Балғынбек Имашев: Елбасы тек тілекші болып, кедергі келтірмеуін ғана қалар едім
Айтыскер ақын Балғынбек Имашев «Қасқа жол» бағдарламасына берген сұхбатында Елбасы, Путин, Лукашенко секілді президенттердің еңбегі еленуі тиіс екенін жеткізді.
«Біз тоталитарлық жүйені сынаймыз. Совет мемлекеттерінің көбісінде тоталитарлық жүйе әлі қатаң сақталған. Ресейде Путиннің билігіне наразы халық бар. Бірақ Путин болмаса, Ресей баяғыда тарап кететін еді. Путиннің мықтылығының арқасында тұр. Ол бізге дұшпан, бірақ азаматтың, тұлғаның тұлғалығын айту керек. Лукашенконы украиндер жек көріп жатқан шығар. Бірақ Лукашенко Украинаға лайықты президент болды деп сырт көзбен айта аламын.
Әрине, ереуілге шығып жатыр, қарсы болып жатыр. Ертең Қазақстанда да болуы мүмкін. Қырғызстанда да ереуіл болды. Бірақ қанша президент келіп жатса да, Ақаевқа жететін президент әлі келген жоқ қой. Ақаев сияқты жомарт, кең, әділ, ақкөңіл, әлі күнге дейін зерттеушілер зерттеп келіп, қырғыздар Ақаевтың заманындағыдай өмір сүрмепті дейді. Үнемі қорқыныштар, экономикалық қысым, басқа-басқа қиыншылықтардан өтіп келді. Назарбаевтың дәуірі бітті енді. Тоқаевтың дәуірі басталды деп жатырмыз. Бірақ ол кісі жаңағы саясатты жалғастырамын деп айтты.
«Бірдемені өзгертіп жіберемін, қопарып жіберемін, мына системаны битемін» деген жоқ. Осы көш әрмен қарай кетіп бара жатыр. Системаның өзгеруі керек, әрине. Елбасыға қазір көптеген адам наразы болып, әртүрлі айып тағып, «Шал кет» деп жатқанмен, ол кісіні мен қазақтың мықты бір ақсақалы, қазақтың билігіне Алланың бағымен келе салған адам. Өзінің миссиясын орындап кетті, енді бір жаңа миссиялардың, жаңа бір белестерге шығуы үшін сол кісі тек тілекші болып, кедергі келтірмеуін ғана қалар едім», — деді айтыскер.