соның өзі жеткілікті.

Арандатушылықтың торы — өте қиын дүние. Біздің министрліктер де ай қарап отырған жоқ. Қажет кезде нақты сөйлеп, өз пікірлерін білдіреді. Біздің де басылымдар жауап берсін. Қытай-қазақ қатынастарын жетік меңгерген тарихшылармен сұхбат жүргізсін, тілдессін» , — деді Бердалы Оспан.

фото: egemen.kz