Балғынбек Имашев: Есі дұрыс еркек әйел сұлулығын көргенде қозу керек — Қазақстан жаңалықтары

0

Stan.kz тілшісі танымал айтыскер ақын, қоғам қайраткері, қазақтың сүйікті ұлы Балғынбек Имашевпен сұхбаттасып, биліктегі дінсіздер, зорлық-зомбылық секілді қоғамды толғандырып жүрген сауалдар төңірегінде әңгіме өрбітті. Көптің көзайымына айналған ақын өзін вахабист деп атайтындарға жауап беріп, дінді жүрген жерінде не себепті насихаттайтынын түсіндіріп, қашан «төрт құбыласын түгендеп», тағы әйел алатынын айтты.  

балғынбек имашев

«Тальгода» зорланған әйел — еліміздегі соңғы көкейтесті тақырыптардың бірі, үлкен прецедент. Әйелді қорлау, қол көтеру, т.б — бұған кім кінәлі, заңымыз жұмсақ па?

Мен сол оқиғаға сенбеймін. Тальгоға жұмысқа кіру үшін де іріктеп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандарын ғана алады. Ол жерге жұмысқа тұру өте қиын. Бұл жерде халыққа көмескі бір кілтипан бар екені сөзсіз. Сосын қазір қыз зорлайтын заман емес. Қазір қарап тұрған жігітке қыз артылар деген заман. Бүкілі ашық-шашық. Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді дегендей иттен ұят кеткен заман. 

Адам зорлау-ең ауыр қылмыс. Адам арын таптау. Сондықтан да бұл мәселе өз шешімін тапқанын қалаймын. Кейде жолсеріктерге жала жауып, хайп жасап, ақша тапқысы келді ме екен деген ой келеді. Тальгода айқайласа да ешкім естімей қалды дегенге сену қиын.

Сонда сіз жолсеріктерді ақтап алып жатсыз ба? 

Мен бұл жерде жолсеріктерді ақтап жатқан жоқпын. Егер олар жазықты болса, ең ауыр жазамен жазалануы керек. Менің түсінігімде еркек адам әйел адамды зорлайтын болса, піштіріп тастау керек. Әйелге қамқор болатын еркек, оны зорлайтын болса неменесіне еркекпін деп жүреді? Олай еркек болмай-ақ қойсын!

Қазіргі азған заманда бәрі мүмкін. Бірақ жолсеріктер ұлттың келбеті болардай жігіттер ғой. Басқа ұлттың адамдары жолсерікке қарап қазақ ұлтын тануы керек. Егер сондай қызметтегі азаматтар осындай күнәға баратын болса ең ауыр жазаға кесу керек деп ойлаймын. Осындай оқиғаларда мен қыз жағындамын. Бірақ қыздан да кінә болуы мүмкін. 

балғынбек имашевМұхамеджан Тазабековтың ашық-шашық жүретін қыздар ер адамдарды ауруға әкеледі, зорлыққа жол береді деп қалып еді. Осы оқиғалар әйел адамға байланысты ма?

Қоғамның моральдық келбетіне байланысты. Қыз бала ашық-шашық киініп жүрсе, оған қараған еркектің қозбайтыны жоқ. Қозайын деп қозбайды. Еркек боп жаралған соң, әйелдің сұлулығын көргенде автоматты түрде әске асатын дүние. Егер қозбаса ол — ауру, не белсіз еркек немесе қызтеке. Есі дұрыс еркек әйел сұлулығын көргенде қозуы керек. Алла оны сол үшін жаратқан. 

Бірақ еркектің нәпсісін тыйып ұстауы үшін шариғатта әйелдерімізге ұзын, жабық көйлек кию парыз етілген. Көтенін бұлтыңдатып жүрмеген. Бірақ қоздық екен деп қызға артыла бермейді ғой. Қозады, қозады содан барады да ауру болып, денсаулығы құриды. Тек Мұхамеджанның ғана айтқаны емес бұл, ғылымда бүкілі дәлелденген, бар нәрсе. 

Дін туралы сөз қозғап кеттіңіз. Өзіңіз дінді насихаттап жүрген азаматтардың бірісіз. Дін — адамның ішкі таңдауы, тек өзіне қатысты дүниесі ғой, оны насихаттау қаншалықты дұрыс?

Дінді насихаттау — міндет. Өйткені, жамандықтан тыйылып, жақсылыққа шақырумен ең хайырлы үмбет болдық. Құранның, Пайғамбарлардың келу себебі де жамандықтан тыйып, жақсылыққа шақыру. Егер қоғамда жамандықтан тыйып, жақсылыққа шақыратын адам болмаса, ол қоғам құриды.

Мектепте мұғалімнің балаға айтып отырған ұрлама, жаман болма дегенінің бәрі насихат. Оны дін емес, тәрбие деп жатады. Бәрі бір нәрсе қарап отырсаңыз. Дін — қорқынышты қараңғы жер емес, жап-жарық әлем. Дін әйеліңе жақсы қара, ата-анаңа қамқор бол, ұлың мен қызыңа жақсы тәрбие бер дейді.

Дін — адамдардың қарым-қатынасын реттейтін құрал. Дінмен жүрген адамда проблема болмайды. Бүкіл адамның стресске түсіп, жүдеп жүргені діннің айтқанын істемегеннен болып жатыр. 

балғынбек имашевДінді нық ұстаған азамат екеніңізді білеміз, дегенмен өз аузыңыздан естісек, сізді сыртыңыздан «вахаббист» деп атайтындар бар ма?

Мен вахабистің кім екенін білген жоқпын. 2000 жылдардың басында Елбасының зекетімен айтыскер ақындарды қажылыққа апарады дегенде ұйымдастырушылары Мұхамеджан Тазабеков дегенді естідік. Ол кезде Мұхамеджанды вахабист дегенді естігенбіз. Содан Мұхамеджан, Шорабек тұрса қасына жоламай қашатынбыз. Кейін имамдардың айтуымен дінге бет бұрып, осы жолға түскенде жаңағы Тазабектердің айтқандарын іздейтін болдық. 

Кеңес кезеңінде қалыптасқан жағдайларға қарсы сөз айтып қалсаң, вахабист деп шықты. Арақ ішкен жерге бармаймын десең вахабитс дейді. Арақты ішпе деп тұрған Алла. Ешқандай вахабизм емес. Арақты жасап шығарған адам да, құйып отырған да, ішіп отырған да, араққа қатысты он адам болса, соның бәрі лағынеттелген.

Сондықтан арақ бар жерге бармауға тырысамыз. Бірақ арадағы қатынасты үзбес үшін ағайын-туғандардың тойын баруға тура келеді. Алланың кез келген тиған дүниесін айтып қалсаң сектант, жат боп тұрасың. 

Бұдан бөлек сырт келбетімззге қарап та вахабист, өзге ағым деген пікір қалыптасып қалған.

Сол түсініктен арылу үшін не істеу керек? 

Ол үшін сақал қойған адамдар шариғатқа сай өмір сүру керек. Баяғы хан, би, батыр бәрінде сақал болған. Бірақ қазіргі сақалдылар халыққа неге жақпай тұр? 

Өйткен қазіргі сақалдыларда жұмсақтық, мейірім, шын мұсылманға тән жанашырлық жоқ. Сақал қойған адамдар бөлек әлем болып, қатайып, зомби сияқты болып кеткен. Сақал қойған адам ең жұмсақ, анасы мен әйеліне мейірімді туған-туыстарымен жақсы қарым-қатынаста болуы керек. Сақал белгілі дәрежеде адамды күнәдан сақтайды. Мұсылманның бір сипаты тақия, сақал болатын болса, бүкіл мұсылманға сөз келіп қалмайтындай болу керек.

Балаларым ерте жастан басын сәждеге қойды деп қалдыңыз. Әлі намаз бен құлшылықтың мәніне жете алмаған балаларды намазға үйрету қаншалықты орынды? 

Балалар көргенін істейді. Оларға намаз оқуды үйретпейсің. Намаз оқып жатқаныңды көріп, өзі оқығысы келіп, істегеніңді қайталайды. Құлшылыққа үйрету — балаларды міндеттеу емес. Әке-шешесі істеу арқылы соған тәрбиелеу. 

Біздің билікке иманды, Құдайдан қорқатындардан гөрі, намаз оқымайтын, тез сатып алуға ыңғайлы адамдар керек сияқты деген едіңіз. Бізде билікте имансыздар отыр ма? 

Бұл біздің билікке қатысты айтылған сөз емес. Әлемдік жүйеде Қазақстан деген бір мүшесі ғанамыз. Әлемдегі саяси жағдайларды реттеп отыратын күштер бар, сол күштердің адамдарды азғыруда ықпалы болады. Біздің көзімізге көрінбейтін сыртқы саясат бізге әсер етіп жатыр. Ол үшін біздің билікте Құдайдан қорқатындардан гөрі қорықпайтын сатқындардың болғаны оларға жақсырақ деп сыртқы күштерді айтқан болатынмын. Мемлекеттік орындарда намазханалар жабылып, намазға тыйым салына бастаған кезде осыны айтқан едім. 

Діннің маңайындағы сауал болғасын, сұрай кетейік. Бірнеше әйел алуға қарсы емеспін депсіз, енді болашақ балаларыңызға жақсы ана болатын ана бар ма? Үміткер дегендей…

Үміткер деп айтатындай кастинг өткізейін деп жатқан жоқпыз (күліп). Мына заманда жар таңдау өте қиын. Кездесіп жатады. Кейде өмірдің соққысын алған, қиналып қалған қарындастарымызды көргенде, шіркін-ай, осыған бір қамқор болып, бір құбыламды түгендеп алсам ба екен деген ой келеді (күліп). Қамқор болуы үшін міндетті түрде жар қылып алу керек емес. Жалпылай айтқанда қазір дайын тұрған үміткер жоқ. 

Айнұрға құрдас ретінде көп қалжың айтасыз. Айнұрмен төрт құбылаңыздың бірін түгендемейсіз бе?

Жоқ, Айнұрмен мектеп қабырғасынан бері таныспыз. Өнерде де, өмірде де сыйласамыз. Отбасымызбен аралас-құралас доспыз. 

Төрт құбыламның төртеуі де түгел. Төрт құбыла дегенде міндетті түрде төрт әйел болуы шарт емес. Бір әйел төрт құбылаңды түгендеп отыруы мүмкін. 

 

Сұхбаттың жалғасы бар…
 

stan.kz