Балконда қараусыз қалған: Атыраулық тұрғыннан төрт баласын тартып алды
31 жастағы әйел балаларын танысының үйіне қалдырып, кейіннен көршілері төрт баланың көп қабатты үйдің балконында отырғанын көрген, деп хабарлайды «Мой город» сайты.
Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 11 тамызда 102 операторына қала тұрғыны қоңырау шалып, көп қабатты үйлердің бірінің балконынан төрт баланың құлап кету қаупі бар екенін хабарлаған.
«Бұл хабарламаға сәйкес полиция қызметкерлері дереу оқиға орнына барып, тексеру барысында Қызылқоға ауданының 31 жастағы тұрғыны балаларын Атырауда тұратын досының үйінде қараусыз қалдырғанын анықтады. Сондай -ақ, аталған әйелдің алкогольдік ішімдіктерді тұтынатыны және ішкі істер органдарында есепте тұрғаны белгілі болды. Төрт бала Атырау облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жіберілді. Қазіргі уақытта әйелге қатысты жинақталған материалдар қала әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға ата-аналық құқықты шектеу туралы ұсыныспен жіберілетін болады» ,- деп хабарлады полиция.
Бөлімде атап өткендей, 11-17 тамыз аралығында облыста «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілуде.
Атаулы шара басталған сәттен бастап үш күн ішінде ювеналды полиция бөлімінің қызметкерлері жасөспірімдерді, функционалды емес отбасыларды профилактикалық және тізімге алуды жүргізіп, нәтижесінде 50-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты ашқан.