«Balapan» қырғыз балаларын қазақша сөйлетті
Қырғызстандағы балалар «Balapan» телеарнасын көріп, қазақша сөйлеп үйренген. Олардың қатарында қырғыз депутаты Нұржігіт Қадырбековтің қыздары да бар. Бұл туралы депутат Қырғыз Республикасының Жогорку Кенеш отырысында баяндаған. Ол тек қазақ тілінде сапалы контент ұсынатын «Balapan» телеарнасы қырғыз бүлдіршіндерінің айнымас серігіне айналғанын айтады. Сондай-ақ, депутат жоғары мінберде «Balapan»-ды негізге алып, қырғыз балалар телеарнасын да тек мемлекеттік тілдерінде, қырғызша көрсететін канал етіп өзгертуді ұсынған. Себебі, «Баластан» қазір қырғыз және орыс тілдерінде хабар таратады.
«Қазақстан» телеарнасының тілшісіне берген арнайы сұқбатында депутат қырғыз бүлдіршіндері сүйіп көретін «Balapan» арнасының қызметін жоғары бағалап, ондағы жобалар отбасылық құндылықтарды насихаттайтынын және бала пайымына лайықталып жасалғанын атап өтті.
«Balapan» – бұл ең мықты канал. Балалардың психологиясын еске алып даярланған. Контенті әбден бай. Жағымды. Тәлім-тәрбие, балаларға тарихты үйретіп отырған бағдарламалар бар», — дейді Нұржігіт Қадырбеков.
2010 жылы ашылған «Balapan» арнасын бүгінде Қазақстан аумағында жалпы есеппен 2 миллионнан астам абонент көреді. Осы уақытқа дейін телеарнада 302 тележоба, 21 телехикая және жалпы бөлім саны 3 мыңға жуық 103 анимациялық жоба жасалып, эфирден өткен. Айрықша атап өтерлігі, «Balapan» Kantar компаниясы жүргізетін рейтинг жүйесі бойынша отандық үздік 10 телеарнаның ішінде соңғы екі жыл қатарынан 7-орында тұр. Биыл да арнаның балаларға ұсынар базарлығы мол. Арна ұжымының айтуынша, эфирден шығатын танымдық, ойын-сауық бағдарламалар саны артады. Сонымен қатар, көрермен көзайымына айналған «Тоқты мен Серке» анимациялық жобасының жаңа сериялары жасалып жатыр екен. Биыл 100 жылдығы тойланып жатқан жезтаңдай әнші Роза Бағланованың және жарқ еткен майталман спортшы Бекзат Саттархановтың балалық шағына арналған әдемі мультхикаялар да жаңа маусымда эфирге шығады.