«Баласы үшін бәріне шыдайды»: Ләйлә Сұлтанқызы Тұрсынбек туралы ойын айтты
Отандық танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы басы дауға қалған Тұрсынбек Қабатовқа қатысты өз ойын айтты. Ол бұл оқиғаның қызға моральдық-психологиялық тұрғыдан ауыр тиетінін айтып, оған алаңдаушылық білдірді.
Тележүргізуші белгілі әзілкештің перзентін қылмысқа итермелегеніне сенбейтінін ашық айтты. Ақпарат өкілі Тұрсынбек жариялаған видеодан соң, Telegram-каналында шулы оқиғаға қатысты өз ойымен бөліскен.
— Қыздың жеке куәлігін репост жасап, ары қарай тарату заңсыз әрекет. Моральдық, психологиялық тұрғысынан кибербуллинг жасалуда. Қыздың оны қалай көтеретінін ешкім білмейді. Құдай бетін ары қылсын, ертең ол қызға бірнәрсе болса кім жауапты? Танымал, не ақшасы бар адамдарды жек көру, жиіркенішті көрсету, өткенін қазбалау бұл комплекс пе, әлде жаңа тренд пе? Екінің бірі қазір сыщик, екінің бірі әділдік орнататын «патриот». Сот ісі жүріп жатыр, іс қаралып жатыр, құпиялылық қайда? Сабырлық танытып, екі тарапты тыңдау ше?
Қандай жағдай болмасын Тұрсынбек те жұбайы да біліп тұрып, қылмысқа қызын итермеледі дегенге сенбеймін!».
Тұрсынбек те Мөлдір де баласы үшін бәріне шыдайды. Оларға қазір барынша қызының көңілін аулау, интернеттен алыстату маңызды. Құдай қаласа, ертең ол қыз шетелге оқуға түсіп, елімізге керек мықты маман болады. Ертең мықты дәрігер болып, балаңызды өлім аузынан құтқарып қалса, сіз бүгін жазған «оңбаған, сорлы, өліп қал» деген сөздеріңізге өкінбейсіз бе? Әдемінің өмірге деген, адамдарға деген сүйіспеншілігі ешуақытта өшпесін деп тілеймін. Жақсы адамдар өте көп, — деп жазды Сұлтанқызы.